Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

«Әлеуметтік карта» әлеуетті арттыра ма?

666 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінде әлеуметтік даму картасы бойынша атқарылған жұмыстар бір төбе. Оның ішінде төменгі жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыру, көп балалы аналарды қолдау және 3 ауысымда білім беретін мектептерді азайту мен оқу жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қатысты бастамаларда ілгерілеу байқалады.

«Әлеуметтік карта» әлеуетті арттыра ма?

Атап айтқанда, «Әлеуметтік карта» аясында облыстағы кә­сіп­орындардың 100 мың жұ­­мыс­шысы мен бюджеттік ұйымдардың 102 мың қыз­мет­ке­рі және атқарушы салада еңбек ететін 3 500 адамның жалақысы өскен. Яғни 2019 жылы өңірдегі орташа айлық еңбекақы мөлшері 137 054 теңгені құ­ра­ды. Бұл көрсеткіш 2018 жыл­мен салыстырғанда 20,6 пайызға жоғары. Ал нақты өсім көрінісі 14,7 пайыз шамасында. Жалпы, аймақтағы ең жоғары жала­қы қаржы саласы мен сақ­тандыру қызметкерлеріне тие­сілі. Олардың айлығы – 211 241 теңге. Ал ең төменгі – 78 939 теңге жалақыны әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласын­да еңбек ететіндер алады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл әлеуметтік сала қызметкерлерінің жала­қы­сы көбеймек. Атап айтқанда, өңірдегі 60 мыңнан астам мұ­ға­лімнің жалақысы 25 пайызға, мәдениет, өнер, спорт және мұрағат саласындағы 5 мың қыз­меткердің жалақысы 30 па­йыз­ға артса, 3 800 дәрігердің ай­лығы 30 пайызға және 12 200 медбикенің табысы 20 пайызға өседі. Сондай-ақ облыстағы 3 100 әлеуметтік қызметкердің де жалақысына орташа есеппен 30 пайызға дейін үстеме қосылады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.

«Әлеуметтік картаның» бі­лім беру бағыты туралы айтқанда, 2019-2020 жылғы оқу жылында Алматы облысындағы білім беру мекемелерінің 1-сыныбына 50 мыңға жуық оқушы қабылданғаны еске түседі. Яғни бала санының күрт артуы мектептердегі оқу сыныптарының жетіспеуіне әкеліп, оқушылар 3 ауысымда білім алуға мәжбүр болып отыр. Қазір облыстағы 38 мектепте оқушылар 3 ауысымда оқып жатыр. Есеп бойынша 3 ауысымды мектептерді жою үшін бірден 21 оқу ошағын салу қажет. Оған 52 млрд теңге жұмсалады. Алайда құрылыс қарқын алған күннің өзінде мұнша мектепті пайдалануға беруге 2021 жылы ғана қол жетуі мүмкін. Ал биыл 6 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл тағы 3 мың оқушының еркін отырып білім алуына қолайлы жағдай туғызбақ.

Жалпы, биыл облыс аума­ғын­дағы мектеп-интернаттарды күрделі жөндеу мен білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 300 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл облыс мектептеріндегі бір­қатар мәселені шешуге мүм­кіндік бермек. Әсіресе өңір мектептерінде тәртіп пен қауіп­сіз­дікті сақтау бойынша сын көп. Қазір білім беру нысандарында 15 860 бейнебақылау құ­рыл­ғысы іске қосылған екен. Алайда камералардың дені ес­кір­ген. Көптеген құрылғы бір бағытты ғана бейнеге түсіреді. Оның жазбаларын қарап, сұ­рып­тап отыратын арнайы ма­ман тағы жоқ. Сол себептен де мектеп ішіндегі бала құ­қы­ның бұзылуы назардан тыс қалып жатады. Ал облыстағы үш жүзден астам мектептің дәретханасы ғимарат ішінде емес, аулада орналасқаны да ата-аналардың алаңдауына негіз болып отыр.

Облыстың әлеуметтік даму кар­тасы бойынша бөлінген бюд­жет қаржысының басым бө­лігі көп балалы отбасылар мен аз қамтылған әулеттердің жағдайын жақсартуға бағыт­та­лып отыр. Қазір Алматы облысында тіркеуде тұратын 43 мыңға жуық отбасында 4 және одан да көп бала өсіп келеді.

Ал жаңа жылдан бастап, облыс­тағы осынша отбасы жа­ңар­тылған бағдарлама бо­йын­ша атаулы әлеуметтік төлем алуды бастады. Бүгінде республикалық бюджеттен тө­ле­нетін мемлекеттік жәр­дем­ақ­ы 4 бала үшін – 42 496 теңге, 5 бала үшін – 53 127 теңге, 6 бала үшін – 63 757 теңге, 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге көлемінде берілуде. Сондай-ақ облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 83 мың баланы әлеуметтік қолдау мақсатында 3,7 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде мектеп жасына жетпеген 31 644 бала және мектеп жасындағы 52 681 ба­ланы киім-кешек, ыстық тамақ­пен қамту мен қоғамдық көлікте тегін жүруі үшін арна­йы әлеуметтік пакет жүзеге асып отыр.

Жалпы, облыстың «Әлеу­ме­ттік картасы» шеңберінде көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға 3,5 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, аталған қаржының игілігін 106 мың адам көрген екен. Оның ішіне көп балалы аналардың қаладағы коғамдық көліктермен тегін жүруі, мектепке дейінгі мекемелердегі төлемдерді субсидиялау, таби­ғи газ желісіне тегін қосу және жоғары оқу орындарында оқу үшін білім гранттарын тағайын­дау сияқты игі шаралар кіреді.

 

Алматы облысы