Аймақтар • 27 Қаңтар, 2020

Өнерліге өріс кең

1465 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы бейнелеу өнері мұражайының қаладағы №1 өнер мектебімен әріптестік негізде жұмыс істеп келе жатқанына он жылдың жүзі болады. Осы уақыт аралығында қарым-қатынастың керегесі кеңіп, мұның нәтижесі екі тарапқа да аса пайдалы болып отыр.

Өнерліге өріс кең

Таяуда аталған мұражайда «Ба­ла қиялындағы әсемдік сыры» ат­ты көрме ашылып, оған өнер мек­тебі оқушыларының 500-ге тарта композиция, пленарлық этюдтер, кескіндеме, графика және мүсін түріндегі туындылары қойылды.

– Бұл көрме бір жылғы жұмыстың есебі іспетті және ол жыл сайын өтіп тұрады. Мұнда барлық сынып оқушыларының суреттері, сон­дай-ақ түлектердің дипломдық жұмыстары жинақталған. Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, – дейді Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының жетекшісі Бибігүл Құдабаева.

Мұндай көрмелер 4-тен 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді шығармашылық қабілеттерін дамы­туға ынталандырып, бейнелеу өнері саласында дарынды өрендерді анық­тауға көмектеседі деген пікір айтады мұражай қызметкерлері.

Көрмедегі туындылардың ба­сым көпшілігі туған өлке, салт-дәстүр мен ұлттық мәдени құн­дылықтарды та­қырып негізінде арқау еткен. Со­нымен қатар мұн­да сурет салудың академиялық тәсілдерімен бірге батыл эксперименталды техника қол­данылған жұмыстар да жеткілікті.

Аталған көрменің аясында бей­нелеу өнері мұғалімдеріне арнал­ған «Шығармашылық идеялар фести­валі» атты облыстық семинар-практикумын өткізу де жоспарда бар.

 2

ҚАРАҒАНДЫ