Саясат • 27 Қаңтар, 2020

Ғылыми жарияланымдарға талап күшейеді

1009 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеумет­тік желідегі жазбасында отандық ғылым саласында қабылданған негізгі нормативтік-құқықтық актілер, атап айтқанда, ғылымды қаржыландыру және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізу ережелері, Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) ережесі мен құрамының қайта қаралуы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеген болатын.

Ғылыми жарияланымдарға талап күшейеді

Қысқа қайырғанда, сала басшысы ҰҒК жұмысын жаңғырту, ғылымды мем­лекеттік қаржыландырудың тиім­ділігін арттыру, мемлекеттен тыс қаржыландыру үшін ғылымның тартымдылығын арттыру, ғылыми кадрларды даярлау сапасын түбегейлі арттыру сынды негізгі бағыттарды жетілдіру керегін жеткізген-ді. Яғни, ҰҒК құрамын қалыптастыру процесі түбегейлі қайта қаралды, оның мүшелеріне қойылатын талаптар да қатаңдатылды. Бұдан былай кандидаттарды ҰҒК құрамына іріктеген кездегі басты талап – ғылыми жарияланымдары­ның сапалы болуы. Сонымен бірге ҰҒК қызметінің ашықтығы үшін нақты кри­терийлері бар және ұпай қойылатын ашық дауыс беру енгізілді. Бұған дейін ғылымға арналған конкурстар 3 жылда бір рет өткізілсе, енді конкурстар жыл сайын өткізіліп, жобаларды іске асыру мерзімі 3 жыл болмақ.

Министр ғылымды дамыту туралы жазбасының жалғасында ғылыми кадрларды даярлауды жетілдіру және академиялық ортаны жақсарту жөніндегі кейбір шараларға тоқталды. Ведомство басшысының жазуынша, бірінші­­ден, ғылыми қызметтің негізгі нәтиже­лерін жариялау үшін Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсын­ған ғылыми басылымдардың тізбесіне кон­тент­тің жоғары сапасын қамтамасыз ете алмайтын белгілі бір өлшемдер бойынша іріктелген 177 отандық басылым кіреді. «Осыған байланыс­ты, біз Scopus және Web of Science сияқты деректер қорының талаптарына сәйкес осы журналдарға қойыла­тын талаптары­мызды бейімдеу бойынша жұмысты бас­тадық. Бұл мысалы, қосар­ланған жасырын рецензия­лау, анық редакциялық саясат, қабыл­данған мақалалардың журналдың тақы­рып­тық бағытына сәйкестігі, шетелд­ік рецензенттер, барлық жариялау үр­дісінің транспаренттілігі, күшті ре­дак­циялық алқа, авторлық құқықты қорғау және т.б. Осы талаптар 1-1,5 жыл ішінде кезең-кезеңмен осы тізбеге кіре­тін бар­лық отандық ғылыми журнал­дарға қолданылады. Осы орайда басылым­дардың саны қысқарады деп күтілуде, сапалы контент үшін бәсекелестік артады және бұл жалпы алғанда, халықара­лық деңгей­дегі ғылыми басылымдарды шы­ғарудың кәсіби академиялық мәде­ниетін қалыптастыруға қызмет етеді» дейді А.Аймағамбетов.

Екіншіден, министрлік Scopus және Web of Science халықаралық базалары­ның қатарына енуі тиіс бірқатар ғылыми журналдарды қаржылық қолдауға конкурс жариялауды жоспарлап отыр. Үшіншіден, министрлік сұранысқа ие емес «әлсіз» журналдарда мақалалардың көп жариялануына қарағанда, беделді журналдарда сапалы жарияланымдар­дың аз шыққаны жақсырақ деген ұста­ным­да. Дегенмен, бар ерекшелікті ес­кере отырып, әлеуметтік-гу­манитар­лық ғылымдардың даму дең­гейіне сәй­кес келетін гуманитарлық және әлеу­мет­тік мамандықтар үшін жекелеген талап­тар қалыптастырылатын болады. Төртіншіден, Диссертациялық кеңес туралы үлгілік ережеге Диссертациялық кеңес мүшелеріне қойылатын талаптарды арттыру жөніндегі жаңа норма енгізіледі. Кеңес мүшелерінің кемінде 2/3 бөлігінде Хирш индексі мен рецензияланатын халық­­аралық ғылыми журналдарда ке­мін­де 3 жарияланым болуы тиіс. Әлеу­мет­тік-гуманитарлық бағыттар үшін бұл көр­­се­ткіштер төмен болады. Сондай-ақ ма­гистр­лік және док­торлық диссертация­лар жетек­ші­леріне қойылатын талаптар да өзгереді. Мәселен, докторанттан бе­делд­і журналдарда жарияланым талап етілсе, онда ғылыми жетекшінің де осындай жар­ия­ланымдары болуы тиіс. Қазіргі уақыт­та іс жүзінде тиісті талаптар жоқ. Министр­дің жазуынша, академиялық адал­дықты дамыту, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұ­нын жаңғырту, магистратура мен докто­рантураға қабылдау, постдокторантура институтын дамыту және т.б. мәселелер алдағы уақытта жарияланатын болады.