Қазақстан • 27 Қаңтар, 2020

«Астана Балет» театрының үздік қойылымдары Алматыда салтанат құрады

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Балет» театры алдағы күндері Алматыда ең үздік қойылымдары мен жаңа премьераларын паш етеді. Шығармашылық ұжымның гастролі Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы аясында, 19-23 ақпан аралығында Абай атындағы МАОБТ сахнасында салтанат құрады.

«Астана Балет» театрының үздік қойылымдары Алматыда салтанат құрады

Алғашқы күні труппа өзінің негізгі бағытын – неоклассика мен заманауи хореографияны үш бір актілі балет арқылы ұсынады. «Astana Ballet presents» бағдарламасына Джордж Баланчиннің«Concerto Barocco»,Р.Ребектің«A Journey of  Memory» және Н.Фонтенің «Love’s Lost Idols» туындылары енген.

Ал 21-23 ақпанда «Күлше қыз» балетінің алматылық премьерасы өтеді. Сергей Прокофьевтың ғаламат музыкасы, ауқымды декорация, ғажайып костюмдері баршамызға бала кезден белгілі. Хореограф Надежда Калинина сәтті спектакльдің сюжеттерін бір арнаға тоғыстыра келе, ұтымды әзілді қолдана отырып, ересектер мен балалардың көзайымына айналған ертегі-балетін жасады.

Екі көріністі балет Абай атындағы МАОБТ сахнасына ыңғайланып, ықшамдалды. Бірақ, спектакль авторлары балеттің бірде-бір ғажайып деталі ұмыт қалмайтынын, алматылықтар бұл спектакльдің ғаламатын сезіне алатынын айтады. Күлше қыз партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен, Назерке Аймұхаметова, Дарина Қайрашевалар орындаса, Ханзаданы Қазбек Ахмедияров, Сүндет Сұлтанов және Фархат Бөриев сомдайды.

«Сөз жоқ, Алматыда өнер көрсету зор жауапкершілік жүктейді. Себебі, болашақ кәсіби мамандар Алматыдағы балет мектебінен түлеп ұшады. Мұнда біздің ұстаздарымыз қызмет етеді. Туған-туыстарымыз да осында тұрады. Бұл қаланың көрермені де ерекше – зерделі, талғампаз әрі зиялы» дейді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

Сонымен қатар көрермен назарына балет әлеміндегі зор сұранысқа ие фотосуретші Алексей Кривцовтың фотокөрмесі ұсынылады. «Астана Балет» театрымен бірлесе жасаған жұмыстары, балерина мен бишілерге өзге қырынан, кейде тіпті, тосын ракурстан қарауға мүмкіндік береді. Бұл көрменің әр фотосуреті – балет ғаламаты мен бишілердің шеберлігін әспеттейтін, қазақстандық балеттің ерекшелігін, соның ішінде, әр әртісті даралайтын нағыз өнер туындысы.

Орайы келіп тұрғанда, «Астана Балет» 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын айта кету керек. Театрдың бөлек ғимараты 2016 жылғы 10 желтоқсанда пайдалануға берілді.

Сахнаны трансформациялау үшін жылжымалы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады. Сахна төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған. Жарық беру кешенінде дәстүрлі театр қондырғылары және жүйелерімен қатар, осы саладағы соңғы инновациялық жаңалықтар қолданылған. 800 жарық жабдықтары орнатылып, соның арқасында көркемдік жарықты жоғары сапада жасау мүмкіндігі бар. 

Театрдың алғашқы концерті 2013 жылдың шілде айында көрсетіліп, жаңа шығармашылық ұжымды көрермен қауым жылы қабылдағаны байқалды.

Театрдың түрлі жанрдағы репертуары әлемдік және отандық шедеврлермен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып келеді. Осы репертуарда 22 спектакль бар. Соның ішінде, «Махаббат туралы аңыз», «Серенада», «Жизель», «Шерткіш», «Саломея» және т.б. Сонымен қатар, екі концерттік бағдарлама да бар: «Astana Ballet Gala» және «Ұлы Дала мұрасы».