Бағдарламалық мақалада айтылғандай, ақын мұралары ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен насихатталғаны дұрыс. Бұл орайда елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт, Сыртқы істер министрліктерімен және шет мемлекеттердің бірнеше елшілігімен бірлесе отырып «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу жобасын қолға алды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының бастамасымен жүзеге асып отырған игі шара ең алдымен еуропаның ең көне де көрікті қалаларының бірі Прагада, Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада басталды.
Орталықтың тұсаукесер рәсіміне Чехияның бірқатар зиялы қауым өкілі, елшіліктің лауазымды тұлғалары, сондай-ақ, елімізден барған бір топ делегация қатысты.
Шараның шымылдығын Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Тәжин ашып берді.
«Біз Абай атамыздың мерейтойын мемлекет аясында ғана емес, шет елдерде де насихаттауды қолға алып отырмыз. Бұл ретте Чех ұлттық кітапханасына ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар елімізден келген үлкен делегацияға алғыс айтқымыз келеді. Абай өлеңдеріне, қара сөздеріне, деректі құжаттарға, аудио, видео материалдарға толы үлкен орталық Абай тағылымымен қоса қазақ ұлтының да дәстүр-салты мен әдеп-ғұрпынан көп ақпарат береді. Үш айдың аясында Абаймен байланысты тарихи-мәдени қарым-қатынас екі ел арасында айрықша арта түседі. Біз Алтын Прагадағы барлық досымызға рахмет айтамыз» деді елші Марат Тәжин.
Елімізден барған делегацияның өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те салтанатты шараға арнайы қатысып, жаңа орталықтың әдеби-мәдени маңызына ерекше тоқталып өтті. Өз сөзінде ақын Ұлықбек Есдәулет осы іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді.
«Әр ұлттың туына, мөріне айналатын тұлғалар болады. Солардың бірі – Абай хакім. Біз Абай арқылы өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды байытып келеміз. Еуропа төрінде Абай тағылымы қанат жайған бұндай шаралар жаңа ұрпаққа үлкен өнеге сыйлайды» деді ақын Ұ.Есдәулет.
Жүрекжарды лебізінен кейін Жазушылар одағының төрағасы Чехия ұлттық кітапханасының директоры М.Косандро мен Чехиядағы елші Марат Тәжинге биыл Алматы қаласында басылып шыққан «Абай» атты ерекше күнтізбені сыйға тартып, Мартин мырза мен Абайдың қара сөздерін чех тіліне тәржімалап жатқан кинорежиссер, драматург Владислав Куичектың иығына шапан жапты.