Үкімет • 27 Қаңтар, 2020

Ақтоты Райымқұлова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен кездесті

164 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Мәдени саясат жөніндегі кеңес пен Мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтоты Райымқұлова Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен кездесті

Жиынға мемлекет және қоғам  қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков, қоғам қайраткері, Nur Otan партиясы республикалық қабылдауының консультанты Ауыт Мұқибек, қоғам қайраткері, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазыбек Иса, жазушы, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдік, профессор, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев және тағы да басқа Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен қатар мәдениет және спорт қайраткерлері, мүдделі қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне осынау кездесуге келгендері үшін алғыс айтып, ұлын ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Биылғы жыл қазақ руханияты мен мәдениеті үшін елеулі жайттарға толы болғалы тұр. Алдағы уақытта Абай Құнанбайұлының 175, ғұлама ойшыл әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойы аясында ауқымды жұмыстар атқарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бұл бағыттағы ескертпелерді негізге алып, ысырапшылдыққа жол бермей, іс-шараларды тиянақты өткізуге тырысамыз. Бүгінгі баяндамаларға қатысты Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға дайынбыз» деді министр.

Басқосу барысында Мәдениет және спорт министрлігінің атынан – «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметі мен мақсаты, 2020 жылға арналған жоспарымен жоба кеңсесінің жетекшісі М. Камзолдаев баяндама жасады.

Марат Болысбекұлы Мемлекет басшысы айтқан «Еститін мемлекет» бағдарламасы аясында «Адалдық алаңы» жобасы құрылып, сыбайлас-жемқорлық пен пара беруге қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ғалымжан Мелдешов қазақ тілінің латын графикасына кезең-кезеңімен көшу мәселелеріне арналған баяндамасында қазір әлеуметтік желіде «министрлік келіп түскен 8 нұсқаның ішінен бірін таңдап алады екен» деген ақпарттың жалған екенін жеткізді.

«Шындығында бізге 30-ға жуық нұсқа келіп түсті. Әрқайсысының ғылыми сараптамасын жасап, талқығы салып, мүмкіндігінше жауап беріп келеміз. Айтылып жүрген 8 нұсқа деген жаңсақ пікір. Біз сол 8-ін жеке-жеке сүзгіден өткіздік, оның ішінен таңдап алатын бірде-бір нұсқа жоқ. Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияға қарасты 4 жұмыс тобы бар. Әр топта белді деген ғалымдармен келісе отырып, ортақ нұсқаны әзірлеп, ұсындық. Дегенмен әлі де жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр» деді. 

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Қазыбек Иса тіл мәселесіне бұл жолы да бейжай қарауға болмайтынын өткір айтып, «Қоғамдық орындардағы барлық жарнамалық материалдар түгел латын әліпбиінде жазылуы керек» деді.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Мемлекет басшысының алға қойған міндеті негізінде бұқаралық спортты дамыту бойынша жасаған баяндамамасында әр өңірде қолға алынып жатқан жобалармен таныстырды.

Осы мәселе бойынша жазушы Төлен Әбдік пікірін білдіріп: «Біздің студент кезімізде «Спартак», «Зенит», «Қайрат» секілді спорт клубтары бар еді. Біз осы клубтарға барып спортпен айналысатын едік. Қазіргі жастарға ондай мүмкіндіктер қарастырылған ба?» - деп сауал тастады.

Тиісті мемеме басшысы С.Сәпиев биыл «Жүз спорт зал» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асатынын, сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы осыған дейін спорт кешендерін салғанын айтты. Әрине, бұл бастама әлі де қолдау табатынын тілге тиек етті Серік Жұманғалиұлы.

«Тарихи-мәдени» мұра обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңын қабылдаудың негізгі баптары мен Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова тарқатып айтты. 

«Елдегі туризмді қолдап, сол арқылы Қазақстанды әлемге таныту туралы Елбасы үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда Ұлытауда сапар орталығы құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орданың 750 жылдығы министрліктің кешенді жоспарында тұр» деді А.Райымқұлова.

Кездесу соңында айтылған ой-пікір, ұсыныстарды қорытындылай келе Мәдениет және спорт министрі алқалы басқосуға қатысушыларға алғыс айтып, алдағы уақыттарда да осындай отырыстар тұрақты түрде өткізіліп тұратынын жеткізді.