Спорт • 27 Қаңтар, 2020

«Тур Даун Андер» көпкүндігінде «Астана» велоспортшысы үздік үштікке енді

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Австралия тас жолдарында велоспорттан биылғы жылдың алғашқы жарысы аяқталды. Дәстүрлі «Тур Даун Андер» көпкүндігінің соңғы алтыншы кезеңінде «Астана Про Тим» командасының спортшысы Мануэль Боаро көзге түсіп, үздік үштіктен көрінді.

«Тур Даун Андер» көпкүндігінде «Астана» велоспортшысы үздік үштікке енді

151 шақырымға созылған жарыста Қазақстандық команданың өкілі Луис Леон Санчес те белсенділік байқатты. Алайда испан жігітін мәреге бірнеше шақырым қалғанда қалың топ қуып жетті. Ал, Боаро үздік үштіктегі орнын сақтап қалды. Италиялық велоспортшы мәре сызығын үшінші болып кесті. 6-кезеңде британиялық Мэтью Холмс жеңімпаз атанды. Ол Австралиялық Ричи Портты басып озды. «Тур Даун Андер» көпкүндігінің жалпы есебінде Порт топ жарды. «Астаналықтар» арасынан Омар Фраиле үздік нәтиже көрсетіп, 17-орыннан көрінді.  Австралияда теннистен биылғы жылдың алғашқы үлкен шлем жарысы қыза түсті. Жекелей сындағы ойындарда Қазақстандық спортшылар жарыстан шығып қалды. Енді жұптық сындағы сайыстарға көз тігеміз. Михаил Кукушкин мен Александр Бублик жұбы ширек финалға шықты. Қазақстан теннисшілері үшінші айналымда Америкалық Сэм Куэрри мен Стив Джонсоннан басым түсті. Есеп: 6:4, 6:2. Енді жерлестеріміз жартылай финал жолдамасын Джеймс Дакворт - Марк Полманс жұбымен сарапқа салады. Ерлер арасындағы жекелей сында Австралия ашық біріншілігінің қазіргі чемпионы Новак Джокович жарысты жалғастырады. Сербиялық теннисші Аргентиналық Диего Шварцманның осал тұсын тапты. Енді ол ширек финалда Канадалық Милош Раоничпен кездеседі.