Қоғам • 28 Қаңтар, 2020

Көше бойындағы мәдениет

371 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ата-бабаларымыздың байырғы ырым-тыйымын ескерсек, қазақ түнде үйден күл шығармаған, себебі күл төгілген жерді басуға болмайды, түрлі жамандық атаулы күлмен бірге көшеді, күлден шыққан жамандық адамның өзімен бірге үйіне ілесіп барады деп сақтандырған.

Көше бойындағы мәдениет

Күл түгілі атам қазақ отты шашпаған, аттамаған, баспаған, отқа түкірмеген, су құйып өшірмеген. Бұрыннан санамызға сіңіп қалған осы наным-сенімдерді күнделікті өмірде кейде ескере бермейтініміз, қаперге ілмейтініміз жаман. Бұлай деуімізге «Егемен Қазақстан» газеті» көшесі бойындағы Кенесары мен Иманов көшелерінің арасында орналасқан жер үйлердің тазалыққа салғырттығы себеп болып отыр. Жаяулардың жалғыз аяқ жолын от жағатын жер үйлердің күл-қоқысы жауып жатыр. Көптен бері тазаланбай үйіле бергендіктен айналасына жайыла түскен күлді баспау үшін жаяу жүргіншілердің амалсыздан кейде асфальт жол арқылы өтулеріне тура келеді. Алайда, әрі-бері зулаған көлік нөпірі күлді айналып өтуге мұрша бере қоймайды. Жол ережесі бойынша бұл жаяу жүргінші өміріне аса қауіпті, сондықтан көліктерден жол кезегі жеткенше күтіп тұруға мәжбүр. Себебі қаңтар айында жауған қардың көптігі тротуар түгілі асфальт жолдардың жиегін түгел көмкеріп, тұрғындардың діттеген жеріне қиналмай жетуі мұңға айналды.

Мұндайда ұлан-байтақ даланы көз қарашығындай қорғай білген қазақтың жерді не үшін Жер-Анаға балап, барынша аялап қастерлегені терең ойға батырады. Өкінішке қарай, кейінгі кездергі кейбір дерек көздері Жер-Анаға деген сол құрметіміздің тым құлдырап, мейіріміміздің азайып кеткендігін көрсетеді. Біздегі 22 млрд тонна қалдықтың 96 миллион тоннасы қатты тұрмыстық қалдық көрінеді. Бұл статистикалық мәлімет бойынша есепке алынғандары ғана, ал тау-тау болып үй түбінде үйіндіге айналып жатқан күл-қоқыстар қаншама?! Ендігі уақытта мұны тұрғын-үй коммуналдық қызмет көрсету саласы мамандары, тұрғындар елеп-ескеріп, адам аяғы бас­пайтын жерден күл төгетін арнайы орынды белгілеуі тиіс деп есептейміз.

Жол бойларына, балаларға арналған аулаларға көз тіксеңіз, көңіліңіз құлазитын неше түрлі жайтқа тап боласыз. Пластмасса құтылардың ғалымдар – 500 жыл, ал кәдімгі полиэтилен пакеттердің 200 жылдан астам уақытқа дейін шірімей жатып алатынын айтып жатыр. Қалайы қалбырлар мен шыны-шишалар Жер-Ананы түбегейлі ластап, топырақты нәрінен, ылғалынан айырып, тоздырады екен... Мұнан асқан сорақылық бола ма?! Соның бәрі адам баласының қолымен жасалуда, табиғатты, айналасын аяламаудан туын­дап отыр. Сонда да бұл жанайқай ешкімнің миы­на кіріп-шықпайтын сыңайлы. Жасқа да, жасамысқа да бәрібір. Үлкендер кейінгілерге ақыл-кеңесін айтып, жөнге сала ма десеңіз, өздері солардың деңгейіне төмен сырғып түсіп кеткен. Өмірге жаңаша көзқараспен қарайды-ау деген жастардың өзі бейқам. Кімнен үміт күтесіз?! Ал дамыған елдер күл-қоқыстан көл-көсір табыс тауып отыр деп естиміз. Швецияда қоқыс қалдықтарын электр қуаты ретінде пайдаланса, Германия, Жапония, АҚШ сияқты алып елдердің қалтасына күл-қоқыс арқылы миллиондап табыс кіріп жатыр дейді. Мұндай сәтте Қазақстан да солардан кейін қалмай, алға ұмтылса, озық елдерден үлгі алып, үйренсе деген сәулелі ойдан самала нұр тарайды.

Бүгінде эколог-мамандар республика аумағындағы қоқыс шамадағы мөлшерден тым көбейіп кетті деп дабыл қағуда. Оның тек 5 пайыздайы ғана өңделіп, ал қалғаны жер қойнауына жайылып кетеді дейді. Күл-қоқысты өңдеп, пайдаға асырмақ тұрмақ, бізде ауладағы қоқыс жәшіктерді күнделікті тазалаудың өзі проблема. Жер үйлерден шығатын күлді қайда төгерімізді білмей, қауқарсыз күйде отырғанымыз тіпті ұят нәрсе. Сайып келгенде, осының бәрі адамдардың мәдениетіне келіп тірелері сөзсіз. Қала тұрғындарының ұқыпсыздығынан айнала ластанып, зардабын өзіміз тартудамыз. Аялдаманың айналасынан мәдениетіміздің қай деңгейде екенін, қоршаған ортаны, табиғатты қалай «сүйіп, аялайтынымызды» көруге болады. Жер-жерде шашылып жатқан күл-қоқыстан көңіл құлазиды. Демалыс күндері көшеге серуендеп шыға қалсаңыз, пістенің қабығын, сусыннан босаған құтыларды оңды-солды шашып, түкіріп отыратын жастарды көзіңіз шалып қалады. Бұл ішкі мәдениеттің жұтаңдығынан, тәлім-тәрбиенің босаңсып кеткендігінен. Осылардың жанынан үн-түнсіз өтіп кете баратынымыз тазалыққа, көше мәдениетіне салғырттығымыз емей немене? Көше тазалығына деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертпесек, одан жаман сорақы әрекеттер бой көрсете бермек. Ал мұндай келеңсіздік кең етек жаймас үшін әр тұрғын өзі мекендейтін ортаның тазалығына мүдделі болуға тиіс. Өйткені қаланың ғажайып келбеті, әсіресе, тазалығы халықтың мәдениетіне тікелей байланысты. Көше мәдениеті дамығанда ғана ізгіліктің ілгері ізі аңғарылады. Қысқасы, Жер-Анаға қиянат жасамау, ортамызды, көшемізді таза ұстау – адамдық һәм азаматтық бейнеміздің айнасы.