Оған Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов, Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Мэдсен, Мәжіліс депутаттары Меруерт Қазбекова және Айзада Құрманова, халықаралық сарапшы Алекс Михайлов (Болгария), Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымова қатысты.
– Аймақтардың дамуы ең алдымен тұрғындардың әлеуетін арттыру мен олардың тұрмысын жақсартуға бағытталуы тиіс. Азаматтық қоғамды өзін-өзі басқаруға тарту – ашықтық принципін қалыптастыруға негіз болады. Сондықтан жүзеге асқан бұл жобалар аса маңызды және аймақтардың дамуына, жергілікті өзін-өзі басқаруға айтарлықтай үлес қосады. Біздің тарапымыздан да бұл бағытта бірқатар жұмыс жүргізілуде. Әлемдік тәжірибе аңғартып отырғандай, мемлекеттік ұзақмерзімді жоспарлау, әлеуметтік-экономикалық деңгейді жоғарылату – дамудың сапалы болжамымен қатар жүруі қажет, – деді Е.Алпысов.
Оның айтуынша, өткен жылы қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейінгі елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының жаңа болжамдық үлгісін бекітті. Ол өз кезегінде мемлекеттің басқарылатын урбандалу картасына айналады.
2025 жылға дейінгі аймақтарды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Осы күні урбандалу процесі дүниежүзілік дамудың негізгі трендіне айналғандықтан, бұл бағдарлама өзіндік өсім нүктелерін дамыту арқылы сапалы урбандауға бағытталған. Е.Алпысов ел аумағында мұндай 38 урбандалған аймақтың назарға алынғанын жеткізді. Соның ішінде 4 ірі агломерация, 14 ірі қала және 14 урбандалған аймақ (шағын қалалар, моноқалалар, ел шекарасы аумағында орналасқан қалалар), тірек ауылдар бар.
Мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру қалалық инфрақұрылымды, ірі қалалар маңын, моно және шағын қалаларды, шекара бойындағы елді мекендерді дамытуға бағытталады. Урбандалу деңгейі қазіргі 58,2%-дан 2025 жылға дейін 62%-ға артуы тиіс.
Бұл ретте ауылдық аумақтарды дамыту барысы да назардан тыс қалмайды. Тұңғыш рет бағдарламаға «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы енгізілді. Ал ауылдық инфрақұрылымды модернизациялау жұмыстары өткен жылы басталды. Жоба шеңберінде даму әлеуеті бар деп бағаланған 3500 тірек, серіктес және шекара аумағындағы ауылдар айқындалды. Онда шамамен 7 млн адам (елдегі жалпы ауыл тұрғындарының 90%-ы) тұрады.
Е.Алпысовтың айтуынша, өткен жылы ірі 53 ауылда 520 жоба жүзеге асыпты. Аталған ауылдарда 73 мектеп, балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорттық нысан жөндеуден өтті. Сондай-ақ 500 шақырымнан астам жол, 35 шақырым су және өзге де инженерлік желілер жөнделіп, құрылысы қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
Осылайша 2027 жылға дейін әлеуеті бар деп іріктелініп алынған 3500 ауылды жаңғырту жұмыстарына 900 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Бұдан бөлек, тірек ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сынды өзге мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған қаржыны бағыттау көзделуде.
«Агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту», «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары, түрлі аймақтық бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті қолдау мен ауыл тұрғындарын тиімді жұмыспен қамту мәселелері жалғасын табады. Осы күні аумақты дамытудың жаңа форматтағы бағдарламасын әзірлеу жұмысы белсенді жүруде. Жаңа форматта индикаторлар көлемі азайып, аймақтың қауіп-қатерлер картасы, өзіндік ерекшелігі ескеріледі. Нақ сол аймақ тұрғындарының түйткілді мәселелерін анықтап, түйінін тарқатуға күш салынады.
Аймақтық дамытудың негізгі элементтерінің бірі – жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту. 2020 жылдан бастап 2356 аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттер мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Қанатқақты жоба 2018 жылы басталып, 1055 ауылдық округті қамтыды.
Қазіргі таңда Қазақстанның бюджеттік жүйесі толықтай 4 деңгейлі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін қалыптастырудың негізгі мақсаты – жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дербестік деңгейін жоғарылату, жиындар, кездесулер, басқосулар арқылы әр тұрғынның пікірін ескере отырып, жергілікті мәселелерді шешу. Бұл процеске аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдар мен кенттердің тұрғындары жұмылдырылмақ.
– Өткен жыл қорытындысы бойынша, қанатқақты жоба аясында қамтыған 1055 ауылдық округтің жалпы кірісі 163 млрд теңгеге жетті. Соның 20%-ы (33 млрд теңге) – дербес кіріс саналады. 2018 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 14%-ға артты. Осылайша ауыл тұрғындары бюджет қаражатын, жиналған қаржыны қайда бағыттау керектігін (балалар ойын алаңын орнату не болмаса жол жөндеу, тағы басқа) өздері шешетін болады, – деп түйіндеді Е.Алпысов.
Аталған қос жоба ауылдық елді мекендерде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа механизмдерін енгізуге және шешім қабылдау процесіне тұрғындарды қатыстыруға бағытталды. Осылайша жобаларды қорытындылау конференциясында негізгі нәтижелер айтылып, инклюзивті даму жоспарларын жүзеге асыру және ауыл кәсіпкерлерін қаржылай қолдау барысындағы мәселелер талқыланды.
– Біз осы жобалар арқылы Қазақстандағы азаматтық қоғам мүмкіндіктерін арттыруға қосқан үлесімізді мақтан тұтамыз. Бұл жобалар жергілікті билік пен жергілікті қоғамдастыққа өзара даму басымдықтары мен өмір сапасын жақсарту бойынша ортақ түсінікке келуге ұйытқы болды. 2015 жылы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың қарқынды дамуына жол ашты. Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билік азаматтық қоғаммен сындарлы сұхбат құруға мүдделі екенін айтты. Қоғамның қатысу процесін дұрыс жүргізген жағдайда барлық тараптарға нақты пайда әкелетіні сөзсіз, – деді Й.Мэдсен.
Осылайша «АРГО» Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы», «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» ЗТБ, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау қоры», «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» ҚҚ және «ЭКОЦЕНТР» Қарағанды облыстық экологиялық орталығы тарапынан жүзеге асырылған қос жобаның жалпы бюджеті – 928 412 еуроны құраса, оның 832 570 еуросын Еуропалық одақ өз мойнына алып қаржыландырды.
Нәтижесінде 23 қанатқақты жобаға қатысты ауылдардың инклюзивті жоспарлары жасақталып жүзеге асырылды. Жергілікті маңызды мәселелерді шешу бойынша 90 қоғамдық талқылау өткізіліп, 23 ауыл кәсіпкеріне жалпы сомасы 32 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Қаржылай қолдау алған кәсіпкерлер ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бюджетті толықтырып, өз бизнестерін сәтті жалғастыруда.