Медицина • 28 Қаңтар, 2020

МӘМС: атқарылды көп іс

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында тұрақты тіркеуде тұрған 2 048 680 адамның 85 пайызы, яғни 1 738 679 тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы есебіне кіреді. Ал жыл басындағы есеп бойынша облыста жиналған МӘМС жарнасы 11,2 млрд теңгені құрады.

МӘМС: атқарылды көп іс

Жалпы, міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру тізім­іне енген 1 183 425 адам мін­дет­ті төлемнен босатылған әлеу­­­меттік санатқа жатса, 474 514 адам жалдамалы жұмыс­шы­­лар қатарына кіреді. Ал МӘМС бағдарламасына қаты­сушылардың тағы бір қалың шо­ғырын жеке кәсіпкерлер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін тұлғалар құрайды. Олардың саны – 50 088 адам. Сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем жүйесі бойынша жарна аударғандар саны да 30 652 адам шамасында. Ал облыс көлемінде МӘМС бағдарламасына қосыл­маған 26 650 адам қалып отыр.

Жаңа жүйе бойынша жүргізі­летін жұмыс аясында облыс­та медицина мекемелерін оң­тайландыру аяқталды. Бұл үрдіс бұған дейін мемлекеттік қа­зыналық кәсіпорыны нысанында қызмет көрсетіп келген ауруханаларды шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындарға айналдыру мен тұрғын саны аз елді мекендердегі емдеу орындарын аудандық деңгейдегі емханаларға қосу жолы арқылы жүзеге асқан. Атап айтқанда, енді Талдықорған қаласында және Талғар қаласында  екі ірі наркологиялық диспансер бірік­тіріліп, бір орталықтан бас­­қарылатын болса, осы екі қа­ладағы туберкулезге қар­сы күрес диспансерлері де оңтай­ландыру жолымен қосылды. Ал бұған дейін жеке емдеу ме­кемесі болып келген Қаске­лең қаласының жұқпалы аурулар ауруханасы Қарасай ауданының орталық ауруханасына берілсе, Жаркент қаласы мен Есік қаласындағы перзентханалар да аудандық ауруханаға бағынышты болды.

Бұған қоса облыстағы төсек саны 29 орынға жетпейтін барлық ауылдық ауру­ханалардың мәртебесі алынып, аудандық ауруханаларға қосылған. Ал жалпы саны 237 болатын дәрігерлік амбулаторияның жиырма төрті алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету орталықтары болып қайта құрылса, тұрғын саны 1 500 адамнан асқан елді мекендердегі 49 фельдшер-акушер пункті мен 13  медицина пункті дәрігерлік амбулаторияға айналған екен.

Сондай-ақ аймақтың медици­на ме­ке­мелері «Sagtandyry» орталық­тан­дырылған жүйесіне қосылып жатыр. Жақын күндері бұл жұмыс аяқталады. Осы жүйе «Міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру» қо­ры бойынша жүзеге асатын қар­жылық төлемдерді нақты әрі қысқа мерзімде төлеу үшін қол­данылмақ. Бүгінде бұл міндет те то­лықтай орындалды деуге болады. Атап айтқанда, облыстық, аудандық деңгейдегі мекемелердің интернетпен қамтылуы 100 пайызға жеткен. Ал шалғай ауылдардағы емханалардың ғаламтор желісіне қосылуы  Astel жер серігі арқы­лы жүзеге асып жатыр. Қазір ауылдық аймақтағы 588 медицина мекемесінің төрт жүз алпыс бірінде жоғары жылдамдықты интернет істеп тұр. Қалған мекемелерді қамту ақпан айында толық аяқталмақ.

– Облыста міндетті әлеумет­тік меди­циналық сақтандыру жүйе­сіне қосылу бо­йынша ай­тарлықтай жұмыс істелді. Әсі­ресе, техникалық дайындық ша­расына көп кө­ңіл бөлдік. Бұл үшін аймақтағы медицина мекемелерін жаңа үлгідегі кең­се техникасымен қамту күн тәртібіне шықты. Қазір осы міндетті толық атқардық. Жер­гілікті бюджет қаражаты есе­бінен 952 компьютер сатып алынды. Оған 112 млн теңге қар­жы жұмсалды. Сол арқылы ем­ханалардағы техникалық қол­дау 100 пайызға жетті, дейді облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

 

Алматы облысы