Түркия энергетика саласында тұтынып отырған газының 99%-ын импорттайтын ел болса, Ресей – мұнай мен газ экспорты саласындағы ірі держава.
Түркияның Ресейден газ алуы өткен ғасырдың 80-жылдарынан басталады.
Тұрғұт Өзалдың басшылығы кезінде Түркияда басталған реформалар елдегі өндірісті дамытты және бұл өз кезегінде энергия көздеріне деген қажеттілікті арттырды. 1984 жылы Түркия мен Кеңес Одағы арасында қол қойылған келісімшартқа сай, екі ел арасында Балқан елдерінен өтетін құбыр («Транс-Балқан газ құбыры» немесе «Батыс бағыт») салынып, 1986 жылдан бастап бұл құбыр іске қосылды. Алайда қырғиқабақ соғыстан кейін Шығыс блогы мен Кеңес Одағының ыдырауы бұл газ құбырының тиімділігін азайтты. Өйткені Ресейден шыққан газ Украина, Молдова, Румыния және Болгария жерінен өтетін еді. Сондықтан Мәскеу Анкараға газ жеткізудің балама жолдарын қарастыра бастады. Бұл жағдай, әсіресе Ресей мен Украина қатынасының бұзылуынан кейін тіптен шиеленісті.
1997 жылы Түркия мен Ресей Қара теңіздің шығысында теңіздің түбінен өтетін газ құбырын салуға уағдаласты. «Көгілдір ағыс» деп аталған газ құбыры құрылысы 2001 жылы басталып, 2002 жылы Түркияның Самсун қаласына жетті. Бұл жоба арқылы Мәскеу Анкараның өзіне кіріптарлығын арттырды. Осы кезден бастап, Ресей газы Түркияның 52% газ қажеттілігін қанағаттандыра бастады. Бүгінгі Анкара мен Мәскеу арасындағы экономикалық ынтымақтастық осы кезеңнен бастап күшейе түсті.
Енді бір жағынан «Көгілдір ағыс» газ құбыры Мәскеудің аймақтағы геосаяси бақталастық жағдайында ірі жеңісі болды. Мұның себебі Ресей Каспий теңізі аймағы елдерінің, атап айтқанда Әзербайжан және Орталық Азия елдерінің Түркияға газ құбырын салу арқылы тәуелсіздіктерін арттырады деп қауіптенетін. Түркияның Әзербайжан газына емес, Ресей газына басымдық беруі аймақтық теңгерімнің орнығуына себеп болды.
«Көгілдір ағыс» газ құбыры арқылы Ресей газының Түркияға тасымалдануы Әзербайжан газының да Түркияға жеткізілуіне жол ашты. 2004 жылы құрылысы басталған Баку-Тбилиси-Ерзурум газ құбыры 2007 жылы іске қосылды. Ерзурум қаласына келген Әзербайжан газы 2018 жылы «Транс-Анадолы» газ құбыры жобасы (ТАNАP) ретінде Еуропаға қарай ұзартылды. Басқаша айтқанда, Анкара мен Мәскеу арасындағы ынтымақтастық Ресейдің ықпалындағы елдердің де мүддесіне жарағаны байқалады. Осы арада, ширек ғасыр бойы шешілмей келе жатқан Каспий теңізі құқықтық мәртебесінің 2018 жылы өз шешімін тапқаны да ойланарлық жайт.
Бұдан кейінгі кезеңде Ресей Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерінің газ қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Қара теңіз арқылы Ресей мен Болгарияны жалғайтын «Оңтүстік ағыс» газ құбыры жобасын жүзеге асыра бастады. Алайда 2012 жылы басталған құбыр құрылысы 2014 жылы Ресейдің Қырымды өзіне қосып алуына орай Еуропа елдерінің наразылығына байланысты тоқтап қалды. Ал 2014 жылдың желтоқсан айында кездескен Р.Т.Ердоған мен В.Путин аталған құбырды Түркияға бұруға келісті. Осылайша «Оңтүстік ағыс» «Түрік ағысы» болып шыға келді. 2015 жылғы ұшақ дағдарысынан кейін жоба тұралап қалса да, 2016 жылы қайта жалғасып, ақырында 2020 жылы 8 қаңтарда іске қосылды.
Қорыта айтқанда, Түркия мен Ресейдің энергетика саласындағы ынтымақтастығын Мәскеу аймақтағы өз ықпалын арттыру үшін қолдануда. Ресей, әсіресе Еуропаның өзіне кіріптарлығы жалғаса беруін қалайды. Осы жағдайға сәйкес Еуропа елдері өз энергетика саясатын әртараптандыруға ұмтылып, энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысуда. Алайда аймақтың ең ірі газ өндірушілерінің бірі саналатын Иран АҚШ-тың санкцияларына байланысты өз жобаларын жүзеге асыра алмай отыр. Сондықтан Еуропа үшін Ресей газына балама Каспий аймағы елдері болып табылады. Дегенмен Әзербайжан сияқты газға бай елдер Ресейге қарсы позицияда болмау үшін әр қадамын аңдап басуда. Осы орайда Түркияның Ресеймен ынтымақтастығы маңызды болып тұр.
Жылына 50 миллиард текше метр шамасында газ импорттап отырған Түркия бұның шамамен 50%-ын Ресейден,
16%-ын Ираннан, 15%-ын Әзербайжаннан, 9%-ын Алжирден, қалғанын Нигерия мен Қатардан алады. Бірақ Түркия тек тұтынушы ел ғана емес, транзиттік ел болуды діттейді. Атап айтқанда, Анкараның энергетика саласындағы мақсаты – Шығыс пен Батыс ортасында газ терминалына айналу. Түркия бұл мақсатына едәуір жақындап қалды. ТАNАP арқылы Әзербайжанның газы Еуропаға жеткізілуге дайын. Ал «Түрік ағысы» жобасының іске қосылуымен Ресей газы да Түркия жерінен өтіп, Еуропаға барады. Демек, Түркия – Ресей энергетика ынтымақтастығы Анкараның қажетіне жарап тұр. Басқаша айтқанда, Түркия аймақта Еуропаға газ тасымалдауда айтарлықтай үстемдікке ие. Бұл үстемдікке қарсы Грекия-Кипр (Грек жағы)-Израиль Шығыс Жерорта теңізінен шығатын газ арқылы балама болғысы келеді. Алайда Түркия Жерорта теңізінде Ливиямен ынтымақтасып, әзірге бұл жобаға қарсы төтеп беріп тұр.
Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,
Анкарадағы дағдарыс және саясатты зерттеу орталығы (АНКАСАМ) Еуразия бөлімінің басшысы