Премьер-Министр Серік Ахметов кеше Үкімет үйінде Қазақстанның машина жасаушылар одағы мүшелерімен кездесіп, арнайы кеңес өткізді. Кездесуде машина жасау саласының бүгіні мен келешегі, жалпы даму қарқыны талқыланды.
Қазақстанның машина жасау кешені таяу болашақта ел экономикасының негізгі саласының біріне айналуы тиіс. Бұл – Елбасы Үкімет алдына қойған маңызды міндеттердің бірі. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Осыған орай бүгінде бұл саланың дамуы да қарқынды. Кешегі кездесуді ашқан сөзінде Үкімет басшысы осы ойды құптады. Сондай-ақ, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Раудың баяндамасы да оны дәлелдей түсті.
Вице-министрдің мәліметінше, елімізде ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл салада өндірілген өнім көлемі 367 млрд. теңгені құрады. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 5 млрд. АҚШ долларына дейін жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, А.Рау елімізде машина жасау үлесі қайта өңдеу өнеркәсібінде артып отырғанын айтып өтті. Мәселен, 2013 жылдың қаңтар-маусым айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, бұл салада өнім 2 пайызға артып, 13,2 пайызды құраған. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында 45 дизельді локомотив шығарылып, өнім көлемі 1,6 есеге өскен, ал автокөлік өндірісі 2,2 есеге көбейіп, 16 мыңнан асып түскен, мұнай-газ машиналарын жасау 31 пайызға, тау-кен машиналары 12 пайызға артқан.
«Бұл салада мемлекеттік қолдау артқаны көрініп-ақ тұр. Бүгінде «Өнімділік-2020» бағдарламасына 15 кәсіпорын еніп отыр. Ал индустрияландыру картасы бойынша жалпы сомасы 197 млрд. теңгені құрайтын 57 жоба жүзеге асырылуда, дейді А.Рау.
Машина десе, қарапайым жұрттың көз алдына бірден күнделікті қолданыстағы автокөлік келетіні анық. Алайда, машина саласы – қолданысы кең, өте ауқымды сала. Машинаны барлық өндіріс саласы қолданады. Қазіргі күні оның өндірісте қолданылатын неше сан түрі бар. Біз бұрын көбіне ауыл шаруашылығына қатысты түрлі техниканы білетін болсақ, қазіргі күні өндірістің дамуына орай мұнай, газ, энергия және тағы басқа да өндірістік салаларда машиналар қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, керек машиналарды барынша өзімізде жасап, өндірісті өркендету бүгінгі күннің басты талабы.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде осы үш жылдың қорытындысында Қазақстанның машина жасау саласы жақсы нәтижеге қол жеткізді, деді Қазақстанның машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев. Яғни осы жылдар ішінде бұл саладағы өндіріс 2 жарым есеге өскен. 2009 жылы өнім 300 млрд. теңгені құраса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 657 млрд. теңгені құрапты. Ал мақсатты көрсеткіштер бойынша өнім көрсеткіші 2015 жылы 588 миллиардқа жету керек екен, бірақ біз оған мерзімінен бұрын жетіп отырмыз. М.Пішембаевтың айтуынша, ендігі жоспар бойынша өндіріс 2015 жылы 1 трлн. теңгеден асып түседі деп күтілуде. Мұндай қарқынды дамудың басты себебі Елбасының бастамасымен қабылданған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының үдемелі жүзеге асуы дейді сала маманы. Оған дәлел, бұл бағдарлама аясында елімізде көптеген жаңа өндіріс орындары ашылып, бұрын-соңды жасалмаған техника-машиналар құрастырылуда.
Машина жасаушылар одағы мүшелерінің талқылау сөздерін қорытындылай келе, Премьер-Министр С.Ахметов жоғарыда аталған көрсеткіштер еліміздің бұл саланы дамытуда дұрыс саясат ұстанғанын аңғартатынын атай отырып, болашақта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін жеткізді. Осыған байланысты Үкімет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне Машина жасаушылар одағымен бірлесіп, осы саладағы жаңа өнімдерді игеруге және электротехникалық өнімдерді шығаруға жұмсалатын шығындарды өтеу тетіктерін қарастыратын конструкторлық бюро құруды тапсырды. Сонымен қатар, «Офсеттік саясат туралы» заң жобасына атсалысып, ҮИИД бағдарламасының екінші бесжылдығында қарастырылған еліміздің 2020 жылға дейінгі машина жасау саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындауға барынша күш жұмсау керектігін айтып өтті. Сондай-ақ, Премьер-Министр машина жасау саласын дамытуды қатаң бақылауда ұстайтынын ескертіп, Үкімет бұл саланы қолдауды бұдан әрі де жалғастыра беретінін айтты.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».