Аймақтар • 28 Қаңтар, 2020

480 мың теңгенің ұрлығын жасағандар ұсталды

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері Қызылжар ауданы полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп, бірнеше дүкенді әдіс-айламен тонап, бағалы заттар мен ақшаны қолды еткен үш күдіктіні ұстады.

480 мың теңгенің ұрлығын жасағандар ұсталды

Бұлар ұрлық жасағанда қарапайым айла қолданып отырған. Екеуі сатушыны алдастырып, әлеуетті сатып алушының рөлін ойнап, әрнеменің бағасын сұрап, оны қырағылығынан айырып тұрғанда үшіншісі ұрлайтын қымбат заттарды сөмкесіне жітіріп, тайып отырған. Ұрлыққа осылай кәсіптенген күдіктілердің кім екендігі бейнебақылау камераларындағы көріністер арқылы жедел анықталғанымен оларды ұстау оңай болмаған.

Қызылжардағы бақылауға алынған мекенжайларына олар әлденеден күдіктеніп жоламай қойып, жалға алған пәтерлерде жасырынып жүрген. Сосын қала төңірегіндегі Қызылжар ауданының орталығы Бескөлге барған. Тек осындағы жалға алған пәтерлерінде қыдырыстап жүргенде көзге түскен.

Қызылжарлық және аудандық із кесушілердің бірлескен жедел іс-шараларының нәтижесінде олар Бескөлде ұсталды. Сөйтіп, бұрын да мүліктік қылмыстар жасағаны үшін бірнеше реттен сотты болған Қызылжардың 1976, 1987 және 1989 жылдары туған үш тұрғыны ұсталды. Қазір жасалған қылмыстар бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» атты 188-бабының 3-ші тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер шаралары жүргізілуде. Орын алған жағдайлардың бірінде қырағы сатушы күдіктінің әрекетін байқап қалған, бұл эпизод ҚК 191-бабы («Тонау») 3-ші тармағы бойынша айыпталуда. «Қазір олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы бары тексерілуде», - дейді Петропавл қаласының мүліктік қылмыстарды тергеу жөніндегі бөлімінің бастығы полиция капитаны Ерболат Қаптаев. «Қазіргі уақытта қылмыстық істе алты эпизод бар. Аса ірі мөлшерде деп бағаланған шығын - 480 мың теңгеге жуық. Дүкен иелері орнатқан бейнебақылау камераларының жазбалары қылмысты ашуға зор септігін тигізді», деді ол.

Өткен жылы СҚО дүкендері мен сауда үйлерінде 187 ұрлық тіркеліп, оның 141 қылмыстық ісі өндіріспен аяқталған.

Солтүстік Қазақстан облысы