Асқынған инфекциялық ауруды әкелуге және оның тарауына жол бермеу мақсатында санитарлық-профилактикалық шаралар күшейтілді. Айтар болсақ, әуежай мен теміржол вокзалдары арқылы туристік және миграциялық лек өтетіндіктен жолаушылар тексерілуде. Вирус тараған өңірлерден ұшып келген барлық рейстер ерекше бақылауға алынуда.
Инфекцияны әкелу мен таратуды ескерту бойынша эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шараларды жүзеге асырудың ведомствоаралық жоспары жасалды. Алматы әуежайының санитарлық-карантиндік пунктімен бірге оқу-жаттығу сабақтары өткізілді. Мұндай сабақтар қаланың стационарларында да өтуде.
Қаланың медициналық ұйымдары мен медициналық қызметкерлері коронавирус инфекциясына күдіктелген ауруларды қабылдауға дайын. Дәрі-дәрмектің қажетті қоры жеткілікті, олардың ішінде парацетамол, ибупрофен, глюкоза ерітіндісі, физоерітінділер, преднизолон, дексаметазон, гепарин, контрика, сонымен қатар антибактериалды және вирусқа қарсы препараттар мен дезинфекциялық заттар бар. Қаланың медмекемелерінде 690 мыңнан астам, ал резервте 1,3 млн бірреттік бетперделер бар. Қаланың дәріханалары дәрілермен және бетперделермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген.
Қалалық инфекциялық ауруханада 20 төсектік бокс бөлімі және жансақтау бөлімі ашылған. Егер жағдай күрделенетін болса, онда №1 ҚКА қосымша 200 төсек, балалардың №2 ҚКА 20 төсек қосымша дайындалатын болады. Алматыда (727) 382-35-36, 382-33-50 телефондары, сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінде 1406 нөмірі бойынша «жедел желілер» ұйымдастырылған.