«Қазақстан – достық бесігі» атты жазғы халықаралық лагерінде Ақтөбе және Ресейдің Орынбор өңірлерінің жастары бас қосты. Үш күндік жиын кезінде жастар түрлі семинарларға қатысып, психолог мамандармен кездесулер өткізді, өзара ойындар, конкурстар ұйымдастырылды.
Шараның ұйымдастырушылары болып табылатын «Жастар қазына» қоғамдық бірлестігінің өкілдері жастарға өзара пікір алмасып қана қоймай, дем алып, өз өнерлерін ортаға салуға мүмкіндік беруді ойластырған. Ақтөбеде мұндай халықаралық лагерь биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отырған көрінеді.
– Ақтөбелік жастармен достық қарым-қатынас орнатқанымызға біраз уақыт болды. Осындай лагерьлер екі жақты ұйымдастырылып келеді, – дейді Ресей жастар одағы Орынбор қалалық ұйымының төрағасы Руслан Чукеев.
«Қазақстан – достық бесігі» халықаралық лагерінде бас қосқан екі ел жастары Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровпен де кездесті.
Шаһар басшысы жастарға игі тілектерін жеткізе отырып, болашақта мұндай лагерьлерге тек Ресей емес, басқа елдерден де қонақтар шақыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол кездесуде жастардың түрлі сауалдарына жауап беруге де уақыт тапты. Шекаралас екі өңір жастарының басқосуы достықтың арқауын бекітетін шара ретінде есте қалары сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.