Жыл сайын мамыр айындағы «Соңғы қоңырау» салтанаты қарсаңында мектеп бітіріп, шартарапқа тарап кеткен түлектер араға он, жиырма, отыз жыл салып өз ұяларына сағынышпен оралып жатады. Мектебін аралап, ұстаздарымен жүздесіп мауқын басады, сыныптастар бір-бірін көріп, отбасыларымен танысып мәре-сәре болады. Өмірден өткен ұстаздар мен сыныптастар рухына Құран аяттарын бағыштап, садақа таратады. Мұндай «он жылдық, жиырма жылдық» деп аталатын басқосу мерекелері қазір барлық мектептерде дәстүрге айналған.
Мұның бәрі дұрыс та болар, бірақ... Айтпағымыз – осындай басқосулар не береді? Сол кездесулерге қатынасушыларға, болмаса кейінгі жастарға пайдасы қандай? Осындай сауалдарға жауап таба алмай күмілжитініміз рас. Өйткені, мұндай кездесулер көп жағдайда асын ішіп, аяқ босатудан әрі аспайды. Бір жылда ауылдық жердегі бір мектепті шамамен 50-60 түлек бітірді дегенде, әрқайсысы 50 мың теңгеден шығарды дегеннің өзінде 2 500 000 – 3 000 000 теңге қаражат жиналады. Ақша көбіне мейрамханаға, «поход» деп аталатын жүріске кетеді, сағынысқан достардың кейін жыр қылып айтып жүруіне тұратын «жүзіп ішуге» жұмсалады және сонымен аяқталады. Кеше ғана аңсап табысқан сыныптастар соңында кімнің қайда «басы ауырып» жатқанын білмеген күйінде бет-бетіне тарап-тарап кетеді. Құдды мектеп бітірушілердің мерейтойлық жүздесуінің мәні де, сәні де әр бұтаның түбінде шүмегін жел үрлеп уілдей шашылған бос бөтелкелермен өлшенетіндей. Ащы суға қор болған қайран қаражат дейсің осындайда, оның орнына ауыл үшін, ауылдың қаракөз жасөспірімдері үшін игілікті іс тындырса ғой! Кешегі тоқырау жылдарында шаңырағы біраз шайқалып, іргесін жел үңгіген ауылдардың сол қалпынан еңсе көтере алмай қалғандары бар, онда кетеуі кетіп тұрған дүниелер де шаш-етектен. Кеше ғана өзінің бесігінен шыққан баласы азамат боп оралған соң арақ ішіп, көңіл көтеріп қана қоймай, ауыл-анасына жәрдем қолын созса дейсің.
Мерейтойға қатар келген 10, 20, 30, тіпті одан да арғы жылдардың түлектері күш біріктірсе, күші жетпесе жартылай жұмысты келесі жылғы түлектерге табыстаса, ауылда біраз шаруаның басы қараяр еді. Түлектер бәрін тындырып тастамағанымен, ауылды көркейтуге, жарықтандыруға, жастар үшін спорттық шағын кешендер мен алаңдар салынуға, тағы да басқа игі істерге қозғау салса қандай ғанибет?! Сағынышты кездесу аясындағы көңіл көтеру, қыдырыс, серуендермен, өзге де мәнді, маңызды шаралармен бірге елге пайдасы тиетін иігілікті іс атқарылса, ауылдастар үшін, олардың болашақ ұрпақтары – өздеріміздің бауырларымыз үшін зор сауапты іс болар еді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.