Қазақстан Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Нұрлан Орманбетов Алматы, Шымкент, Ақтау гарнизондарындағы авиация әскери бөлімдерінің жауынгерлік әзірлігіне жоспарлы тексеру жүргізді.
Тексеру барысында Жетіген гарнизонында әскери бөлім командирлерімен жойғыш бомбалаушы МиГ-27 және көп мақсатты жойғыш Су-27 сияқты үшінші және төртінші буынның көп функциялы ұшақтарында мақсатты ұшулар орындалды. Осы ұшулар арқылы ұшқыштар жоғары тұрған қолбасшылық алдында ұшу техникасы мен әуе навигациясындағы шеберліктерін көрсетті.
– Біздің ұшқыштар ұшу дағдысын, жауынгерлік әзірлігін арттырып, оларға жүктелген Отанымыздың әуе кеңістігін күзету және қорғау жөніндегі кез келген жауынгерлік міндетті орындауға дайын болуы тиіс, – деді Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Нұрлан Орманбетов. – Авиация – бейбіт күндері жауынгерлік кезекшілік атқаратын өте күрделі әскер тегі. Оның мүмкіндіктері өте ауқымды. Біз Әуе қорғанысы күштері даярлығының бірыңғай әдістемесін басшылыққа алып, қойылған міндетті орындауға саналы түрде қарауды әрбір әскери қызметшіден қатаң талап етуіміз керек. Жауынгерлік машықтану және ұшу даярлығы жүйелерін жетілдіре түсуіміз қажет.
Бүгінгі таңда жауынгерлік кезекшілікті сапалы атқаруға, жауынгерлік даярлық бойынша сабақтар өткізуге, авиациялық бөлімдер жеке құрамының тұрмыс-тіршілігі үшін барлық жағдайлар жасалған.
«Егемен-ақпарат».