Қоғам • 28 Қаңтар, 2020

Бетпақдалада адасып кеткен үш жүргізуші табылды

1489 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтүтек боранда Бетпақдалада адасып кеткен 3 жүргізуші бірнеше тәуліктен соң табылды. Бұл туралы Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бетпақдалада адасып кеткен үш жүргізуші табылды

Департаменттің мәліметінше, 26 қаңтар күні Созақ аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны хабарласып, Қарағандыдан Түркістан облысы арқылы ауыр жүк көлігімен келе жатқан ағасымен хабарласа алмай қалғанын айтып, арызданады. Бұдан соң Созақ АПБ полицейлері арызды қабылдап, бірден іздестіру жұмысына кіріседі. Арызданған азаматтың ағасының жанында ауыр жүк көлігімен жолға шыққан тағы екі ер азаматтың бар екені белгілі болды. Созақ полицейлері ауа райының күрт нашарлағанын ескере отырып, құтқарушылармен және ерікті жергілікті тұрғындармен жол талғамайтын көліктерге мініп, боранды күні адасып қалған жүргізушілерді іздеуге аттанды.

«Осылайша, тиянақты жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 3 ауыр жүк көлігінің жүргізушілері Бетпақдаладан табылды. Белгілі болғандай, олар Қарағандыдан Созақтағы төте жол арқылы Шымкенттегі үйлеріне уақыт үнемдеп, тезірек жетпек болған. Алайда ауа райы өзгеріп, қалың жауған қар мен ақтүтек боранның кесірінен адасып, көліктерімен омбы қарға батып қалған», - делінген хабарламада.

Көмекке келген полиция қызметкерлері жолға шықпас бұрын көлікке керекті 400 литрдей дизель жанармайы және азық-түлік алып шыққан болатын. Жүргізушілер табыла салысымен оларға азық үлестіріліп, қажетті көмек көрсетілді. Үш жүк көлігіне де қажетінше жанармай құйылып, жолға шығуға дайын болды. Өз кезегінде боранда адасып қалған үш азамат алғыс білдірді.