28 Қаңтар, 2020

Қазақстанда коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша шаралар кешенін қабылдадық - министр

238 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус инфекциясының тасымалдануының және таралуының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар кешені туралы айтып берді, сондай-ақ жуырда ҚХР-дан келген қазақстандықтарға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.  Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстанда коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша шаралар кешенін қабылдадық - министр

Бүгінгі таңда ҚХР-да 30 провинцияда 4515 жаңа коронавирусты пневмониямен сырқаттану оқиғасы тіркеліп, нақтыланды, оның ішінде 106 жағдай адам өлімімен аяқталды. 

Хубей провинциясының 15 қаласында карантин енгізілді, тұрғындарға қаладан кетуге тыйым салынды, авиарейстердің, автобустар мен пойыздардың келуі мен кетуі тоқтатылды.

Әлемде 15 елде коронавирустың жаңа түрімен аурудың 60 расталған жағдайы тіркелген.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 6 қаңтарда бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің Қазақстанда инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында санитарлық бақылауды күшейту туралы қаулысы қабылданды.

Бірінші кезекте, әуежайлар мен вокзалдарда санитарлық бақылау шаралары күшейтілді, коронавирустың ел аумағына енуіне және тарауына қарсы іс-қимыл шаралары қабылдануда.

«6 қаңтардан бастап Қытайдан келген барлық азаматтарды тексеру жүргізілуде, оның ішінде тексеру жылу өлшегіші арқылы жүргізілуде. Температурасы бар барлық адамдарға сауалнама толтырылып, олар тұрғылықты жері бойынша есепке қойылады», - деді министр.

Бүгінгі таңда ҚХР-дан 25858 адам келді, бұл Қазақстан азаматтары мен шетел азаматтары. Барлық деректер Денсаулық сақтау министрлігіне және одан әрі бақылау комитеті (ҚР ДСМ тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті) арқылы тұрғылықты жері бойынша тексерулер, азаматтармен байланыстар жүргізіледі.

«Келушілердің арасында ЖРВИ белгілері бар адамдар болды. Қазіргі таңда температурасы жоғары 23 жолаушы келді, оның ішінде төртеуі ЖРВИ-инфекциясына күдікпен ауруханаға жатқызылды. Вирусты инфекциялар арасында айқын айырмашылық жоқ болғандықтан, біз ЖРВИ-ға күдіктенумен емдеуге жатқызамыз. Ауруханаға жатқызылғандардан барлық қажетті қан анализдері алынды. Үш тәулік ішінде егжей-тегжейлі диагностика жүргізіледі. Тиісті ем басталды», — деп түсіндірді Е. Біртанов.

Ведомство басшысының айтуынша, егер жаппай тарау орын алатын жағдай болса, бұрыннан бар төсек орындарына қосымша 4,5 мыңнан астам төсек орны бар.

«Барлық өңірлер бойынша оқу-жаттығу жұмыстары өткізілді, медициналық қызметкерлер арасында қосымша оқыту жүргізіліп жатыр. Үкімет резервінен пациенттердің немесе инфекцияға күдікті адамдардың саны артқан жағдайда қосымша қаржыландыруға тапсырыс береміз. Мұндай жағдайларда қабылданатын жеке қорғану құралдары, дезинфекциялық құралдар мен медициналық құралдар қосымша сатып алынатын болады. Медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті ресурстар бар, дәрі-дәрмектердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың қосымша қоры бар», — деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, Е. Біртанов Қытайдан келуші Қазақстан азаматтарына кеңес берді.

«Соңғы 14 күн ішінде ҚХР-дан, сондай-ақ шектес елдерден келген барлық азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға келіп немесе қоңырау шалып, дәрігерлерге тіркеліп, денсаулығында қандай да бір проблемалар бар болса хабарлай алады. Бұл азаматтардың жеке қауіпсіздігі үшін қажет, біздің медицина саласының мамандары денсаулық нашарлаған жағдай болып жатса, сізді және сіздің отбасыңыздың мүшелерін қауіпсіздендіре алып, шаралар қабылдауы үшін бақылау жүргізуі тиіс», — деп түйіндеді Е. Біртанов.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында ауыру жағдайлары тіркелмеген. ҚХР-мен мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде 19 990 адам қаралды.