Қасиетті Рамазан айы басталғанда «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау акциясын жариялап, қайырымды жандарды осынау шараға үлес қосуға шақырған болатын. Міне, сол игі шара Қадір түні қарсаңында – 3 тамызда өтті.
Қасиетті Рамазан айы басталғанда «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұжымы әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау акциясын жариялап, қайырымды жандарды осынау шараға үлес қосуға шақырған болатын. Міне, сол игі шара Қадір түні қарсаңында – 3 тамызда өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр балаға киім-кешек, спорттық форма, сөмке, қалам, дәптер сияқты оқу құрал-жабдықтарын сатып алуға шамамен 30 мың теңге жұмсалған. Киім-кешектер балалардың жас мөлшеріне қарай үлестірілді. Сөйтіп, осынау игі шарадан соң әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан 300-ден астам бала жаңа оқу жылына тап-тұйнақтай дайын болды.
– Бұл шара елімізге, дінімізге жанашыр азаматтардың қолдауымен жүзеге асып отыр, – деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы. – Тіпті, кейбір дүкен иелері акцияға өз үлестерін қосу үшін тауарларын әдеттегіден төмен бағамен берді. Осы бастамаға атсалысқандардың барлығына Алла разы болсын!
Қазіргі заманда балаларды мектепке дайындаудың көп шығынға түсетіні белгілі. Ал тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар үшін бұл, тіпті, күрмеуі қиын іс десек те болады. Мәселен, 8 бала өсіріп отырған 36 жастағы Маржан Әлиқызының (суретте) 6 баласы мектеп жасында. Баспанасы жоқ отбасы үшін 6 баланы бірдей мектепке дайындау оңай ма?! Осы шараның арқасында бұл мәселенің түйінін шешіп қайтқан Маржан апай былай деді:
– 2009 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жетібай ауылынан 6 баламызбен көшіп келдік. Қыздарым Бибінұр мен Айша Астанада дүниеге келді. Жолдасым құбыр зауытында жұмыс істейді. Шыны керек, тапқаны бір айлық пәтерақы мен ішіп-жемнен артылмайды. Акция туралы естіп, өтініш білдірдік. Көп кешікпей мешіт қызметкерлері хабарласып, жаңа оқу жылына керек-жарақтарымызды түгендеуге көмектесетіндерін айтты. Қуанып отырмыз. Қайырымды іс-шараға атсалысқан азаматтарға Алланың нұры жаусын, жомарт жандар көбейе берсін дегім келеді.
Акция аясында тегін киім-кешек, оқу құрал-жабдықтары тек қазақ балаларына ғана емес, өзге де ұлт өкілдерінің балаларына үлестірілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен мұндай шара өзге мешіттерде де жыл сайын өткізіліп тұрмақ.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.
Суретті түсірген автор.