06 Тамыз, 2013

Үкім өзгеріссіз қалды

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғарғы Сот сотталушы В.Козловқа қатысты осындай шешімге келді

Кеше Астанада Жоғарғы Сот тiркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының лидері Владимир Козловқа қатысты Ақтау қалалық сотының үкiмiн қарап, оны ешбір өзгерiссiз қалдырды.

Жоғарғы Соттағы аталмыш қылмыстық істі алдын ала қарау қорытындысында Қылмыстық iстердi жүргiзу кодексi 464-бабы 1-бөлiмiнiң 2-тармағын бас­шы­­лыққа алған судьялар В.Козловтың қорғаушысы В.Сәрсембинаның өтінiшiн қанағаттандырмау туралы қаулы шығар­ды.

«Қорғаушы Сәрсембинаның сотталған Владимир Козловтың мүддесiн қорғап келтiрген өтiнiші бойынша қадағалау өндi­рi­сiн қозғаудан бас тартылсын. Өтiнiш қанағаттандырусыз қалдырылсын», – деп жариялады судья Моряк Шегенов.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жыл­дың 8 қазаны күні тіркелмеген «Алға» партия­сының басшысы Владимир Козловты Ақтау қалалық соты Қыл­­мыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлт­тық, рулық, нәсілдік және діни алауыздықты қоздыру», «Қазақстан Республикасының конституциялық құры­лымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұ­тас­тығын күшпен бұзуға шақыру», «Қылмыстық топ (қылмыстық ұйым) құру және басқару, оған қатысу» деп аталатын үш бабы бойынша кінәлі деп тапқан болатын. Осыған орай қал­а­­лық сот В.Козловқа 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген еді. Енді сол жаза өзгеріссіз қалды.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.