Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерный кентінде ресми есеп бойынша 8 мыңдай халық тұрады. Бейресми дерек ауыл тұрғындарының саны 9 мыңнан асып кеткенін айтады. Таяу болашақта кент халқы екі есеге көбеюі мүмкін екенін әкімдік те мойындайды. Тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға Орал қаласының Бас жоспарына сәйкес Круглоозерный кенті аумағынан 1 140 жер учаскесі берілмек. Қала әкімі 2019 жылы тұрғындар алдындағы есебінде бұл учаскелердің жобалық-сметалық құжаттары сараптамада жатқанын айтқан еді. Ал осындай ірі елді мекенде балабақша жоқ!
Кенттегі балабақша тапшылығы жергілікті әкімдікті талай жылдан бері мазалап келеді. Орал қаласы әкімдігінің 2018-2020 жылдарға арналған «Жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасында» Круглоозерный кентіне балабақша қажеттілігі ең бірінші мәселе болып көрсетілген. 2018 жылғы есепте «Жыл сайынғы есептік кездесулерде көтеріліп жүрген мәселенің бірі балабақша болатын. 2018 жылы бұл мәселе өз шешімін таппақ. Қазіргі таңда Круглоозерный кентінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы бойынша 160 балаға арналған балабақша құрылысы басталып жатыр, мердігер – «Оралземтрубсервис» мекемесі. Сонымен қатар «Қамқор құрылыс» ЖШС балабақша құрылысын жүргізу үшін
ТУСМ-14 мекемесі ғимаратының бөлігін сатып алып, ғимаратты балабақшаға бейімдеу жұмысын жүргізуде» делінген.
2018 жылы шешімін табады деген бұл мәселе 2020 жылдың басында да таппады. Бұл жоспар неден бұзылды?!
Облыстық білім басқармасынан алынған құжаттарға қарағанда «Қамқор құрылыс» ЖШС 2019 жылдың 3 қаңтарында «Орал қаласы Круглоозерное ауылынан 100 орындық балабақша құрылысын іске қосу және мемлекеттің теңгеріміне беру бойынша» бизнес жоспар жобасын ұсынған.
Осы жобаға орай Орал қалалық білім бөлімі Круглоозерный кентінде мектепке дейінгі мекемеге мұқтаждық бар екенін қуаттап, 30 қаңтар күні №7-1/507 хат түсірген. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары С.Айтқалиева да «Қамқор құрылыс» ЖШС директоры Т.Нұрғазиевке «Бүгінгі таңда Круглоозерное ауылы бойынша кезекте 150-ге жуық бала тұрғанын, аталған ауылда балабақша ғимараты қажет екенін» баяндап, әлеуетті жекеше серіктес ретінде құжаттарды ұсынуды сұраған.
Әрі қарай заңға сәйкес мерзімді баспасөзде хабарландыру жарияланып, жұмыс басталып та кетеді. 2019 жылғы 18 наурызда өткен конкурстық комиссияның хаттамасына назар салайық: «Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылатын «Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы Круглоозерное ауылынан 100 орынға арналған балабақша ғимаратын іске қосу және пайдалануға беру» жобасы бойынша жекеше әріптестігін айқындау жөніндегі конкурстық комиссия отырысы облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың төрағалығымен өтіп, «Қамқор құрылыс» ЖШС енгізген мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасының бизнес-жоспары және келісімшарт жобасы мақұлданған. Бұл құжатқа жекеше әріптестігін айқындау жөніндегі конкурстық комиссияның төрағасы Ғ.Оспанқұлов, комиссия мүшелері – облыстық білім басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, қаржы басқармасы, жер қатынастары басқармасы, құрылыс басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы, кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық даму басқармасы және басқалары қол қойған.
Осылайша, балабақша күткен ауыл тұрғындарының арманы орындалар күн жақындай түскендей еді.
– Ауылымызда Кеңес өкіметі құлағаннан бері балабақша болған емес. Қазір мұндағы жалғыз аралас мектеп жанынан ашылған балабақша тобында 25 бала, шағын орталықта 25 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл өте аз. Балабақша жетіспейді. Мен немеремді екі жылдан бері Орал қаласына тасып жүрмін. Ала таңнан оятып алып, автобуспен алып барамын. Обал ғой балаға. Қызым мүгедек, бала қарай алмайды, өзім жұмыстамын. Балаларын орналастыра алмай, жұмысқа шыға алмай отырған ата-аналар өте көп. «Қамқор құрылыс» компаниясының жұмысын көріп, «жақында жаңа балабақша ашылады» деп қуанып жүргенбіз. Қала, кент әкімдері «Бұл балабақша МЖӘ бағдарламасы бойынша көп кешікпей іске қосылады» деп талай мәрте уәде беріп, бізді қуантқан еді. Құрылысы бітіп, дап-дайын тұрған балабақшаның халық игілігіне неге берілмей жатқанын түсінбейміз, – дейді ауыл тұрғыны Жаңылдық Әубәкірова.
Бұл аралықта құрылысшылар екіқабатты, жалпы аумағы 466,8 және 452,9 шаршы метр, 2487 шаршы метр жер көлемі бар балабақша ғимаратын дайындап үлгерген болатын. 100 адамға арналған балабақшада бүкіл жиһаз, төсек орын, асхана жабдығы, қауіпсіздік құралдары, тіпті толық бейнебақылау жүйесі жасақталды. Балабақшаның жобалық құжаттарын жасаған «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы мектепке дейінгі мекемеге қажетті барлық талапты ескеріп, құрылыс компаниясы сол талаптан ауытқымаған.
Бұл жобаға сараптама жүргізген «Алгаритм» технопаркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны «мемлекетке тиімді» деп шешім шығарған.
Міне, негізгі жұмыс аяқталып, енді жаңа балабақшаның тұсаукесер тойы ғана қалғандай еді. Алайда, бәрі аяқ астынан өзгерді.
– Халыққа тиімді, мемлекет саясатына, заң талаптарына сай жоба бұрынғы облыс әкімі А.Көлгіновтің тұсында толық қолдауға ие болғанымен, 2019 жылы шілдеде облыс басшылығы ауысқан соң аяқ астынан кедергіге тап болды. Облыс әкімдігі осы кезге дейін уәде берілген МЖӘ келісімінен бас тартып, «инвестициялық шығындарды өтеусіз іске асыруды» ұсынып отыр. Осының нәтижесінде біз 170 млн 475 мың теңге шығынға батқалы отырмыз. Бұл тек құрылыс жұмысы мен балабақша құрал-жабдығына кеткен қаржы. Қазір күн сайын дайын ғимараттың инженерлік-коммуналдық шығындары үшін де ақша төлеп жатырмыз, – дейді «Қамқор құрылыс» ЖШС директоры Т.Нұрғазиев.
«МЖӘ бағдарламасы аясында жүзеге асатын бұл жобаның нәтижесінде Круглоозерное кентінің мектепке дейінгі инфрақұрылымы дамып, облыс бюджеті үнемделеді. 27,5 жаңа жұмыс орны ашылады, жергілікті және республика бюджетіне 41 358,43 мың теңге салық ретінде түседі. Балабақша тапшылығы азаяды, өңірдегі МЖӘ жобаларының мақсатты индикаторы жоғарылайды. Сондай-ақ 8 жыл 3 ай мерзімге жасалған МЖӘ жобасы үшін мемлекет тарапынан төленетін 315 243, 46 мың теңге қаржы 4 жыл ішінде өзін өзі ақтап шығады» делінген болатын сараптамада «Алгаритм» технопаркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл сараптама мемлекеттік органның тапсырысымен мемлекет қаржысына жасалғанын айта кетейік.
Біз редакцияға келіп түскен кәсіпкердің шағымына орай бірқатар тиісті орындарға хабарластық. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы А.Нұрғалиева «МЖӘ жобалары үшін мемлекеттік міндеттеме қабылдау үшін облыстық бюджеттік комиссиясының ұсынысы қажет. Аталған жоба 2019 жылғы 5 қыркүйекте өткен комиссия отырысында қолдау таппады» деп жауап берсе, облыстық мәслихат хатшысы М.Құлшардан: «Круглоозерное ауылындағы балабақша туралы мәселе облыстық мәслихат жанындағы «қаржы және бюджет мәселелері бойынша» тұрақты комиссия отырысында қаралған жоқ. Егер Круглоозерное ауылындағы балабақша туралы мәселе облыстық атқарушы органдардан келіп түссе, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары отырыстарында қарауға әр уақытта мүмкіндік бар» деген жауап алдық. Осы жобаның негізгі үйлестірушісі білім басқармасының басшысы А.Тржанова Круглоозерное ауылына балабақша керектігін, бірақ «Қамқор құрылыс» ЖШС ұсынған жобаны облыстық бюджеттік комиссиясы мақұлдамай отырғанын айтады. «Біз бұл жобаны бірнеше мәрте ұсындық. Бірақ дайын балабақша ғимаратын мемлекетке сатып алуға дәл қазір бюджетте қаржы жоқ деген жауап айтылды» дейді А.Тржанова.
Бұл аралықта балабақша күтіп сарғайған ауыл тұрғындары қала, облыс басшыларына, Nur Otan партиясына, тіпті прокуратураға ұжымдық хат жазып, мәселені шешетін мекеме таппай сандалып жүр.
– Төрт баламның екеуі мектепке барады, екеуі үйде. Балабақша кезегінде тұрмыз. Ауылда балабақша ашылса, көп балалы отбасы ретінде бірден алынуы тиіс. Бірақ дайын тұрған балабақшаға кіре алмай отырғанымыз жанға батады. Қазіргі мектеп ғимаратының бірінші қабатын алып тұрған шағын орталық та оқуға кедергі. Менің қызым бірінші сыныпта оқиды, кабинеті екінші қабатта. Заң бойынша олар бірінші қабатта болуы керек еді. Жаңа балабақша ашылса, мектеп ғимараты босап, алаңсыз өз жұмысымен айналысар еді, – дейді ауыл тұрғыны Айнұр Манайхан.
Алдын ала келісілген мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобасы аяқ астынан кедергіге ұшыраған «Қамқор құрылыс» ЖШС өкілдері уайымдап отыр. Тиісті орындарға жіберілген шағымдар, БАҚ-та көтерілген мәселе әзірге нәтиже шығарар емес. Құрылысшылар енді республикалық деңгейдегі органдардан араша сұрамақ.
Батыс Қазақстан облысы