Қоғам • 29 Қаңтар, 2020

Такси және тойымсыздық

1467 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мұның соңы шетелден келген қонақтардың елімізге деген сеніміне селкеу түсіретінін көріп жүрміз. Неге дейсіз ғой. Тарқатып айтайық.

Такси және тойымсыздық

Соңғы кезде адамдарды алаңдатқан, қоғамды қобалжытқан оқиғалар аз болып тұрған жоқ. Елорданы құрсауына алған боран, Алматыны қайта-қайта сілкіп өткен зілзала, іргеміздегі көршіге келген індет, осының барлығы да адамзаттың табиғат алдындағы дәрменсіздігінің бір белгісі ғана. Себебі Жаратқан иеміз адамдардың иманы мен нәпсісін таразыға салып отыратын себептерді ұдайы алдан тосады. Бүкіл ғаламды бір тарының қабығына сыйдыра алатын тылсым құдіреттің пенделеріне берген сынағынан сытылдырып шығаратын жалғыз жол – сауапты іс.

Кез келген күрделі жағдайда адамдар өз қылығынан пиғылының айнасына қарайды. Мәселен, қазір солтүстік облыстардағы омбы қарда қаңтарылған көліктерді шығарысып, жолдарды күреп, қар құрсауында қалып қойған жандарға тамақ тасып жүргендерді көргенде жүрегің жылынып, тіршіліктің мәні табылғандай күй кешесіз. Мәселен, былтыр да ел астанасын аяз қысқанда кейбір көліктердің жолай тегін адам тасып жүргенін естіп, жасасын адамдық деп қуанғанымыз есте. Есесіне қақаған аязды күндері амалсыз жолға шығуға, жұмысқа баруға мәжбүр болғандардың мұқтаждығынан еселеп пайда табуға ұмтылған таксилердің қылығы жанымызды жауратады.

Такси дегеннен шығады. Кез келген мемлекет әуежайдан басталады. Ұшақтан түскенде Сізді әуежайдан сол халықтың өкілдері, келбеті, ауа райы, мәдениеті күтіп тұрады.

Ақиқатын айту керек, бұрын Алматыға аяғымыз тигенде жан-жақтан таксилер қолыңнан тартқылап, анталағанда қайда қашып құтыларыңды білмей, ыңғайсыз күй кешсек те қалыпты жағдай, яки ел ішіндегі ұсақ-түйектердің бірі деп қарап келдік. Ұшақтан өзіңмен ілесе түскен шетелдік қонақтардың алдында қарадан қарап тұрып қысыласың. Әрине қазір әуежайларда бизнестің мұндай жабайы түрі реттеліп келеді. Осыдан бұрынғы екі-үш жылмен салыстырғанда тәртіп бар. Алайда, адамдардың ашкөздігінен болған келеңсіз жайттар әлі де бар. Кейбіреулер мұны әлмисақтан келе жатқан пендешілік арпалыс дер. Бірақ темір тәртіп, қатаң заң ғана мұндай бей-берекеттікті жүйелендіре алады.

Алматыда былтыр такси жүргізушісі шетелдік қонақты халықаралық әуежайдан баратын жеріне жеткізіп, бақандай 33 мың теңгесін қағып алғаны біраз қоғамдық пікір туғызғанын білеміз. Бұл оқиға алдымен әлеуметтік желіні қолданушылар арқылы жария болды. Сол сияқты келесі жүргізуші клиентінен 15 мың теңге алып, «Регион» деген компания атынан жалған түбіртек беріп кеткен.

Асығыстығымызды пайдаланып, әуе­жай­ға әкесінің құнын сұрағандай қым­батқа әкетіп бара жатқан көлік жүр­гізу­шісінен осы қанағатсыздықтың түп-төр­кінін білгенімізде: «Былтыр менің бір танысым шетелдік спортшыларды әуе­жай­дан Достық даңғылының жоғары жағын­да­ғы «Royal Tulip» қонақүйіне 25 мың теңгеге жеткізген» деп, жерден жеті қоян тапқандай қуана «мәлімдеді».

Туризм – бірінші кезекте шетелден келген қонақтың қауіпсіздігі, бас амандығы. Есігінен енбей жатып, алаяқ таксилері қалтаңды сыпырып алатын елге адам келе ме?!

Мәселен, Алматы халықаралық әуе­жайы­ның баспасөз қызметі жоғарыда шетел­дік қонақтардың 15, 33 мың теңгесін қал­тасына басқан таксилердің іздестіріліп жат­қаны жайлы хабар таратты, бірақ нәтижесі белгісіз.

Рас, осыған дейін әуежайдағы такси қызметі жүйеленбеген болатын. Бүгінгі таңда әуежайға такси қызметін ұсынғысы келгендерге талап ортақ. Тек патенттелген және тіркелген көліктерге ғана орын бар. Сондықтан сарапшылар такси қызметі үшін тарифтік бағаны да бір жүйеге келтіру керектігін айтады. Сол кезде қала қонақтары ынсапсыз көлік жүргізушілерінің қақпанына түспес еді.

«Жол мұраты – жету» демей ме? Діттеген жеріне жеткенше жолаушының тағдыры жүргізушінің қолында. Қашан да аманатқа қиянат жүрмейді. Такси де көлігіне отырған жолаушыны жаратушының аманаты деп түсінуі керек.