Қоғам • 29 Қаңтар, 2020

Отанымның бір кірпіші болып қалансам арманым жоқ

636 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кірісер алдындағы ұлықтау рәсімінде елімізді дамытуда жастар әлеуетінің ерекше екенін айтып, «Президенттік жастар кадрлық резервін» жасақтау мәселесін алғаш көтерген болатын. 27 тамызда Президенттік жастар кадр резервін жасақтау туралы Президент Жарлығы шығып, ұлттық комиссия құрылды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен Жастар жылына арналған ең маңызды айрықша бастама болды. Жалпы Президенттік жастар кадр резервіне енуге арналған байқау 6 кезеңнен тұрды.

Отанымның бір кірпіші болып қалансам арманым жоқ

Жалпы конкурстық кезеңдер қа­ты­су­шылардың төмендегі құзы­рет­тілік көрсеткіштері бойынша: талдау және шешім қабылдау, жұмыс барысын басқару, көшбасшылық, жаңашылдық және өзгерістерді басқару, сендіре білу, шығармашылық, сыни ойлау бағыттары Мемлекет басшысы жолға қойып отырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына негізделеді деп ойлаймын. Бұл құзы­рет­тіліктер резервшілердің ха­лық­пен етене жұмыс істеу, сонымен бірге еліміздің әлеуметтік-экономикалық мә­селелерді шешу қабілетіне сай жа­салған.

 Бұл жобаның үлкен артықшылығы елі­міздегі кадр таңдаудағы ескі үр­діс­тен ада болуы. Атап айтқанда, бұрын жоғары лауазымды қызметке қою үшін алдымен төменгі мекемелер өз кандидаттарын ұсынатын және бірнеше конкурстық кездесулерден кейін қажетті тұлға таңдап алынатын. Шыны керек, осы орайда тамыр-таныстық және сыбайлас жемқорлық фактілері кездесіп жататын. Ал қазіргі жаңа жобаның әр кезеңінде әділдік, ашықтық, шынайы бағалау белгілері айқын көрінді. Осы жоба тетігін же­тіл­­діріп және бейімдеп еліміздегі кез келген салада қызметкер таңдауға қол­данса өте тиімді болады.

Мен Президенттік кадр резервінің мүшесі ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтан­ұл­ының жеке қабылдауында болып, оның университет жанынан құрылып жатқан, қазіргі ғаламдық ғылымның дамуындағы ең маңызды саланың бірі биомедицина саласын елімізде дамытуға бағытталған Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметіне тағайындалдым. Биомедицинаны елімізде дамыту туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында өсудің басым бағыттары ретінде инновациялық және сервистік секторларды дамытуға ерекше көңіл бөлу жөн екендігін, оның ішінде, ең алдымен, «болашақтың экономикасының» баламалы энергетика, жаңа материалдар, биомедицина, үлкен деректер, заттар интернеті, жасанды интеллект, блокчейн және басқа да бағыттарын ілгерілетуді қамта­масыз ету қажет екендігін айт­қан болатын.

 Негізінде мен конкурсқа еліміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және оны жаңа белеске көтеру мақсатындағы «Қазақстанның бола­шақ фермерлері» деп аталатын жобамды SWOT талдауға негізделе отырып еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына ғылыми техниканы енгізу, халыққа ауылшаруашылық саласы бойынша ағарту жұмыстарын жүргізу, осы сала бойынша теле-радио кешенін ашу секілді идеяларымды ұсынған едім. Екіншіден, конкурс­тан өткен соң еліміздің солтүстік аймақтарын дамыту және қазақ көшін сол жаққа бұруға мұрындық болу ойымда болған. Болашақта осы салада жа­уапты жұмыс істегім келеді. Себебі бұл еліміздің стратегиялық маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Мен тәуелсіз Қазақстанның көші-қон саясатының жемісімін. 2005 жылы атажұртқа келдім. Осы күнге дейін ілікке алатын бір жетістікке жеткен болсам, ол әуелі Жаратушының, сосын тәрбиелеп өсірген ата-анам­ның, отбасылық қолдаудың арқасы. Әрине, бұның бәрі ішкі және генетикалық, әлеуметтік факторлар. Ал осы іштегі ақыл-ой дәнінің бүр жаруына тамаша орта болды. Ол менің тәуелсіз Отаным, Ұлы далада өмір сүріп, маң­дайым­нан сипаған атажұрттағы қара орман халқым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бас­та­­ма­шы­лы­ғы және жолға қойған өте тиімді сая­сатының арқа­сын­да 1997 жылы сол кездегі ел аға­ла­ры­ның ең­бегімен «Ха­лықтың көші-қоны туралы» заңы қа­был­­данып, шетелден миллионнан астам қандас бұл күнде елге оралды. Алғысым шексіз! Әсіресе сырттан келіп қазақстандық жоғары оқу орын­дарында білім алған жастар бүгін­де еліміздің әр саласында аянбай еңбек етуде. Мен де соның бірімін. Мен үшін үлкен жетістік – тәуелсіз Ота­ны­ма Абай атамыз айтқандай, «бір кір­піш болып қалану».

 

Әлібек ЫДЫРЫСҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биомедицина ғылыми-зерттеу орталығының директоры