Руханият • 29 Қаңтар, 2020

Шығыстану ғылымының жаңа жетістігі

1022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тарихы мен мәде­ниеті шығыс елдері­мен тығыз бай­ланысты. Халқы­мыздың түркілік ежелгі және орта­ғасырлық тари­хының дерек­тері қытай, парсы, араб һәм түр­к тілдерінің жазбаларында молынан көрініс тапқан.

Шығыстану ғылымының жаңа жетістігі

Бірақ кеңестік кезеңде түрлі сая­си себептерге орай шығыстану саласы Қазақстанда 1989 жылға дейін өз алдына жеке мекеме ретінде құрыла алмады, тек 1989 жылы ғана Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Шығыстану факультеті ашылды. «Ештен кеш жақсы» демекші, бүгінге дейін аталған оқу орнын бітірген көптеген түлектер тәуелсіз Қазақстанның саяси, мәдени, дипломатия және экономика саласында елеулі қызмет етіп келеді. Біздің шақыруымызбен тарихи Отанына оралған Ислам Жеменей – шығыстану саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан Ираннан келген қандас ғалымдардың бірі. Ислам Жеменей Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты классикалық энциклопедиялық еңбегін Өзбекстан, Тәжікстан және Лондондағы (Тегеран, А.Ғаффари Фәрд нұсқасы бойынша) қолжазба нұсқаларын салыс­тырып, мәтін сөздерін, терминдерді, қасиетті Құран аяттары, түркі өлеңдері, көне сөздерін анықтап, кітаптың толық нұсқасын дайындады. Текстологиялық толық нұсқасымен бірге шығарманың тарихи, әдеби, діни, саяси және тілдік маңызына арнап кіріспе, түсініктеме жазды. Кітап кіріспесінде қазақ тарихының Қазақ хандығы құрылған 1465 жылдан бұрынғы кезеңнен бас­тап, қазіргі тарихына дейін шолу жасалған. Бұл академиялық еңбек Иран Ислам Республикасының Мәдениет және исламды дәріптеу министрлігінің шешімімен бекітіліп, Тегерандағы «Оғызхан» баспасынан жарық көрді. Бұл құнды еңбек бастама ретінде өз жалғасын тауып жатса, қазақ тарихына қатысты барлық жазба деректер өз сүзгімізден өтіп, тәржіма жасалатын болады.

Кітаптың алғы сөзінде Ислам Жеменей: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шы­ғыс­тану фа­культетінің қабырғасында шығыстану ғылымына көңілім ауып, «Тарих-и-Рашидидің» зерттелуіне қызыққан едім. Бұл зор еңбек еліміздің тәуелсіздігі әрі ғылыми жетекшілерім мен тілектес әріптестердің ортақ жемісі болып жарық көргеніне қуаныштымын», дейді. 

Қазір «Тарих-и-Рашиди» қолжаз­баларының текстологиясы үш кітап болып жарық көрді. Әуелі екі дәптерден тұратын Мұхаммед Хайдар Дулатидің еңбегін екі том етіп шығарған. Бірінші томы 230 бет және екінші томы 655 бет.

Сондай-ақ екі дәптер (781 бет) толық бір томда жарық көрген. Бұл томда Ислам Жеменейдің «Тарих-и-Ра­ши­диінің» қазақ тарихына, мәдениетіне, әдебиет пен тіліне қатысты жазған анықтамалық кіріспесі бар. Аталған барлық томдарда жер-су, адам аттарын кесте бойынша оңай табуға болады. Әрі әр томда түрк өлеңдерін парсы тіліне аударған. Ал қазіргі қазақ тілінде қолданып келе жатқан көне түрк сөздеріне арнап түрк-парсы сөздігі жасалған. Осылайша парсы тілінде жаңадан шыққан «Тарих-и-Рашидиде» алдыңғы басылымдарда бұрмаланған көне түрк сөздері мен өлеңдері қалпына келтіріліп, оның қазақ тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне және тіліне қатысты түркілік мұра екендігі нақтылана түскен. Еңбек Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде тұңғыш текстологиялық еңбек ретінде 2014 жылы жарық көрген кітаптың жалғасы іспеттес әрі қазақтың шығыстану саласының жаңа белеске көтерілгенінің айғағы деп білеміз.

2

 

Болатбек Батырхан,

шығыстанушы, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми қызметкері