Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

143 жолаушы құтқарылды

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында соңғы аптада толассыз соққан дүлей боран салдарынан жол қатынасы қиындап кетті. Өңірде соңғы бір жеті ішінде қар шамадан тыс қалың түсіп, ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран күшейіп тұр. Сондықтан республикалық маңызы бар күре жолдардың бойындағы 5 аумақта және облыстық маңызы бар жолдардың 22 аумағында көлік қозғалысына шектеу қойылды.

143 жолаушы құтқарылды

– Облыстық төтенше жағ­дай­лар департаментінің құт­қарушылары соңғы үш тәулік ішінде 21 құтқару шарасын өткізіп, қар құрсауында  қалған 121 жолаушының өмірін аман алып қалды. Олардың ішінде 6 бала бар. Зардап шеккендер жоқ. Құт­қару жұмыстары әлі де жал­ғасуда. Қаңтардың 28-іне қараған түні Аманкелді, Қамысты, Әулие­көл, Қостанай аудандары мен Арқалық қаласының маңында 8 құтқару шарасын өткізді. Нәтижесінде көлік­тері қарға батып қалған 22 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге жет­кізілді, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.

Облыс құтқарушылары күн-түн демей қырағы күзетте тұр. Олар  жолда қалғандарды құтқа­румен қатар, қар құрсауындағы елді мекендердің тұрғындарына көмек көрсетуде. Мәселен, 27 қаңтар күні Чернигов ауылының әкімі Әулиекөл ауданының құт­қа­рушыларына  хабарласып, ыстығы көтеріліп жатқан 3 айлық нәрестені 45 шақырым қа­­шықтықта жатқан аудандық ауруханаға шұғыл жеткізуді сұраған. Арнайы техни­каның кү­шімен елді мекенге жедел жет­кен құтқарушылар ана мен баланы дер кезінде ауруханаға жеткізді.

«Қазгидрометтің» облыстық фи­­лиа­лының инженер-синоптигі Светлана Канның айтуынша, сәр­сен­біден бастап өңірде боран толас­тап, арты аязға ұласады.

 

Нұрқанат ҚҰЛАБАЕВ

 

Қостанай облысы