Әлемді би ырғағымен баураған карнавалдар елінде сұрыпталып, түрлі сынақтан өткен жекпе-жекке «Аше Капоэйра» деген ресми атау берілген. Мұның негізін бразиялиялық атақты би шебері, спортшы Гранд Мештрэ Баххао қалаған. Спорттық жекпе-жек түрі ретінде ең жас өнер болып танылғанымен, капоэйромен шұғылданушылар қатары бір қауым елге айналыпты. Қазір бұл спорттан дүниежүзілік жарыстар өтіп тұрады. Тіпті алыс құрлықтан басталған өнер даңқы Талдықорғанға дейін жетіп үлгерген. Осы жекпе-жектен өткен әлемдік додаға Жетісу жерінің ғана емес, жалпақ Қазақстанның намысын қорғап барған жеткіншек Еуропа чемпионы атаныпты.
Талдықорғандық Виктор Ким – өткен жылдың соңында Париж қаласында екінші рет ұйымдастырылған Vet Mandingueira фестиваліне Қазақстаннан барған жалғыз қатысушы. Осы фестиваль аясында капоэйро-Calado турнирі өткен екен. Кішкентай капоэйрошы сонда шаршы алаңға шығып, қарсыластарының барлығын жеңіпті. Сөйтіп Еуропа чемпионы атанды. Талдықорғандық жеткіншектің жетістігіне жекпе-жек өнерінің атасы саналатын Гранд Мештрэ Баххаоның өзі тәнті болып, тілектестігін білдірген екен.
– Виктор болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы. Жалпы, капоэйромен шұғылдану дене еңбегін ғана емес, адамның сана-сезімін, ойлау қабілетінің тереңдігін қажет етеді. Өйткені бұл өнер соққы мен акробатика элементтерінің жиынтығы ғана емес, бүтін философиялық жүйеге құрылған қимыл-қозғалыс желісі. Яғни, капоэйрошыға күш, жылдамдық, ішкі қуатпен қатар сананы да жүрекпен басқара білу дағдысы тән. Шәкіртімнің бойынан осы талапқа сай келетін ұшқынды байқаймын. Нәтиже жаман емес. Францияда өткен чемпионатта жеңіс тұғырына көтерілді. Еуропаның жас капоэйрошылары Виктордың мықтылығын мойындады, – дейді жаттықтырушы Рустам Балабаев.
Алматы облысы