Аймақтар • 29 Қаңтар, 2020

Қызылорда: Кәсіп иелері көп мәселеге қанықты

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің іскерлермен кездесуі Жаңақорған ауданында жалғасты. Бұл туралы палатаның баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда: Кәсіп иелері көп мәселеге қанықты

Кездесуде мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар мемлекет тарапынан берілетін субсидияның кәсіпті дамытуға айтарлықтай көмек екендігін, бірақ, соңғы уақытта бейресми дерек көздерінен қалыптасқан бұл жүйеге өзгеріс енгізілетіндігі жөнінде естіп, алаңдап отырғандықтарын жеткізді.

Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммет Сыздықов ресми нормативтік-құжаттарға әзірге өзгеріс енгізілмегендігін, бұл өтініш орталық аппаратқа жолданатындығын айтты.

Мұнан өзге, кездесуде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік мақсатта беріліп жатқан қайтарымсыз қаржыға, түрлі гранттарға, салық заңнамаларына енгізілген өзгерістерге, кәсіпкерлікпен айналысуға арналған оқу курстарына қатысты сауалдар қойылып, тұщымды жауаптар берілді.

Жаңақорған ауданында қазір 4168 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс жасауда. Былтыр палата мамандары 458 азаматқа кеңес беріп, 607 сервистік қызмет көрсеткен. Инновациялық грантқа құжат тапсырған 30 адамды оқытып, құжаттарын әзірлеп берген. Нәтижесінде 8 жаңақорғандық грантқа қол жеткізіпті. «Бастау» жобасы бойынша 480 адам, «Жас кәсіпкер» жобасымен 115 жасты оқыған. Бүгінде сол жастардың 98-і кәсібін бастап кетті. Жалпы ауданда өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында 653 азамат кәсіпкерлік мақсаттағы мемлекеттік қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген.