Әлем • 29 Қаңтар, 2020

Қытайдан келгендер түгел бақылауда болады

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирустың алдын алу шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен ауру белгілері байқалған науқастардың жағдайы туралы күнделікті брифинг өткізуде.

Қытайдан келгендер түгел бақылауда болады

Журналистермен бүгінгі кездесуінде еліміздің бас санитарлық дәрігері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кәсіпкерлерге өтініш білдірді.

«Қазақстанда дәстүрлі медициналық маскалардың 5 отандық өндірушісі бар. Құрметті отандық медициналық маска өндірушілер! Біз тек дәрі-дәрмектің ең жоғары бағасын реттейміз. Маска бағасын реттей алмаймыз. Сондықтан да ел азаматтары үшін қажетті көлемде маскалар шығаруларыңызды өтінеміз» деді ол. 

Жандарбек Бекшиннің айтуынша, 6 қаңтардан бері Қытайдан елімізге 12 610 адам келген. Оның 12 365-і Қазақстан азаматы болса, 245-і – шетелдік. Медицина мамандары олардың  51,1%-ына, атап айтқанда, 6 449 адамға қоңырау шалып, шағымдарын сұрап сөйлескен. Олардың барлығын бақылау үшін бұл жұмыстың жалғаса беретінін жеткізген бас санитарлық дәрігер: «Қазіргі уақытта 35 адам жеке ауруханаға жатқызылып, бөлек бөлмелерде  оқшауланды. Олардың 22-сіне жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ/ОРВИ), 4-іне тұмау, біреуіне тұмау және параинфлюценоз диагнозы қойылды. Осылайша, 27 адамда маусымдық сырқат анықталды. Қалған 8 адамды және бұдан кейінгі сырқаттарды бақылау үшін сынамалар алып, Алматыдағы Айқымбаев атындағы Ұлттық инфекциялық ғылыми орталығына жібереміз. Бұл орталық жаңа коронавирусты ПТР-диагностикалау әдістемесін игерген. Қазақстанда коронавирус инфекциясын болдырмаудың барлық ресурстары бар, сондай-ақ, біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен және Ресеймен өзара кәсіби көмек туралы келістік» деді.

Сонымен қатар Ж.Бекшин әр аймақтағы жағдайға да жеке-жеке тоқталды. Спикер Хайнанда демалып келген қызылордалық азаматтың суық тигізгенін, жамбылдық бір пациентке ЖРВИ диагнозы қойылғанын, ал Алматыдағы науқастардың жағдайы оңалғандықтан, жақында үйлеріне қайтатынын айтты.  

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытай мемлекеті эпидемияның алдын алуға қабілетті екендігіне сенімді. Халықаралық ұйым әлем елдеріне өз азаматтарын Қытайдан эвакуациялауға кеңес бермейді, өйткені олар халықаралық қауымдастықты сабырлы болуға және болып жатқан оқиғаларға шамадан тыс реакцияға жол бермеуге шақырады. Осыны айтқан Ж.Бекшин Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік қызметшілердің іс-сапарларын шектейтін қаулы шығарып, барлық халықаралық бұқаралық спорттық жарыстар кейінге қалдырылғанын және Қытайда теміржол жолаушылар тасымалы тоқтатылғанын атап өтті.