Мәселен, өткен жылдың соңында Еңбекшіқазақ ауданының полициясы 16 жастағы оқушы қызды табандарынан таусылып іздеп, 4 күн әбігерге түскен болатын. Іздеу жұмысына Алматы қаласының тәртіп сақшылары мен еріктілер тартылып, Гүлжан есімді қыз бала қала орталығындағы Арбат демалыс аумағынан табылған еді. Оқушы қыз үйден кетіп қалу себебін түсіндіре алмаған. Жалпы, осы Еңбекшіқазақ ауданында адам жоғалу дерегі жиі тіркеліп отыр. Былтыр 30 адамға іздеу жарияланса, оның үшеуі – кәмелетке толмаған бала.
Ал қаңтар айының он екісінде Қаратал ауданының тәртіп сақшыларына екі баланың із-түзсіз жоғалғаны туралы дабыл түскен. Ортатөбе ауылында тұратын Луниндер отбасының 2004 жылғы Елизавета және 2006 жылы туған Виталий есімді ұл-қызы үйден шығып кеткеннен оралмапты. Полиция күні бойы айналаны шолып, оқушылар баруы мүмкін бағыттардың бәрін тексерген. Қуанышқа қарай, ағайындылар басқа ауылдағы туысқандарының үйіне бара жатқан жолда адасып, кері қайтқан екен. Полиция оларды ата-анасының қолына тапсырды.
Тіпті, жақында Ескелді ауданына қарасты Нұрмолда Алдабергенов ауылындағы орта мектептің 8 және 6-сыныбында оқитын екі қыз жоғалып, бір тәуліктен кейін Алматы қаласындағы «Сайран» автобекетінің маңындағы пәтерден табылды. Екі жас қыз үйден кетіп қалу әрекетін «қала аралап қайтпақ» болғандарымен түсіндіріпті. Олардың қалтасында 17 мың теңге ақша болған. Полиция ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдердің Алматыға дейін қандай көлікпен барғандарын және кәмелеттік жасқа толмағандарға пәтерді кімнің жалға бергенін анықтап, жауапқа тартпақ.
Жалпы, баланың бетімен кетуіне біржақты қарауға болмайды. Бірақ болған оқиғадан кейін тәртіп сақшылары жауапкершілікті көп жағдайда ата-анадан сұрайды екен. Мектеп әкімшілігі де оқушының өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатысты өз міндетін тек ғимарат аумағынан шыққанға дейін ғана атқарып отыр. Демек, кінәнің бір ұшы отбасында жатқаны анық. Тәжірибелі ұстаз, Талдықорған қаласындағы №16 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гаухар Омарбекқызы да осындай ой айтады.
– Тәрбие мәселесіне ата-ана да, мұғалім де, тіпті оқушының өзі де жауапты. Бірақ бала тәрбиесін қазір толық мұғалімнің мойнына артып тастаған сияқты. Ата-ана «таңнан кешке дейін жұмыстамыз» деп сылтауратады. Ал мұғалімдер күніне 150-200 балаға сабақ береді. Сол 150 баланың әрқайсысының мінезімен айналысуы керек. Кейде біздің де қатты кететін кездеріміз болады. Бірақ сол «тәйт» дегенді бала үйіне айтып барады. «Ол сенің ұстазың. Мұғалімнің айтқаны – заң. Бәлкім, сенің әрекетің дұрыс болмағаннан кейін ескерту жасаған шығар» деп, себеп-салдарына көзін жеткізіп, тыйым айтқанның орнына, баласының сөзін сөйлейтін ата-ана көп. Отбасында, дастарқан басында отырғанда баласымен сөйлесіп, жаңағыдай сөздерді айтып отырса келеңсіз жағдайлар болмас еді, – дейді Гаухар Омарбекқызы.
Айтпақшы, аймақта балалар арасындағы құқықбұзушылық та көбейіп тұр. Мұның бір себебін құзырлы органдар мектеп инспекторларының жетіспеушілігінен іздейді. Қазір аймақтағы 760 білім беру мекемесінде бар болғаны 182 полиция уәкілі жұмыс істейді екен. Ал былтыр облыста жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4,3 пайызға өсіпті. Яғни құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жүргізілген жедел іс-шараларға қарамастан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Полиция өткен мерзім ішінде 4 рет «Жасөспірім» шарасын, 3 мәрте «Түнгі қаладағы балалар» акциясын өткізіпті. Ол бойынша кәмелетке толмаған баласын қараусыз жіберген 4 мыңға жуық ата-анаға әкімшілік айыппұл салынып, 66 ойын-сауық орталығының иесі жауапкершілікке тартылған екен.
Алматы облысы