Аймақтар • 30 Қаңтар, 2020

«Мұз полицейдің» мінсіз қызметі

1028 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың жақсы атын әнші Димаш Құдайбергеннің әлемге әйгілеп жүргені белгілі. Енді ата-тегі Құдайберген болып келетін тағы бір азамат тәртіп сақшыларының төмендеп кеткен абырой-беделін көкке көтеріп, елге жағымды жағынан танытты.

«Мұз полицейдің» мінсіз қызметі

Кешелі-бүгін әлеуметтік желіні Дамир Құдайберген есімді полиция қызметкерінің бетін мұз басқан фотосуреті шарлап кетті. Арқаның ат құлағы көрінбейтін алапат боранында жолда қалғандардың амандығы үшін аянбай қызмет еткен «Мұз полицейге» деген елдің пейілі ерекше. Дамирге жұрт дән риза болып жатыр.

Кеше кезекшілігін тапсырып, үйінде демалып жатқан Дамир Құдайбергенмен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Дамир, сіздің бетіңізді мұз басқан фотосуретіңіз әлеу­меттік желі қол­дану­шылар ара­сында қызу тал­қыға түсіп жа­тыр. Бұл сурет қандай жа­ғдайда түсірілді?

– Алдыңғы күні таңертең қатты боран соққанда біз әріптесім, полиция лейтенанты Болатбек Нұролла екеуміз арнайы техника аршыған жол­дағы жиырма шақты көліктен тұратын колоннаның соңынан жүріп отырдық. Теміртау мен Қарағандының орта тұсына келгенде көліктер омбы қарға кептеліп, жүре алмай қалды. Боран болса күшейіп, қарға адым жерді көру мұңға айналды. Қар, тіпті, машиналардың үстінен жүріп кетті.

Жағдай осындай болған соң біз адамдарды көліктерден шығара бастадық. Сол кезде көмекке аға лейтенанттар Данияр Кенжебеков, Тайтөлеу Жанұзақов және батальон командирінің орынбасары по­ли­ция капитаны Бекзат Сәу­лем­баев келіп жетті. Біз 40 шақты адамды арнайы тех­ни­каларға және өзіміздің қыз­меттік көліктерімізге отыр­ғы­зып, облыс орталығына жет­­кізіп салдық.

Ал фотоны біз құтқарған адамдардың бірі түсірсе керек. Айтайын дегенім, көлік иелерінің көбісінің бойында үрей болды. Олармен жеке-жеке әңгімелесіп, сабырға ша­қырып, тыныштандыруға тура келді.

– Қазіргі уақытта денсау­лығыңыз қандай жағдайда?

– Тамағыма аздап су­ық тигені болмаса, бәрі ойда­ғыдай. Менің әлеуметтік же­лі­де тарап кеткен фотомды көріп, туған-туыстар жан-жақ­тан хабарласып, алаң­дау­шылық білдіріп жатыр. Өзім де бұл суретті үйге келгенде бір-ақ көрдім.

Жалпы, мұнда тұрған түк те жоқ деп ойлаймын. Сол жер­де менімен бірге болған әріптестерім де қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан аямай көмек көрсетті. Адам­дарға қол ұшын беру – біздің қызметтік парызымыз ғой.

– Полиция қатарында жұ­мыс істеп жүргеніңізге қан­ша уақыт болды? Өзі­ңіз­ді таныстыра кетсеңіз.

– Қарағанды қаласының тумасымын. Ішкі істер ор­ган­дарында 2011 жылдан бері жұмыс істеймін. Был­тыр батальонға ауыстым. Қа­зір облыстық поли­ция де­партаментіне қарасты па­трульдік полиция қызметінің инспекторы болып қызмет етемін. Полицияның аға лейтенанты деген шенім бар.

– Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтсаңыз. Қызметтен оралғанда үйде сізді кімдер күтіп отырады?

– Зайыбым екеуміз екі ұл өсіріп жатырмыз. Ол кісінің есімі Назира, үйде бала тәр­биесімен айналысады.

– Қажырлы қызметіңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 

Қарағанды облысы