Экономика • 30 Қаңтар, 2020

Тірі малды сату – тиімсіз

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газе­тінде таяуда әріптесіміз Сұңғат Әліпбайдың «Мал экспортына неге тыйым салынды?» атты мақаласы жарияланып, онда Ауыл шаруашылығы министрлігі мал экспортына толық тыйым салғаны туралы мәлімдеме жасағаны айтылған болатын. Қазақстанның экономикалық саясаты экспортты арттыру керек деген талапты үнемі алға ұстап отырғанда, бұл алғашында ағысқа қарсы жүзген шешім болып көрінуі мүмкін.

Тірі малды сату – тиімсіз

Алайда министрлік бұл шешім­ге басқа амалдың жоқ­тығы­нан барып отыр. Елі­міз­дегі мал санын көбейтуге кедергі көп. Былтыр ғана елі­мізден 150 бас ірі қара мал және 250 мың бас қой сыртқа тірідей шығарылған. Оның жартысынан астамы ұрғашы мал екен. Басым көпшілігі Өзбекстанға өткізілген. Өз­бек ағайындардың іскерлері Қазақстаннан көбінесе арық малдарды арзан­ға алып, аз уақытта семіртіп, етінен өң­дел­ген өнімді нарыққа шы­ға­ратыны белгілі болып отыр. Мал­ды арзанға сату – қазақстандық фермерлердің және ет өнімдерін шығара­тын кәсіпорындардың мүд­десіне кереғар мәселе. Шаруа қаншама азаппен күткен, асыраған малының толық пайдасын көруі керек. Жоғары­дағы мақалада айтыл­ғандай, қазір қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары шикізат­тың аздығынан 30-40 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Тірі малды сыртқа әкетуге тыйым салынбаса, оларға шикізат жеткізу көлемі тіпті төмендей түседі. Сайып келгенде, бұл жұмыс орындарының азаюына, дайын өнім көлемінің қысқаруына, мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемінің кемуіне соқтырады.

Біз осы мәселенің Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуалын зерттеген едік. Былтыр облыста 15 мың тірі мал сыртқа шығарылыпты. Алайда облыс аумағынан шыға­рылған малдың дені оңтүстіктегі об­лыстарға кеткен. Ал ол жақ­тан негізгі бөлігі Өзбекстан аумағына өткі­зілгені де белгілі болып отыр. Өйткені көпшілігі әзірге сою­ға жарамайтын жас мал. Оны өзбек ағайындар жоға­рыда айтқаны­мыздай өсі­ріп, семіртіп сойып, дайын өнім түрінде ішкі-сыртқы нарыққа шығарады.

Біз министрліктің экспор­т­қа тірі мал шығармау жөнін­дегі ше­ші­міне жергілікті фер­мер­­­­лердің қан­дай пікірде екенін білдік. Соның ішінде «Заг­радовка» ЖШС директоры Иван Фесенко министрліктің шешімін толық қолдайтынын айтты. Оның шаруашылығы малдың етті тұқымын өсіреді. И.Фесенко: «Тірі малды сату – бізге тиімсіз, біз ет түрінде өткізгенді қалаймыз. Қазір малымызды жергілікті ет комбинатына өткізудеміз. Сыртқа дайын өнім түрінде шық­қа­ны бізге де, елге де пайдалы», дейді.

«Петерфельд АГРО» ЖШС бас директоры Асқар Мәдиевтің шаруашылығы 4572 гектар жерге астық егіп, бірнеше мың бас мал өсіреді. Біраз жылқысы, қазақтың ақбас тұқымды сиырлары, қойы бар. «Мен министрліктің шешімін қолдаймын. Біз малды өзіміз өсіріп, пайдасын көруіміз керек. Тірідей сатып жібергеннің пайдасы аз. Құдайға шүкір, мал семіртуді ата-бабамыздан бері білеміз», деді А.Мәдиев.

300-ге жуық ірі қара өсіріп, етін өткізіп, сүтін сауып отыр­ған «Боль­шая малышка» ЖШС директоры Ер­ғали Ғаб­дуллин де осы сөзді айтты. Ол да министрліктің малды тірідей сыртқа сатуға тыйым салғаны дұрыс деп ойлайтынын жеткізді.

Біз пікірін білген фермер­лер арасында тек «Мам­бетов и К» ЖШС директоры Еркебұлан Мамбетов қана бұл шешімге аса риза емес­­тігін айтты. Ол өсіріп отыр­ған өгізшелерін сатып алып кететіндерге риза екен. Себебі өзінің сойып сататын алаңы болмай шықты. Бұл да ойластыратын мәселе.

 

Солтүстік Қазақстан облысы