Алайда министрлік бұл шешімге басқа амалдың жоқтығынан барып отыр. Еліміздегі мал санын көбейтуге кедергі көп. Былтыр ғана елімізден 150 бас ірі қара мал және 250 мың бас қой сыртқа тірідей шығарылған. Оның жартысынан астамы ұрғашы мал екен. Басым көпшілігі Өзбекстанға өткізілген. Өзбек ағайындардың іскерлері Қазақстаннан көбінесе арық малдарды арзанға алып, аз уақытта семіртіп, етінен өңделген өнімді нарыққа шығаратыны белгілі болып отыр. Малды арзанға сату – қазақстандық фермерлердің және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың мүддесіне кереғар мәселе. Шаруа қаншама азаппен күткен, асыраған малының толық пайдасын көруі керек. Жоғарыдағы мақалада айтылғандай, қазір қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындары шикізаттың аздығынан 30-40 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Тірі малды сыртқа әкетуге тыйым салынбаса, оларға шикізат жеткізу көлемі тіпті төмендей түседі. Сайып келгенде, бұл жұмыс орындарының азаюына, дайын өнім көлемінің қысқаруына, мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемінің кемуіне соқтырады.
Біз осы мәселенің Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуалын зерттеген едік. Былтыр облыста 15 мың тірі мал сыртқа шығарылыпты. Алайда облыс аумағынан шығарылған малдың дені оңтүстіктегі облыстарға кеткен. Ал ол жақтан негізгі бөлігі Өзбекстан аумағына өткізілгені де белгілі болып отыр. Өйткені көпшілігі әзірге союға жарамайтын жас мал. Оны өзбек ағайындар жоғарыда айтқанымыздай өсіріп, семіртіп сойып, дайын өнім түрінде ішкі-сыртқы нарыққа шығарады.
Біз министрліктің экспортқа тірі мал шығармау жөніндегі шешіміне жергілікті фермерлердің қандай пікірде екенін білдік. Соның ішінде «Заградовка» ЖШС директоры Иван Фесенко министрліктің шешімін толық қолдайтынын айтты. Оның шаруашылығы малдың етті тұқымын өсіреді. И.Фесенко: «Тірі малды сату – бізге тиімсіз, біз ет түрінде өткізгенді қалаймыз. Қазір малымызды жергілікті ет комбинатына өткізудеміз. Сыртқа дайын өнім түрінде шыққаны бізге де, елге де пайдалы», дейді.
«Петерфельд АГРО» ЖШС бас директоры Асқар Мәдиевтің шаруашылығы 4572 гектар жерге астық егіп, бірнеше мың бас мал өсіреді. Біраз жылқысы, қазақтың ақбас тұқымды сиырлары, қойы бар. «Мен министрліктің шешімін қолдаймын. Біз малды өзіміз өсіріп, пайдасын көруіміз керек. Тірідей сатып жібергеннің пайдасы аз. Құдайға шүкір, мал семіртуді ата-бабамыздан бері білеміз», деді А.Мәдиев.
300-ге жуық ірі қара өсіріп, етін өткізіп, сүтін сауып отырған «Большая малышка» ЖШС директоры Ерғали Ғабдуллин де осы сөзді айтты. Ол да министрліктің малды тірідей сыртқа сатуға тыйым салғаны дұрыс деп ойлайтынын жеткізді.
Біз пікірін білген фермерлер арасында тек «Мамбетов и К» ЖШС директоры Еркебұлан Мамбетов қана бұл шешімге аса риза еместігін айтты. Ол өсіріп отырған өгізшелерін сатып алып кететіндерге риза екен. Себебі өзінің сойып сататын алаңы болмай шықты. Бұл да ойластыратын мәселе.
Солтүстік Қазақстан облысы