Экономика • 30 Қаңтар, 2020

Құрылыстағы кілтипан – қазақстандық үлестің аздығы

427 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Статистика комитетінің мәліметі бойынша экономиканың негізгі салалары арасында құрылыс саласының дамуы басым сипатқа ие болып отыр. Мәселен, былтыр 2018 жылмен салыстырғанда ауыл, орман және балық шаруашылығы – 100,9 па­йыз, өнеркәсіп – 103,8 пайыз, көлік – 105,1 пайыз, байланыс – 105,2 пайыз, сауда – 107,6 пайыз даму көрсеткішін көрсеткенде, құрылыс саласының даму деңгейі 112,9 пайыз болды. Бұл құрылыс саласының 2019 жылы бәрінен де жоғары қарқынмен дамығанын көрсетеді.

Құрылыстағы кілтипан – қазақстандық үлестің аздығы

Әрине, елімізде құрылыс саласының қарқынды дамуына бірнеше фактордың әсері бар. Соның ең бастысы ретінде мұнай факторын айтуымыз керек. Сыртқа мұнай мен газ, металл саудасынан түскен қаржы мен инвестициялар инфрақұрылымдық құрылыс саласының өркендеуіне жол ашты. Ал мемлекет болса түрлі тұрғын үй бағдарламаларын ұйымдастыру және оны ипотекамен қамту арқылы азаматтардың жеке қаржыларын тұрғын үй құрылысына қарай бағыттай білді. Бұл ретте қалаларда салынып, сатылып жатқан пәтерлерге ие болсам деген қарапайым халықтың ұмтылысы мен ерік-жігерін де атап көр­сетуіміз керек. Көптеген қарапайым адамдар қолдарындағы азын-аулақ қаржысын бала-шағасының аузынан жыра отырып, пәтер алуға немесе үй салуға жұм­сауда. Мұны статистикалық деректер арқылы да дәлелдеуге болады. Мәселен, Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ер­мек Мүсіреповтің айтуынша, былтыр са­тыл­ған үйлердің 80%-ы несие арқы­лы ре­сім­делген. «Халықтың қолында ар­тық ақша жоқ. Адамдар көбінесе тұр­ғын үйді ипотекалық несиемен алады. Жыл­жы­май­тын мүлік нарығының ойыншылары адам­д­ардың қолында артық ақша жоқ екенін біліп отыр. Сондық­тан бағаның өсуіне негіз жоқ», дейді ол.

Статистика комитетінің дерегі бо­йынша, 2019 жылы үй сату мен сатып алу көрсеткіші 2018 жыл­мен салыстырғанда 21%-ға артқан. Осындай жағдай­ды есепке ала отырып, жыл ба­сында тұрғын үй бағасы қымбат­тайды деген сөз тараған еді. Ермек Мүсірепов бұл қоғамды дүрлік­тіру үшін жасалған маркетинг­тік қадам екенін айтады. Оның сөзінше, қазір жылжымай­тын мүлік нарығында бәсеке­лестік қызып тұр. Бұрын­ғыдай емес, ұсыныс көп. Яғни тұты­ну­шы­ларда таңдау бар. «Бағаны өсіре беруге болады. Алайда қымбат және ауданы үлкен үйлер өтпейді. Адамдар көбіне­се бір-екі бөлмелі пәтер алады. Себебі олар­дың қаржылық мүмкіндігі бұдан үл­кен үйге жетпейді», дейді ол.

Міне, осындай жағдайда, яғни адам­­дардың пәтер сатып алуға деген ұмты­лысы барынша ширығып тұрған сәтте тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын төмендету арқылы адамдар тілегін қана­ғаттандырудың және осы арқылы тұрғын үй құрылысының одан әрі дамуы­на дем берудің (өйткені пәтерлер бағасы төмендесе, сатып алушылар қатары арта түсетіні анық) қандай жолдары бар?

Экономист Бауыржан Ысқақов тұрғын үй бағасының арзандауы үшін оны салуға кететін шығындардың да арзандауы керек екенін айтады. Өкінішке қарай, қазіргі сәтте бұл мүмкін болмай отыр. Себебі құрылыс материалдарының бағасы жыл өткен сайын қымбаттай түсуде. «Құрылыс материалдарының басым бөлігі шетелден тасымалданады. Отандық құрылыс компаниялары шетелдіктермен доллармен есептеседі. Доллардың бағасы құбылған сайын шығын көлемі артады. Кейін құрылыс компаниялары шыққан шығынды тұты­нушының есебінен өтеп алады. Сол үшін жыл сайын тұрғын үй бағасын 10-15%-ға өсіреді. Құрылыс компаниялары құрылыс материалдарын сырттан әкелуін тоқтатпаса, жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай жақсармайды. Қымбатшылық жалғаса береді», дейді ол.

Ендеше, біздің құрылыс компаниялары қажетті материалдарды шетелдер­ден тасуға неге әуес? Өзімізде өндіруге не бөгет?

«Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының» президенті Марал Томпиевтің айтуынша, еліміздегі құрылыс материалдары өнеркәсібінің базасы цемент, бетон бұйымдары, қабырғалық және жылу оқшаулағыштар, гипс, таскендір, арматура, гипсті картон, қиыршық тас, құм және басқа да қажеттіліктер бойынша ішкі сұранысты жабуға толық жетеді. Атал­ған материалдарды құрылыс компаниялары сатып алып, пайдаланып та жүр. Ал құрылыстың кейбір күрделі заттарын шығаруға отандық өнеркәсіп әзірге дайын емес. Басты проблема – ҚХР, Ресей, Беларусь секілді елдердегі әріптестерімен баға мен сапа жөніндегі бәсекелестікке түсе алмауда. Жалпы бұл мәселенің көзге көріне бермейтін проблемалары көп. Соның ішінде отандық өнімге сұраныс деңгейінің төмендігін, осы­дан туындайтын өндіріс қуатына тү­се­­тін жүктеменің жеткіліксіздігін, бар­лық деңгейдегі әкімшілік кедергілерді және еліміздің ішкі нарығындағы сапа стан­­дарттарына сай емес, жасырын және жар­тылай ресми арзан импортты құрылыс материалдарының көптігін айтуға болады.

Марал Қазкенұлы елімізде индуст­риялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығы жарияланған 2010-2014 жыл­дары құрылыс индустриясы осы бо­йынша әзірленген мемлекеттік бағ­дар­ламаға кіріп, оны дамытудың жолдары мен міндеттері белгіленгенін айтады. Міне, сол кезде ішкі нарықтағы отандық құры­лыс материалдарының үлесін 80 пайызға дейін жеткізу көзделген екен. Өкінішке қарай, сөз болып отырған сектор бұл міндет үдесінен шыға алмаған. Отандық құрылыс материалдары 10%-ға ғана көбейіп, 35-40%-дық көрсеткішке ғана жеткен.

Міне, осындай және басқа да бел­гісіз себептерге байланысты құрылыс мате­риал­дарының өндірісі 2015 жылдан бас­тап экономика саласының басым­дық бері­летін секторларының қатары­на ілік­пей қалды. Басым даму бағытына ілік­пеген­діктен оған Жол картасы тарал­майды, мемлекеттің басымдықпен көрсететін қол­дауы мен же­ңілдігінен қағы­лады. М.Том­пиевтің айтуынша, отан­дық құры­лыс материалдарының іш­кі нарық­тағы үлесі әзірге 50-55 пайыз шамасында ғана.

«Осының бәрін екінші бесжылдықта да жалғастырғанда, әрине, нәтиже бұдан жоғары болатын еді. Қазір қазақстандық өнімнің үлесі көп болуы тиіс екені айтылуда. Осы мәселені шешу үшін СТ-КЗ деп аталатын сертификат ойлап таптық. Бірақ бұл өзінің басты рөлін атқарып, тендерден импортталған құрылыс материалдарын алып тастай алмады. Шынтуайтына келгенде, шикізаттың бәрін Қытайдан алып, станок арқылы пластик түтікшенің сыртын бояп, «Қазақстанда жасалған» деп сата беретіндер өте көп. Яғни сала­ның күрмеулі мәселелері баршылық», дейді ол.

Марал Қазкенұлының айтуынша, біздегі жергілікті материалдардың сапасы жақсы. Себебі жергілікті өндіруші құрылыста бетон, арматура дұрыс болмай ғимарат құласа, жауапқа тартылады. Шетелдіктерде ешқандай проблема жоқ, олардың арматураларын қолмен майыстыруға болады. Сол себепті бағасы да арзан. СТ-КЗ мақсаты – жергілікті тауар өндірушілердің тендерге қатысуына ықпал етіп, ішкі нарықтағы ақшаның шетелге емес, өз ішімізге түсуіне жағдай жасау болған. Бірақ, өкінішке қарай, ақша әлі де сыртқы нарыққа көбірек кетіп жатыр. Жергілікті зауыттардың қазіргі жағдайы нашар және бұл жалғаса беретін болса, отандық өнімнің пайыздық үлесі көбейген орнына азаюы да мүмкін.

Ал ұзақ жыл құрылыс саласында жұмыс істеп келе жатқан құрылыс ұйы­мының басшысы, «Қазақстан құрылыс­шылар одағы» РЗТБ сарапшысы Серікбай Омарқас жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердегі қазақстандық құрылыс материалдарының үлесі әрі кеткенде 45 пайыздан аспайтынын айтады. «Қазақстандық құрылыс материал­дары тұрғын үйдің сұлбасын тұрғызған кезде ғана қолданылады. Бұл – құм, цемент, бетон, газблок секілді дүниелер. Сондай-ақ кейбір жеңіл-желпі әрлеу материалдары өз ішімізде шығарылуы мүмкін. Бірақ оның өзін мықты құрылыс ұйымдары қолдана бермейді. Көбін шетелдерден алдырады. Өйткені басқаны былай қойған­да, құрылыстың сыртын қаптап, көркем келбет беретін сәнді кірпіштердің өзін дұрыс шығара алмай, көбінесе Ресей мен Украинадан тасымалдаудамыз. Ал электр және сантехникалық күрделі құралдарды елде шығаруға шамамыз келмей отырғаны айтпаса да түсінікті. Негізінде шамамыз келеді. Бірақ оған білім мен тәжірибеміз және мемлекеттің аталған істі дамытуды тұрақты түрде қадағалауы мен қолдауы жетіспей отыр. Осы мәселелерге көңіл бөлу қажет-ақ. Өйткені құрылыс материалдары өнеркәсібіндегі іс мұнсыз алға баспайды», дейді. Сондай-ақ ол құрылыс саласының еліміз үшін жан-жақты маңызына тоқтала келе: «Қазақстанға құрылыс министрлігі қажет, қаптаған министрліктің бірін қысқартып, оның орнына құрылыс министрлігін ашу керек. Егер құрылыс жеке сала болып отау тіксе, әлі күнге дейін ескерілмей келе жатқан мәселелердің түбіне дейін бойлап, дұрыс шешім қабылдау жағы жақсарар еді», деген ұсынысын жеткізді.

 Әрине, бұл тұрғын үй құрылысының құнына әсері бар бір жайт болса, сондай-ақ құрылысшыларды толғандыратын басқа мәселелер де баршылық. Олар – тұрғын үй құрылысын жүргізетін жер телімдері және оның инженерлік желілеріне қатысты мәселелер. Осы ретте құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан елорда жағдайына тоқтала кетейік.

Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісовтің айтуынша, қазіргі кезде құрылыстың қарқынды дамуына орай оны коммуналдық желілермен қамту мәселесі өткір сипат алуда. Құры­лысқа бөлінетін жер телімдерінің басым көпшілігі аукциондарға қажетті инфрақұрылымдармен қамтылмастан шығарылуда. «Осы қиындыққа байланысты құрылыс салушылар құрылыс нысанын дер кезінде пайдалануға бере алмай жатады және оны желілерге қосу немесе дербес жылу көзімен қамту үшін қосымша шығындар жұмсайды, тіпті жұмысты уақытында атқармағаны үшін жерден айырылып қалуы да мүмкін. Сондықтан аукционға тек инженер­лік желілермен қамтылған жерлерді ғана шығару туралы ұсыныс бар. Ал инженерлік желілер болмаған жағдайда кәсіпкерлерге коммуникацияларды жүргізу құқын бере отырып, мемлекет осы үшін жұмсалған шығындарды өтеп беру міндетін мойнына алғаны жөн болар еді», дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қаржы мен әлеуметтік-экономикалық салалардың кемшіліктерін дөп басып айтып, одан шығу жолдарын көрсетіп берді. «Таяу болашақта нақ осы тұрғын үй құрылысы Үкімет жұмысындағы басым бағыт болуы тиіс. Тұрғын үй құрылысы ең алдымен әлеуметтік мәселені шешеді, сонымен қатар экономикалық өсімнің де локомотиві бола алады», деді. Ендеше, құрылыс саласының одан әрі өркендеуіне тежеу болып отырған жоғарыдағы проблемалық мәселелерге тиісті орын­дардың назар аударуын қалар едік.