Абайдың туған күні қарсаңында академик Зәки Ахметов туралы жазған бір мақалам ойыма оралды. Оны «По нехоженой тропе» деп атаған едім. Ғылымда бұрын зерттелмеген, қаралмаған пікір соқпағына бой ұру қабілеті Зәкиден Ленинград аспирантурасында оқып жүргенінде, қазақ және орыс әдебиеттерінің байланысын нақтылы зерттеулері барысында байқалған еді. Кандидаттық жұмысы – «Лермонтов және Абай» тақырыбы болғандықтан, филология ғылымының тіректі саласы – текстологияға айрықша көңіл бөлуге тура келді.
Абайдың туған күні қарсаңында академик Зәки Ахметов туралы жазған бір мақалам ойыма оралды. Оны «По нехоженой тропе» деп атаған едім. Ғылымда бұрын зерттелмеген, қаралмаған пікір соқпағына бой ұру қабілеті Зәкиден Ленинград аспирантурасында оқып жүргенінде, қазақ және орыс әдебиеттерінің байланысын нақтылы зерттеулері барысында байқалған еді. Кандидаттық жұмысы – «Лермонтов және Абай» тақырыбы болғандықтан, филология ғылымының тіректі саласы – текстологияға айрықша көңіл бөлуге тура келді.
Әдеби байланыс сыңаржақ болмауға керек. Сондықтан жас зерттеуші Еуропа жұртшылығының, әсіресе, орыс әдебиетшілерінің Абай жөнінде естіген-білгендері бар ма екен деген мәселені алдымен анықтап алуға ұмтылғанын байқаймыз. Абай шығармалары жеке кітап болып басылғанға дейін қолжазба түрінде және ауызша тарап келгені белгілі. Сондай жағдайда да орыс зиялы қауымы Абайдың ақындығынан хабардар болуы мүмкін ғой. Әйтпесе Абай кітабы шықпай тұрып, есімі сол уақыттағы ең ірі басылым «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» (1903) деген көп томдықтың 18-інші кітабына ілігер ме еді, ілікпес пе еді? Ал аталған томда Абайдың ақын аталуы үстіне, жазған өлеңдерінің жаңашылдығына көңіл бөлінген. Мақала авторы А.Сидельников Абайды – қазақ әдебиетіндегі жаңа бағыттың өкілі атайды. Мұндай мағлұматты қайдан тапты дейтін емес. Орыс зиялылары Абайды қазақтың бас ақыны санайтын Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтармен жиі араласып тұратын.
Ол кездің зерттеушілеріне Абай өлеңдері басқа адамдардың қолжазбалары не көшірмелері арқылы жететін. Ал, туындылары кітап боп 1909 жылы ғана баспа жүзін көрді. Осы материалдың қай қайсысында болсын жаңылыс кеткен я болмаса бұрмаланған сөз кездеспеуі мүмкін емес. Солардың дұрыс-бұрыстығын тексеру, қате кеткен жерлеріне дәлелін тауып, тиісті түзету енгізу, тағы басқа олқылығын толтыру – оңай жұмысқа жатпауға тиіс. Жас қайрат сол қыруар уақыт талап ететін жұмысқа білек сыбанып кірісті. «Лермонтов и Абай» (1954) атты тұңғыш ірі еңбегінде өзін құнтты текстолог, ыспар мәтінтанушы етіп көрсете білді.
Абайдың бұрынырақ жарық көрген шығармаларының толық жинағында Лермонтовтан небары 22 өлең аударылған деп есептелетін. Бұлардың ішінде батысеуропалық классиктерден тәржімаланған үш шығарма. Байроннан «Еврейская мелодия». Бұл 16 жол өлеңнің «Көңілім менің» деген атпен 8 жолы тәржімаланған. Тағы бірі Гетеден «Горные вершины» – «Қараңғы түнде...» – 8 жол. Үшіншісі Шиллерден – «Счастливый ребенок» – 2 жол. Аудармасы «Кең жайлау жалғыз бесік» – (4 жол) деп аталған.
Абайдың Лермонтовтан аударылған өлеңдерінің бәр-бәрі ыждағатты, егжей-тегжейлі тексерілді. Сондай істің үстінде ғой кей өлеңнің Лермонтовтан емес, басқа бір қайнар көзден алынғаны белгілі болғаны. Жас ғалым 1949 жылы «Қазақ КСР Ғылым академиясының хабаршысы» журналында (№10) Лермонтовтан аударылған деп көрсетіліп келген бірнеше өлеңнің түпнұсқасының жоқ екендігін жазып, Мұхтар Әуезов бастаған абайтанушыларды елең еткізгені мәлім. Мысалы, «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы», «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп», сондай-ақ, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңдер бұрын Лермонтовтан аударылған деп келсе де, дәл қай өлеңінен аударылғаны жұмбақ күйінде қалып қойған-тын. Сол жұмбақты шешуді жас Зәки өз міндетіне алады. «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» өлеңі анығында Я.Полонскийдікі екенін, 1842 жылы «Подземные ключи» деген жинақта жарияланғанын анықтайды.
Ал, «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» атты өлеңді Лермонтовтың тіпті еш жинағынан кездестіре алмады. Абай аударған бұл өлең Лермонтовтікі емес, басқа бір ақындікі болмаса не етті? Жас зерттеуші осы сауалдың жауабын күндіз-түні іздеп дегендей, шарқ ұрды. Сондай тынымсыз жұмыстың үстінде, Салтыков-Щедрин атындағы музыкалық әдебиеттер сақталатын бөлімдегі сазгер Антон Ру бинштейннің жинағын қарастырып отырғанында, жас зерттеушіміз сарыла іздеп жүрген шығармасын тапты. «Я видел, березу – сломилась она» деп келетін романстың иесі ақын Лермонтов емес, орыстың және бір ақыны В.А.Крылов болып шықты. Ал, бұл өлең өз кезегінде неміс ақыны Р.Левенштейн өлеңінен аударылған.
В.А.Крыловтың аталған «Өлеңі» (1898) төрт шумақтан тұрады екен. Үшеуі «Я видел березку», «Я бабочку видел», «Стрелка видел» деген ұқсас тіркестен басталады да, соңғы шумағының бастапқы екі сөзі кенет үйреншікті тіркестен айнып бөлегірек түзіліпті:
Ах, мне изменила подружка моя,
И солнце померкло давно для меня.
Но смерть и покой я напрасно зову –
И сердцем разбитым давно живу да живу».
Қазақ ақынына келсек, ол төртінші шумақты аударғанда да және өлеңге өз жанынан жаңа шумақ қосқанда да орыс өлеңінің бастама тіркесін өзгертпейді. Яки шығарманың бастапқы қос тіркесін («мен көрдім») сол күйінде қалдырады. Оның үстіне өз тарапынан өлең мағынасын бұрынғысынан әлдеқайда тереңдеткен жаңа шумақ туғызады.
Мен көрдім дүние деген иттің көтін.
Бірінің жеп жүрген көп біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.
Еуропа ақыны мен Шығыс ақыны арасындағы шығармагерлік байланыс мүлде жаңа ой құймасын туғызған. Дала ақынының сөз тастасы Еуропа поэзиясының бойына құйып қойғандай жарасты шыққаны өз алдына. Арыны бөлек қазақ ақынының шумағы орыс өлеңінің аудармасына қосымша ажар бітірген. Еуропа тірлігі қазақ өмірінің жанды жеріне тигендіктен болуға керек, қосымша шумақтың арқасында өлеңнің жалпы тақырып ауқымы, ауданы кеңейген. Тосыннан қосылған қазақ ақынының сөзі Еуропа шайырының ойына ой қосып, ширата түскен. Адамзат жүрегін азапқа салатын қиянат ғашығының тастап кеткен азабымен ғана шектелсе бір сәрі. Бір-бірімен егесіп, кең дүниені бір уыс қылып тарылтып, бір қайғыдан жүз қайғы туғызып жүрген бейбақтар аз ба бұ сұм жалғанда? Қазақ ақыны тарапынан қосылған осы реплика іспеттес шумақ жалпы адам тағдыр-тауқыметін ойлауға мәжбүр етеді.
Орыс ақынының өлеңіне қосқан Абай шумағының сәтті шығуын Зәки Ахметов «О языке казахской поэзии» (1970) атты еңбегінде дұрыс түсіндіреді. Орыс-қазақ мәдени, рухани байланыстарының күшеюі Абайдай ірі таланттың ой ағысын тасқындата түскен. Зәки Ахметов сол пікірін былайша қорытады.
«Ныне уже нет надобности особо доказывать, какое мощное воздействие на формирование мировозрения Абая, на все его поэтическое творчество оказали произведения великой русской литературы. Казахский поэт, который превосходно знал и любил русскую литературу, восхищался художественным гением Пушкина, Лермонтова, Крылова и других поэтов. Творчески опыт русской литературы сплавляет с национальными художественно поэтическими традициями, ставит на службу литературно-эстетическим задачам, выдвигаемым современной казахской действительностью».
Зәкидің рухани, мәдени, әдеби байланыстар мәнін анықтаудағы еңбегін ғылыми жұртшылық жоғары бағалады. Мұхтар Әуезовтің басшылығымен Абайдың бұрынғы жинақтарын салыстыра тексеру жұмыстарын үзбей жүргізуге атсалысты. Абай мәтіндерін ғылыми тұрғыдан зерттеуде 1957 жылы Мұхтар Әуезовтің басқаруымен дайындалған екі томдық жинақтың мәні айрықша екенін Зәкең үнемі айтып жүретін. Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай 1995 жылы шығарылған екі томдық шығармаларының дайындалу жұмысының жуан ортасында да Зәкең жүргенін білеміз. Жаңа қос томдықтың «Кемел ақын, кемеңгер ойшыл» атты кіріспе мақаланың да авторы – академик Зәки Ахметов.
«Абай поэзиясы қазақ әдебиетіндегі мүлде жаңа құбылыс, жаңа кезең болғанын айта отырып, ақынның шығармашылық өнерінің негізі тірегі, сарқылмас қайнар көзі халық поэзиясы, жүздеген жырау, жыршы, ақындарды туғызған халықтың сан ғасырлық бай әдеби мұрасы дейміз. Халық поэзиясымен терең тамырластығы Абайдың ақындық тұлғасына ана сүтімен біткен қасиеттей ұлттық, даралық сипат бергені даусыз. Сонымен қатар, Абай алғаш ақындыққа бой ұрған кезден бастап, Шығыс ақындарының өлең-жырларын көп қызықтағаны, кейінірек өнерде тың жаңа өріс іздеген тұсында орыс классиктерінің (Еуропа ақындарының да) шығармаларынан мол әсер алғаны талассыз».
Бұл сөздерді академик Зәки Ахметовтің «О языке казахской поэзии» (1970), «Абайдың ақындық әлемі» (1975), «Роман-эпопея Мухтара Ауэзова»»1977), т.б. еңбектерінің бір жағы қысқаша аңдатпасы, аннотациясы десе де болады.
Мақала тақырыбына байланысты орыс, жалпы, Еуропа ақындарын бөліп айтсақ, академик Ахметов Абайдың б атыс-шығыс ой-өрісін, дүниетанымының, поэзиясының ең құнды жетістіктерін зерделеп білуге көп күш жұмсағанын мойындауымыз керек. Бұл игіліктерді жасаған кімдер екенін Зәкең «Абайдың ақындық әлемі» атты кітабында толық атап өтеді. Ресейдің Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Иван Крылов, Виссарион Белинский, Лев Толстой секілді атақты адамдарымен қоса, Еуропа ғалымдары Спенсердің, Луистің, Дрепердің еңбектерін, соның ішінде «Позитивная философия», «История умственного развития Европы» деген сияқты кітаптарды еске алады.
Абай Еуропа ақындарын аударып қана қоймаған. Кей естіген әңгімесін өлең сөзге айналдырған. Француз жазушысы Ж.Ф.Лафагаргтың әңгімесі негізінде, мәселен, «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр» өлеңі туған. Монархист жазушы Ж.Казот (1719-1792) француз революциясы қауға тиген өрттей лаулайын деп тұрғанын, жанында отырған жора-жолдастарының және өзінің былайғы тағдырын алдын ала болжаған. Және болжамы дәл келген. Казот 1792 жылы дарға асылған. Патша тақтан құлайтын күн туады деген сарын Лермонтовтың өз өлеңдерінде де кездеседі. Абай бұл өлеңді аударғанда мазмұнынан көп ауытқымаса да, соңғы тұсын тура аудармай, «над вашей главой колеблется секира» деген образды жалпы пәлсапалық сөзбен ауыстырады, тағдыр қайда айдаса, сонда барасыңға тірейді
Германияның Веймар қаласындағы Гете музейінде мраморға қашалған үш өлең тақтасы ілулі тұр. Авторлары Иоганн Вольфганг Гете, Михаил Лермонтов және Абай Құнанбаев. Қазақ жазушысы, бір кезде Ильменау қаласының коменданты болған Қалмұқан Исабаевтың мұражайға тартқан сыйы.
Гете 1780 жылы қыркүйектің 6-сынан 7-ісіне қараған түні Ильменау қаласы маңындағы Кихельхан тауының баурайындағы ағаш үйдің қабырғасына «Ночная песнь странника» («Wandrers Nachtllied») атты өлең жазып қалдырады. Өлеңнің қысқаша мазмұны былай келеді: айнала қоршаған тау шыңдарында ұйыған тыныштық. Аздап лүп еткен жел бар. Ормандағы құс атаулы жым-жырт, үнсіз. Гете өлеңнің соңғы жолын көзіне жас үйріліп жазады. Аздап сабыр етсең, сен де тыншығарсың...Лермонтов бұл өлеңге «Горные вершины» деген ат береді. Орыс ақыны суреттеуінде де құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған. Шың-құз қалың ұйқыда. Жол шаңсыз. Жапырақ сыбдыры де естілмейді. Абайда түн шымылдығы енді түсе бастағандай. «Қараңғы түнде тау қалғып...»
«Застывшая, стастическая картина ночи в стихотворениях Гете, заметно радвинутая, оживленная, конкретизированная в переложеннии Лермонтова, стала в переводе Абая значительно динамичней» – деп қорытады үш тілге бірдей жорға Герольд Бельгер өзінің «Гете мен Абай» атты шығармасында, 1989). «Зәки Ахметов «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасын Абайдың ең бір ғажайып шығармаларына жатқызады. Абай өлеңнің мазмұнын, көңіл-күйін, сазын айнытпай келтірген», дейді. Зәки пікірінше, шығарманың терең лиризмі әлеуметтік талдаумен терең ұштасқан. Шаршап-шалдыққан, феодал жуандарымен жалғыз айқасқан, мақсатына жете алмаған жолаушы – Абай образынан тым алшақ жатқан жоқ дейді.
Зәки еңбектерінде, әсіресе, Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» романындағы Татьяна, Онегин образдарына айрықша көңіл бөледі. Зәкең ойынша, Абай аудармасы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін ашады. Онегин –құр бос кеуде, жеңіл жүрістің, сарыауыздықтың құрбаны. Ал, Татьяна – ғашықтық отына күйген жан.
Зәкең «Абай и Лермонтов» атты кітабының 2008 жылғы басылуында Абай Пушкиннің «Евгений Онегинінен» жет үзінді аударды деп жазады. «О языке казахской поэзии» кітабының «Язык переводов Абая» атты қысқаша тарауының екі беті Пушкиннің «Евгений Онегин» романының кейіпкерлері Онегин мен Татьянаның бірін-бірі сыпаттауына арналған. Абай аудармасы ұлттық бояуы қанық метафоралық образдар мен теңеулерге сүйенеді делінген. Тек бір түсініксіздеу жері мына бір пікірі. «Абай обращался не только в своих оригинальных произведениях, но и в переводах русской классики. Так, в переведенном отрывке из романа «Евгений Онегин» Татьяна говорит:
Ты был раненым тигром,
Я – младою сайгой (серной)
С трудом я осталась в живых,
Глубоко вонзились в меня когти твои.
Мұның түсініксіздеу болатыны, орыс тіліне қайта аударылған бұл шумақтың Пушкин романында он екі де бір нұсқасы жоқ. Бұл Абай вариантындағы Татьянаның сөзі, қазақ ақынының өз жанынан шығарғаны.
Сен жаралы жолбарыс ең,
Мен киіктің лағы ем.
Тірі қалдым, өлмей әрең,
Қатты батты тырнағың.
Қазіргі уақытта Татьяна-Онегин романы – Абайдың төлтумасы, эпистолярлық романы, аударма емес деген пікір айтылып жүр. Осы мақаланың авторы бұл жайы нда екі-үш мақала жариялады: «Абайдың романы» («Егемен Қазақстан», 2007 ж. 22 маусым,) «Абайдың эпистолярлық романы» «Тәуелсіздік биігінен» жинағы, (2007), «Пушкин и эпистолярый роман Абая» (Литературно-художественный диалог» 2008.) т.т
«Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласында: «Абай» версиясында «Евгений Онегинді» эпистолярлық роман түріне айналған» дейтіні тегін емес», – деп жазады З.Ахметов. Сонсоң тағы да былай дейді: «Әрине, хат түріндегі, яғни эпистолярлық роман дегенді шартты түрде айтылған деп түсінген жөн. Өлеңдердің кейбіреуі хат түрінде, ал бір тобы кейіпкерлер сөзі (монолог) түрінде берілген ғой, автордың атынан айтылған сыпаттама («Онегин сипаты») және бар. Өлеңдер түгелге жуық кейіпкерлер атынан айтылған сөз (не хат, не монолог) болғандықтан, оларда лирикалық драмалық сипат бар деуге қисын жоқ емес».
Осы жерде сауал туады. Мұхтар Әуезов эпистолярлық роман деген ұғымды шартты түрде емес, өз мағынасында қолданып отырса ше? Роман – жатқан бір шалқар дария жанр. Оның ішінде хикаят, әңгіме, хат, цитаталарға дейін қаптап жүреді. Тіпті, Зәкең айтып отырған монологтарды молынан қарбыта беретін универсалды жанр. Сол себепті ме, әлде қалай, ақыр аяғы Зәки Ахметов «Абайдың «Евгений Онегин» сарынымен жазған өлеңдерінің біршама ерекшеліктерін ұғынып түсіне бастаған қалып танытады. Абайдың «Евгений Онегин» сарынымен шығарған өлеңдері... түгелдей алғанда бір желіге түсірілген, біртұтас топтама деуге лайық шығарма екендігіне енді шүбә келтірмейді.
Академик Зәки Ахметовтің басшылығымен «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі» шықты (1996). Ғылыми жұртшылық жылы қарсы алған сөздік екінші рет басылып та үлгерді. Міне, осы сөздікте «Эпистолярлық әдебиет» – хат түрінде жазылған көркем шығармалар» делінген. Бұл қағиданың Абайдың «Евгений Онегин» сарынымен жазған өлеңдерін «біртұтас топтама» деген пікіріне қайшы келмейді. Пушкин мен Абай романдарының геройлары аттас болғанмен, қадағалап оқыған кісіге характерлері, тағдырлары да ұқсамайтыны анықталады. Әрқайсысы өзінше бір жаңа топтама туынды.
Мұхтар Әуезовтің шәкірті өз ұстазындай ғылымда аяқты аңдап басуды ұнататын. Бір кездерде Әлкей Марғұлан «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырының Потанин архивінен табылған бір нұсқасын Абай шығарған, Абайдың сөзі деуге лайық дегенін білеміз. Сол дау күні бүгінге дейін созылып келеді.
Көбіміздің бойымызға сіңген әдет бар. Анық нәрсенің өзін сөзбұйдаға салып жібереміз. Іске келгенде тартыншақпыз. Жұрттың бәрі «Онегиннің өлердегі сөзі» деген өлең Абайдікі екенін біледі. Оның солай екенін құптамайтын қаламгер жоқ. Ал, енді Абайдың 150 жылдығына арналған екі томдықтың 1-ші томының 150-ші бетінде басылған «Онегиннің өлердегі сөзі» атты тақырыптың жақшаға алынған қосымшасына көз тігіп көріңіз. Онда тағы да бадырайтып тұрып: «(А.С.Пушкиннен)» деп жазылған.
Александр Пушкин қаламының ұшына тимеген сөздерді тағы да ұлы орыс ақынына теліп отыр. Бұған не айтасыз? Айтарға сөз де таба алмай отырғанда «Сегіз аяқтың» бір жолдары есіңізге түседі. Ұмытқандай болсаңыз, 1995 жылы жарық көрген су жаңа қос томдықтың 114-ші бетін ашасыз. Ашасыз да күлесіз. «Баяғы жартас бір жартас, Қаңқ етер түкті байқамас». Қайран Абай... Сізден сөз қалған ба?
* * *
Ұлы Абайдың шығармагерлігін өмір бойы зерттеген академик Зәки Ахметов жер басып жүргенде биыл 85-ке келеді екен. Тың болатын. Жүріске де, қаламына да ширақ кісі еді. Мұхтар Әуезовтен кейінгі абайтанушымыздан қапылыста айырылған өкініш әлі басылған жоқ.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
АЛМАТЫ.