Руханият • 30 Қаңтар, 2020

Тарихи және мәдени жәдігерлер цифрландырылады

889 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде музейлердегі құндылықтардың 3D моделін, яғни музейлік заттардың цифрлық көшірмесін жасау өзекті. Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалада көрсетілген осы бір тармақ қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарына айқындалған. Бұл туралы Рrimeminister.kz сайтында жарияланды.

Тарихи және мәдени жәдігерлер цифрландырылады

Еліміздегі музей ісін жаңғырту аясында отандық музейлер қорындағы экспонаттардың 3D үлгілерінің цифрлық каталогын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

2018-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің Қазақстанның археологиялық алтындары және этнографиялық коллекциясынан 1020 құндылықтың цифрлық көшірмесі мен 3D нұсқасы жасалды.

Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде цифрландыру негізгі екі бағытта жүргізіледі. Көлемді жәдігерлердің 3D көшірмесінің цифрлық мұрағатын жасау бағытында 3D зертхана жасақталды, онда фотограмметрия әдісімен 3D сканерлеу технологиясы қарастырылған. Осы технология бойынша 3D цифрлық мұрағаты жасалып, оған 300 бірліктен астам мүсін өнерінің қоры енгізілді. 2019 жылы 3D сканерлеу үдерісін оңтайландырудың арқасында бұдан екі есе көп жәдігерлер цифрландырылды.

2D цифрлық суреттер мұрағатын толықтыру жұмыстары жалғасуда. Қазір цифрландырылған жәдігерлер саны - 16 100 бірлік.

Бұдан басқа, Ұлттық музей базасында «Музей қорының мемлекеттік каталогы» және «Қасиетті Қазақстан бойынша виртуалды турлар» жобаларының пилоттық нұсқасы іске қосылды. 

«Музей қорының мемлекеттік каталогы» жүйесі пайдаланушыға ҚР музей қорындағы кез келген экспонаттың 3D үлгісіне шапшаң кіруге мүмкіндік береді. 

«Қасиетті Қазақстан бойынша виртуалды турлар» тізіміне енген нысандар онлайн режимінде тамашалау үшін қолжетімді. Пилоттық жобалардың нәтижесі бойынша қажетті өзгерістерді енгізе отырып, оларды республика музейлеріне де тарату жоспарлануда. Сондай-ақ биыл Қазақстанның 29 киелі орны 3D форматқа түсірілді. Осы іспеттес жобалар кітапханаларда да іске асырылуда. Бұл жұмыс кітапхана қорындағы әлеуметтік-маңызды құжаттарды цифрландыруға,  өңірлердің цифрлық коллекцияларын құрып, маңызды құжаттардың электрондық коллекцияларын жасауға мүмкіндік береді.

«Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық кітапханалық жүйесінде сандық жүйеге түсірілген кітапхана ресурстары жинақталған. Жоба операторы - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы.

Соңғы екі жылда «Қазақстанның ұлттық электрондық кітапханасы» қорындағы құжаттардың электрондық көшірмелерінің саны екі есеге артып, биыл 58 мыңнан астам дананы (2015 жылы – 22 047 дана) құрады. 2019 жылы портал контенті 11 021 құжатпен толықты. Жалпы, көшірілген құжаттар саны 707 955 бірлікті құрап отыр. Сондай-ақ электронды кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 200 мың адамды құрады, оның ішінде шет елден 99 сеанс тіркелген. 

Кинематография саласында «Ер Тарғын» операсы, «Қош бол, Медеу» фильмінің премьерасы, «Шәкен Айманов» деректі фильмі және т.б. 3 000-нан астам киноқұжаттардың цифрлық көшірмелері HD форматына көшірілді. Сонымен қатар 500 данадан астам киноқұжаттардың 4D форматындағы цифрлық көшірмелері жасалды.