Руханият • 31 Қаңтар, 2020

Түркі әлемінде «Абай жылы» басталды

434 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түбі бір түркі жұрты Әзербайжан астанасы Бакуде Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің кезекті III отырысы өтті. Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер бас қосқан алқалы жиында академияның жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебі қорытындыланып, 2020 жылға арналған жұмыс жоспары мен Түркі әлемінің мерейлі даталар тізімі бекітілді.

Түркі әлемінде «Абай жылы» басталды

Келелі бас қосуға Әзербайжан Республикасының Білім министрі  Джейхун Байрамов, Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсембаев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылым министрлігінің статс-хатшысы Жапаркул Ташиев, Түркия Республикасы Ұлттық білім министрлігінің білім және тәрбие кеңесінің төрағасы Бурханеттин Донмез және Әзербайжан Ғылым академиясының президенті Рамиз Мехдиев қатысты. Сонымен қатар, түркі әлемі институционалдық құрылымдарының басшылары, атап айтқанда, Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Гюнай Эфендиева, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы, бұған қоса Әзербайжандағы Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Мажарстан Республикаларының төтенше және өкілетті елшілері басқосудың құрметті қонағы болды. Отырыс басталмастан бұрын қонақтар Халықаралық Түркі академиясы басылымдарының кітап көрмесімен танысты. Бұдан соң Дархан Қуандықұлы академияның қызметі мен келешек жоспары туралы баяндады.

– Бүгінгі отырысқа Ғылыми кеңестің мүшелері, министрліктердің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың басшылары, құрметті елшілер қатысып отыр. Бұл біздің барлық ұйымдарымыздың, соның ішінде Түрік Кеңесінің үйлестіре жұмыс істей бастағанының көрсеткіші, – деді академия басшысы. Сондай-ақ былтыр академия қызметінің сәтті болғанын, қаржылық қиындықтарға қарамастан бірқатар іс-шара мен жобалардың атқарылғанын атап өтті.

– Мемлекет басшыларының саммит отырыстарында берген нұсқаулары негізінде Академия алдына қойылған міндеттер  Қырғыз Республикасындағы Ғылыми кеңестің соңғы отырысында сәтті шешілді.  Өзге ұйымдармен бірге маңызды жобаларды жүзеге асырып, ЮНЕСКО-мен бірлесе отырып маңызды іс-шаралар ұйымдастырдық. Ғылыми және мәдени интеграцияны ілгерілету бойынша қадамдар жасалып, бүгінгі дейін 60-қа жуық түрлі халықаралық ұйымдар мен академиялық институттармен байланыстар орнатылды, – деді ол. Осы ретте Моңғолиямен екіжақты келісім негізінде жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулерге тоқтала келіп, өткен жылы Моңғолия Премьер-Министрі Академияға жеке сапармен барғанын әрі Академияда бақылаушы мүше болуға ниет білдіргені турасында атап өтті.

– Академияда Әзербайжан Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия тіл органдарының басшыларының қатысуымен Тіл және терминология жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Нақты есеппен жекелей танысуға болады, – деді Дархан Қыдырәлі. Бұдан соң Қырғыз Республикасының Білім министрі Канибек Исаковаға Ғылыми кеңеске төрағалық ету кезіндегі белсенді жұмысы мен қолдауы үшін алғыс білдіре отырып,  Қырғыз Республикасы Білім министрінің орынбасары Жапаркул Ташиевке сөз берді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе ретінде Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төрағалық міндетін Қырғызстаннан Әзербайжанға табыстау жайы көтерілді. Басқосу барысында Қырғызстан тарапы Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесіне төрағалық міндетін Әзербайжанға табыстады. Төрағалықты растайтын куәлік салтанатты түрде тапсырылған соң, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Джейхун Байрамов жиынның келесі бөлігіне төрағалық етті.

– Түркі жұртының рухани құндылықтарын насихаттаудың маңызы орасан. Абай жылына орай жыл бойы жоғары оқу орындарында ғылыми отырыстар  мен дөңгелек үстелдер өтетін болады. Бұл тараптағы жұмыстарға үлес қосуға Әзербайжан ғылым академиясы ынталы. Қазақстан мен өзге де мемлекеттерде өтетін Абай жылына қатысты жұмыстарға Әзербайжан өкілдері белсене атсалысады деген ойдамын, – деді ол.

Атқарылған жұмыстарға жоғары баға берген Ғылыми кеңес мүшелері Академияның  2020 жылғы жұмыс жоспарын бекітіп, келесі отырысты Түркияда өткізуге уағдаласты. Түркі елдері үшін 2020 жыл маңызды кезеңдермен белгіленіп отыр. Сондай-ақ Түркия академиясы түркі елдері мен халықтары арасындағы ынтымақтастық, олардың тарихы, дәстүрлері мен қазіргі жағдайы туралы халықаралық деректі фильмдер байқауын өткізуді ұсынды.

Отырыс барысында Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде «Ортақ түрк тарихы (Ежелгі заманнан XV ғасырға дейін)», «Ортақ түрк әдебиеті» және «Түркі әлемі географиясы» оқулықтарын мүше елдердің білім бағдарламаларына енгізу жайы, сондай-ақ Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің төртінші отырысының күні мен орнын белгілеу сынды бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

– Келесі кездесуді Түркияда өткізу жоспарлануда. Ғылыми кеңестің төртінші отырысын саммит қарсаңында өткізуді ұсынамыз. Егер қосымша ұсыныстар болса, бірлесе талқылауға ашықпыз. Осы жылы Академия мақұлдауының аяқталуын ескере отырып, мүше мемлекеттерден ұйымға вице-президенттер мен әріптестерді жіберуге көмектесуін сұраймыз, – деген академия басшысы Дархан Қыдырәлі осыған байланысты жуырда ресми нота жіберілетінін хабарлады. Кеңес мүшелері аталған мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, түркі әлемінің мерейлі даталар тізімі, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсу мәселелері, ғылыми-зерттеу жобалары талқыланып, басым бағыттары мақұлданды.  Ғылыми отырыстың кезекті жиынын түйіндей келе, Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын, әл-Фарабидің 1150 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын, Maнас дастанының 1025 жылдығын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы және публицист Нариман Наримановтың 150 жылдығы сынды халықаралық маңызы бар күндерді  2020 жылғы Түркі әлемінің айтулы даталары қатарына бекітті. Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын наурызда ежелгі жазба ескерткіш орналасқан Моңғолияда бастау жоспарлап отыр. Атақты философ және ғалым әл-Фарабидің 1150 жылдығы сәуір айында ЮНЕСКО-дағы халықаралық форум аясында атап өтілмек. Ал ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылған Абай жылының ашылуы бүгін Бакуде Әзербайжан Республикасының Білім министрлігінің ұйытқы болуымен ашылады.