Спорт • 30 Қаңтар, 2020

Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі қарсаңында баспасөз жиынын өткізді

262 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан футбол федерациясын кеңсесінде футзалдан Әлем Чемпионатының элиталық кезеңі қарсаңында Қазақстан құрамасы бас бапкері мен ойыншылардың қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Бұл жайында Мәдениет және Спорт министрілігінің сайты хабарлаған.

Футзалдан Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі қарсаңында баспасөз жиынын өткізді

Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака, команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов, қақпашы Игита және Қазақстан футбол федерациясы Футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев бәсеке қарсаңындағы дайындық жұмыстары туралы айтты.

Футзалшылардың дайындығын пысықтай келе Рикардо Кака мақсат - топта бірінші орынмен ақтық сынға жолдама алу екенін жеткізді.

«Құраманың жақсы дайындалуы үшін федерация басшылығы барлық жағдайды жасады. Тек ауа-райының қолайсыздығына байланысты жоспардан сәл кешігіп келеміз. Дегенмен алдағы күндері үлгеретініміз анық. Қарсыластардың ойын мәнерін жан-жақты зерттеуге тырыстық. Мақсат-біреу. Топтан шығып, жүлдеге таласу»,-деді бас бапкер.

Ал команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов барлық ойыншылардың бәсекеге дайын екендіктерін айтты.
«Чехиядағы уақыт белдеуіне бейімделу үшін түнде де жаттығу жасап жатырмыз. Сондықтан бұл тұрғыдан ешқандай қиындық болмауы тиіс»,-деді ол. 

Ұлттық құрама 23-31 қаңтар аралығында Нұр-Сұлтанда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Чехияның Брно қаласына аттанады.

D тобына түскен Қазақстан құрамасы 2 ақпанда Румыния, 3 ақпанда Словения, 5-і күні Чехиямен ойнайды.

Жалпы элиталық кезеңде 4 топқа бөлінген 16 құрама жолдамаға таласады. Сонымен қатар, топта екінші орын алған құрамалар өтпелі ойындар өткізіп, тағы 2 команда финалдық кезеңге өтеді. Ал футзалдан IX Әлем чемпионатының финалдық кезеңін 12 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Литва қабылдайды.