Қазақстан • 30 Қаңтар, 2020

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

305 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында Палата Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен Жергілікті өкілді органдар өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болды. Жүздесуге Қазақстан заңгерлер одағының өкілдері қатысты. Бұл жайында Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Құқықтық білімнің жұртшылық арасына кеңінен таралуына маңыз беру, атап айтқанда, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы мен оның сайлауалды тұғырнамасында, басқа да ауқымды мемлекеттік бағдарламаларда көзделген әрі елімізде жүзеге асып жатқан реформалардың мән-жайын кәсіби түрде түсіндіру отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды.

Отырысқа қатысушылар кейінгі кезде қабылданған заңдар, сондай-ақ қазіргі уақытта Парламентте қаралып жатқан заң жобалары тұрғындардың тыныс-тіршілігін, оның ішінде әлеуметтік және тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық тәртіп салаларын қамтитынын атап өтті. Депутаттар атап өткендей, бұл тұрғыда, әсіресе, еліміздің шалғай өңірлерінде құқықтық білімді қарқынды қолдану қажет болып отыр. Заң шығару және құқық қолдану ісіне атсалысатын мемлекеттік ұйымдар қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін арттыруға жәрдемдесу қажеттігі де айтылды.

Отырысқа қатысушылар осында айтылған мәселелерге байланысты аймақтарда шаралар өткізуде жергілікті өкілді органдарға жәрдемдесу бастамасына қолдау білдірді.

Отырыстың қорытындысы бойынша «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» және «Қазақстан заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестіктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, халық мүддесін жеткізуде мәслихат депутаттары жұмысының тиімділігін күшейтуге және Парламент қабылдаған әлеуметтік маңызды заңдардың, сондай-ақ еліміздің Стратегиялық даму бағдарламаларының негізгі ережелерін түсіндіруде олардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Құжатқа осы қоғамдық бірлестіктердің басшылары Төлеубек Мұқашев пен Серік Ақылбай қол қойды.