Журналистермен жүздескен министр әлемде 7711 науқас короновирусқа шалдығып, оның 170-і көз жұмғанын айтты. Бұдан бөлек қазірге дейін 17 мемлекетте 90 науқас жаңа вирусты жұқтырғаны анықталған. Елімізде ерекше санитарлық іс-шаралар 6 қаңтардан басталды. «Президент тапсырмасымен мемлекеттік деңгейде арнайы комиссия құрылды, ерекше шаралар жоспары бекітілді. Халықты инфекциядан қорғау мәселесі бойынша ҚХР мен Қазақстан арасындағы шекараның санитарлық қорғауы күшейтілді. Барлық келіп жатқан азаматтар күшейтілген санитарлық тексеруден өтуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан 20 515 азамат өтті. Оның 19 989-ы Қазақстан азаматы болса, 526-сы шетел азаматы. Сондай-ақ бұл кісілердің барлығын біз санитарлық мониторингке алып жатырмыз. Қазірге дейін 78 пайызы, яғни 15 738 адам тіркеуге алынды. Олармен жергілікті емханалар тікелей байланысты», деді Денсаулық сақтау министрі.
Е.Біртановтың айтуынша, Қытайдан келген азаматтардың 54-і дене қызуының көтерілуіне байланысты ауруханаларға жеткізілген. Көбісіне жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ/ОРВИ) және тымау диагнозы қойылған. 16 науқас сауығып, үйлеріне қайтты. Қалған 38 науқас әлі де ем қабылдап жатыр. Министр олардың барлығынан ерекше лабораториялық сынамалар алынып, Айқымбаев атындағы Ұлттық инфекциялық ғылыми орталығына жіберілгенін атап өтті.
«Бүгінде елімізде қажетті инфекциялық стационарлар сақадай сай. Қосымша 10 мыңнан аса төсек орын дайын. Емдеу үшін барлық дәрі-дәрмектер бар. Диагностикалық алгоритм реттелді. Елімізде оқшаулау үшін инфекциялық ауруханалар желісі толық дайындалды. Онда білікті дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді. Бәрі біздің бақылауымызда.», деді еліміздің бас дәрігері.
Қазақстанда жыл сайын 2 млн-ға жуық маска қабылданады екен. Оның көбісі медициналық ұйымдарға арналған. Министр өз баяндамасында шетелден қосымша маска алу жұмысы жүргізіліп жатқанын айта келіп, жоспар бойынша маскалар барлық медицина қызметкерлеріне және халыққа жеткілікті екенін жеткізді. «Бізде резервте 5 миллион маска бар. Медициналық мекемелер толықтай қамтамасыз етілген», деді ведомство басшысы.
Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан жалған ақпараттарға сенбеуді және оны таратпауды халықтан өтінген Денсаулық сақтау министрі қазірге дейін елімізде бірде-бір адам корновирусты жұқтырмағанын баса айтты.
Кей өңірлерде короновируспен науқастар тіркелді деген жалған ақпараттар тарауда. Қазіргі уақытта елімізде бірде-бір науқас жаңа вируспен тіркелмегенін айтқан министр: «Кеше мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының орынбасарымен тікелей сөйлестім. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымның басшысы Д-р Тедрос Адханом Гебрейесус кеше Бейжіңнен Женеваға қайтып келді. Бүгін коронавирустың өршуіне байланысты төтенше Халықаралық денсаулық сақтау ережелері комитетінің отырысы өтеді. Комитет Бас директорға эпидемияның ғаламдық алаңдаушылық тудыратын төтенше жағдай болып табыла ма және оған қарсы қандай ұсыныстар жасау керектігі туралы консультативтік қорытынды береді», деді.