Биылғы Давос форумының басты тақырыптарының бірі – жаһандық жылыну болды. Соңғы бірнеше жылдан бері бұл мәселенің күн тәртібінен түспегені анық. Ал былтыр жаһандық жылынумен күресушілер қатары жас белсенділермен толықты. Швед белсендісі Грета Тунберг былтыр «Үйлеріңіз өртеніп жатыр» деген спичпен танылып, халықаралық қауымдастықтың назарына іліккен еді. Өткен аптадағы Давос форумына Г.Тунбергтен бөлек тағы 9 белсенді жасөспірім шақырылған. Соның бірі – америкалық белсенді, 13 жасар Наоми Уадлер. «Біз ең алдымен өзімізге қарап, жағдайымыздың қаншалықты дұрыс екеніне назар аударуымыз керек. Егер біз өзімізді өзіміз өзгерте алмайтын болсақ, әлемді дұрыстауымыз қиын» деді белсенді дүниежүзілік форумда.
Жалпы, жасөспірім белсенділер мен көшбасшылар үшін XXI ғасыр үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұрынғы консервативті саяси ғылымға қарағанда, қазіргі қоғамдық жұмыстар барынша либералданған. Әйел теңдігі, өзге дін мен ұлт немесе нәсіл өкілдері үшін қазіргі өркениетті мемлекеттер өз өкілдерін саяси аренаға шығаруға жол ашып отыр. Яғни, алысқа бармай-ақ өткен ғасырдағы қазақ қоғамын алып қарайтын болсақ, әйел теңдігі өз деңгейінде мемлекеттік мәселе болып көтерілгенімен, онымен айналысқандар ер азаматтар еді. Саясаттың либералдануы деген – осы әр топтың өз өкілінің мінберде сөз алуына мүмкіндік алуы болса керек. Ал бүгінгі Г.Тунберг пен Н.Уадлер секілді белсенділер адамзаттың ертеңі ретінде бүгінгі билікке уәждерін айтып отыр.
Популистік идея мен нақты білім
Дейтұрғанмен, саясат, бизнес және ғылым әрқашан өзара үйлесім таба бермейтіні анық. Жаһандық жылыну мәселесінде де ғылым жаһандық жылынудың зардаптары мен оның жоюшы әсерін толық дәлелдей алмады. Тіпті ғалымдардың өзі осы мәселеде әрқилы пікірде екені жасырын емес. Ал бизнес өзінің айналысатын саласына қарай әртүрлі пікірді алға тартады. Саясат өз кезегінде белсенділер мен популистердің дабылына құлақ асқан болып көрінгенімен, іс жүзінде бизнестің ықпалынан шыға алмай отыр.
Дәстүрлі көмірқышқыл энергия көздерімен қатар, атом энергетикасы, жел мен күн секілді баламалы қуат көздерінің пайда болып, қуат көздерінің әртараптанған кезінде жаһандық жылынудың күн тәртібінде бірінші орынға шығуы заңды. Дей тұрғанмен, мәселенің сырттай қарағандағыдай оп-оңай емес екені анық. Осы орайда АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучиннің Г.Тунбергке алдымен экономика курсын өтіп, содан кейін ғана көмірқышқыл отыннан бас тарту туралы насихат жасауды ұсынғаны ойға оралады. «Ол (Г.Тунберг) колледжде экономика курсын оқып алсын, содан кейін ғана бізге кеңес берсін» деді С.Мнучин. «Менің алғашқы көлігім Тесла болды. Маған бұл көлік ұнайды. Бірақ электрлі көліктердің өзі электр қуатын қайдан алатыны туралы ешкім ойлана бермейді», дейді министр. Оның айтуынша, қоршаған орта мәселесі тым күрделі. Ал жаһандық жылыну мәселесінде бірбеткейлігімен танылған АҚШ президенті Дональд Трамп Давос форумында Г.Тунбергтің өзін айыптады. «Бұл алармистер әрдайым абсолютті билікті қалайды. Өміріміздің барлық аспектілерін билеп, өзгертіп, бақылағысы келеді. Біз ақырзаманды болжаушы «пайғамбарларды» тыңдамауымыз керек. Қазір пессимизмнің уақыты емес, оптимизм уақыты», дей келіп, әлем бойынша орман алқабын көбейтуге арналған халықаралық «Бір триллион ағаш» бастамасына АҚШ-тың қосылатынын мәлімдеді.
Көмірқышқылдан бас тартуға қанша қаржы керек?
Проблеманы айту бар да, оны шешу жолын ұсыну бар. Экобелсенділер мен «жасылдардың» көмірқышқылдан біртіндеп бас тарту, баламалы қуат көздерін дамыту туралы популистік бастамалары неше жерден халықтың көңіліне қонымды болғанымен, экономикалық тұрғыда мұның қаншалықты мүмкін екенін осы саланың мамандарынан басқа қалың көпшілік көп ойламайтыны анық. Инвесторлар мен қаржыгерлер көмірқышқылдан бас тарта ортырып, жаһандық экономиканы әлсіретпей ұстап қалу мүмкін екенін мойындайды. Бірақ Ағылшын банкінің есептеуінше, әлем бойынша энергетика саласына алдағы он жылда кемі 90 трлн АҚШ доллары инвестициялануы керек. Салыстыру үшін айта кетейік, қазір әлемдік ІЖӨ көлемі – 80 трлн доллар. Оның өзінде бұл қаражаттың жартысына жуығы дәстүрлі энергия көздерімен айналысатын компанияларға тиесілі болуы мүмкін.
Пенсильвания университеті Ядролық энергетика бойынша PhD докторанты Мақсат Қуатбектің айтуынша, дәстүрлі көмірқышқылды энергетикадан біржола бас тартуға әлем әлі дайын емес. Еуропалық одақ елдерінің өзінде 2018 жылғы дерек бойынша тұтынылатын жалпы энергияның 18 пайызы ғана жаңғырмалы энергия көздеріне тиесілі болған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 20 пайызға жетеді деп жоспарланған. Әлем бойынша, Климат және энергетика шешімдері орталығының өткен жылғы дерегіне сүйенсек, жаһан бойынша тұтынылатын қуаттың 79,7 пайызы көмірқышқыл энергия көздеріне тиесілі екен. Тек 10,6 пайызы ғана жаңғырмалы қуаты көздерінің еншісінде. Дәстүрлі биомасса мен ядролық энергияның үлесі тиісінше 7,5 және 2,2 пайыз.
Ал әлем бойынша негізгі қуат көздері дамушы елдерден өндірілетінін ескерсек, адамзаттың көмірқышқылдан жақын арада құтылатыны байқалмайды. Екіншіден, баламалы қуат көздерінің өндірісі оңай болғанымен, оны тұтыну жағынан бірқатар проблема бар. Біріншіден, оның көлемі жаппай өндіріске жетпейтіндігі. Баламалы қуат көздері негізінен үй шаруашылығына ғана жарамды. Екіншіден, мәселен, күн энергиясын ұзақ уақыт бойы сақтау әдісін әлі күнге ешкім ойлап тапқан жоқ. Әзірге күннен алынған энергияны дереу күндіз тұтыну керек. Түнге дейін энергияны сақтау қиын. Ал ядролық энергетикаға келер болсақ, энергияның бұл түрі ең сыйымды және жаппай өндіріске пайдалануға мүмкіндік бар, теория жүзінде және салыстырмалы түрде арзан. Дегенмен, қауіпсіздік жағы шешілмеген. Сондықтан, сарапшылардың пікірінше, экобелсенділер мен «жасылдардың» жалпы ұстанымы дұрыс болғанымен, олардың өздерінің де бұл мәселеде нақты жоспарлары жоқ.