– Білесіз бе, менің кейіпкерлерім мынау аппақ орманда өмір сүреді, – деді ол кешегі жауған қалың қарға көміліп, мүлгіп қалған ағаштарға қарап.
Оның күлімдеген көзіндегі қуаныш ұшқыны тап осы сәтте айналаны нұрға бөлеп жібергендей болды.
– Иә, – дедім мен басымды шұлғып. – Сіз бір тамаша ертегі жазатын сияқтысыз.
Ол ойланып қалды. Үстіндегі үлпілдеген ақ тоны қасы-көзі қиылған сұлу бойжеткенді, расында да, таң-тамаша ертегі әлемінен шығып келе жатқан ханшайым секілді елестетеді.
– Жоқ, – деді ол кенет басын паңдана шайқап. – Мен кәдімгі сыншыл реализм бағытындағы шығарма жазбақпын.
– Оу, – дедім мен оның паңдана қалған кейпін ұнатыңқырамай. – Егер сіздің сюжетіңіз мынау орманмен ғана шектелетін болса, онда ана-а-ау қаланың шындығынан шет қалмай ма?..
– Неге? – деді ол таңғалғандай қасын керіп. – Мен олардан ашық аспанның, аппақ қардың, саф таза ауаның бірте-бірте жылыстап, тау бөктеріне қашып тығылғанын айтпақпын. Енді түсіндіңіз бе? Одан өткір қандай сын, қандай шындық болуы мүмкін?..
Алатаудың етегіндегі тұнық табиғатты алғаш рет көріп тұрғандай айналаға таңдана қарадым. Ойым тазарып, санам сергіп, өзімді өзім құстай жеңіл сезіне бастағандаймын.
– Біз банктен несие алу үшін емес, мынау дүниеден ләззат алу үшін келдік емес пе! – деді ол шаттанып.
– Солайы... солай-ау!.. – деп күмілжідім мен жақында ғана несиеге алған жаңа машинама жалтақтай қарап... – Бірақ мына тіршіліктің қарама-қайшылығы көп.
– Жо-жоқ, – деді ол ақ көрпеге оранған биік ағаштың бір бұтағын сілкіп қалып. – Оны ешкім түсіне алмайтындай қым-қиғаш, қарама-қайшы етіп жіберген өзіміз...
Осы сәтте ағаштың ұшар басынан сау етіп төгілген ақ ұлпа оны көмді де қалды.