Қоғам • 31 Қаңтар, 2020

Ата кәсіптен неге қашады?

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің қазақ әлмисақтан байлықты малмен өлшегені мәлім. Оны бата-тілек, мақал-мәтел, жыр-дастандарға қарап-ақ аңғаруға болады.

Ата кәсіптен неге қашады?

Көне дәуірден сыр шертетін Алпамыс батыр жыры да:

«...Байбөрі деген бай бопты,

Төрт түлігі сай бопты,

Тоқсан мың екен қарасы,

Сексен мың екен маясы,

Шұрқырап жатқан бір жылқы,

Тоғай сайын мың жылқы,

Есебі жоқ көп жылқы...» деп басталмау­шы ма еді.

Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдан сән кетті, аграрлық сектор әбден құлдырады. Сол құлдырағаннан әлі күнге еңсесін тіктей алмай келеді. Кейінгі жылдары мемлекет басшылығы тарапынан аграрлық сектор ел экономикасының драйвері болу керек деген міндет алға қойылды. Агроөнеркәсіп кешенінің еңбек өнімділігін және өңделген өнімнің экспортын 2 жарым есе ұлғайту межеленіп, саланы дамытуға бағытталған бағдарламалар қабылданды. Алайда биік мінберлерден асқақ ұрандар айтылып, түрлі жоспар түзілгенімен, халықтың ауылдан да, ауылшаруашылық саласынан да алшақтау үдерісі толастайтын емес. Мәселен, жуырда Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық аясында ауылшаруашылық саласының өкілдерімен кездескен-ді. Сол кездесуде «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков аграрлық сала бойынша білім алып шыққан мамандардың көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін айтты. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған 10 мың түлектің 70-і ғана аграрлық салада жұмыс істейтінін жеткізді.

Бірнеше жыл бұрын қолға алынған «Серпін» бағдарламасының да салаға серпін бергені шамалы. Оңтүстік өңірлерден солтүстік және орталық өңірлерге тегін білім алуға барған жастар дипломы қолына тигеннен кейін келген жағына кетіп қалуға бейіл. Былтыр Ақмола облысындағы 7 колледжді тәмамдаған 42 түлектің 17-сі ғана аймақтағы түрлі ұжымдарда жұмыс істеп жүр, қалғаны өскен өңірлеріне кетіпті.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар республика бойынша ең аз еңбекақы алады. Экономика салаларының ішіндегі ең төменгі деңгей аграрлық секторға тиесілі. Айлығы дәрігерлер мен мұғалімдердікінен де төмен. Университет бітірген түлектердің ауылға, аграрлық секторға бармайтыны соған байланысты. Екіншіден, ауылдағы тұрмыс деңгейі қалалық жермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Үшіншіден, аграрлық мамандықтарға оқуға түсу үшін ҰБТ-да жинайтын балл басқа мамандықтардан аз болғандықтан, оған негізінен қаланың балалары түседі. Олар грантта оқиды, ветеринар немесе агрономның дипломын алып шығады да, бәрібір ауылға бармайды, қалада қалады. Сөйтіп, бір ЖОО-ны бітіргеннен кейін екінші ЖОО-ға түсіп, екі жыл оқып тағы бір мамандық алып шыға келеді. Аграрлық мамандық бойынша білім алған жастардың ауылға бармауының негізгі 3 себебі осы, – дейді Төлеутай Рақымбеков.

2019 жылы еліміздегі орташа еңбекақы көлемі 169 мың теңгеге жуықтаған болатын. Ranking.kz-тің дерегіне сүйенсек, салалық құрылымдар бойынша айтсақ, ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде екен – 481 мың теңге. Бұл саладағылар орташа республикалық дең­гей­­ден 3 еседей көп айлық алады. Ақпарат және байланыс саласындағы орташа жала­қы 249 мың теңгеге жуықтайды. Ал рес­пуб­лика бойынша ең төменгі еңбекақы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласына тиесілі. Орташа айлық 2019 жылдың ІІІ тоқсанындағы дерек бойынша 127 мың теңге шамасында. Бұл цифрдың өзі күмәнділеу. Себебі Статистика комитеті 2018 жылы бұл көрсеткіш 88 мың теңге деп хабарлаған болатын.

Айта берсек, ауылдың мұңы аз емес. Жалақының аздығын айтпағанда, ауыз су тартылмаған, байланыс жоқ, жол мен балабақша салынбаған ауылдар бар. «Сананы тұрмыс билейтін» қоғамда халықтың ата кәсіптен бас тартып, ауылдан кетіп жатқанына түсіністікпен қарауға тура келеді.