Аймақтар • 31 Қаңтар, 2020

Жас педагогтерге қолдау көп

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Педагог мәртбесі туралы» заң педагог мамандар үшін қандай мүмкіндіктер береді? Алдағы уақытта елімізде білім сапасы арта ма, жергілікті жерлерде жаңа мектептер салынып, материалдық базасы жақсара ма? Ал интернетсіз отырған ауыл-аймақтарға білім саласындағы жаңалықтар қалай жетеді?

Жас педагогтерге қолдау көп

Салада қордаланған көп сауалға орай Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінде бола­шақ педагог мамандармен өткен кез­де­­суде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жауап берді. Бү­гінде елімізде педагог мамандарды даяр­лайтын 85 жоғары оқу орны бар десек, олардың саны емес, сапасына алаңдаушылығын білдірген министр қазіргі кезде талапқа сай келмейтін оқу орындары анықталып, арнайы тексеруден өтіп жатқанына тоқталды. Сапасыз білім беретін оқу орындарының көпті­гі­нен елімізде 2016 жылдан бергі ара­лық­та енгізілген жаңашылдықтан бейхабар мамандардың тәрбиеленіп шыққанына қынжылысын білдірген министр, жаңа заң аясында педагог мамандардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлармен қатар талаптың да күшейетінін жеткізді. Осыған орай жоғары оқу орындары да оқыту бағ­дар­ламаларын жаңартуы тиіс.

Ал биылдан бастап педагог ма­ман­­дығына баратын түлектер үшін шекті балл 70-ті құрайтын болады. Сонымен қатар 2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орнының дипломы енгізілетін болады. Жұмыс берушілер жас маманның біліктілігін, білім сапасын осы дипломға қарап таңдайды. Мұндай талаптар жоғары оқу орындары үшін білім сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз, дейді министр. Ал жас педагог ұлттық бағалау тес­ті­нен өтіп, педагог-модератор серти­фи­катын алмайынша, мектептерге жі­берілмейді. Әрі қарай педагог-мо­дератор сертификатын алған жас ма­манның еңбекақысына үстемеақы тө­ленеді. Мұндай үстемеақы, яғни 25 мың теңге көлемінде мектептерге магистрлерді тарту мақсатында да қарастырылып отыр. Мектепке келген жас мұғалімнің тәлімгеріне бір жылғы еңбегі үшін ай сайын 17500 теңге көлемінде үстемеақы төленеді. Эко­номикалық көрсеткіштерге байла­ныс­ты төлем барысы жыл сайын өзгеріп оты­рады.

Жаңа мүмкіндіктер жайынан ха­бардар етіп, жас педагогтерді ұла­ғат­­ты ұрпақ тәрбиелеу ісіне ша­қыр­­ған министр А.Аймағамбетов қа­зір­гі кезде респуб­ликада 1-10 сы­нып­та­ры жаңартылған оқу бағ­дар­ла­­ма­сы­на көшсе, ағымдағы жылдың қыр­­күйе­гі­нен бастап 11-сыныптар да қо­­сылады деп атап өтті.

 

АЛМАТЫ