Руханият • 31 Қаңтар, 2020

Ғалым Намазалы Омашұлының 70 жасқа толуына орай елордада ғылыми конференция өтті

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылым докторы, Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, халықаралық ORBICOM ұйымының мүшесі, UNESCO профессоры, теоретик ғалым, публицист Намазалы Омашұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Еліміздің медиакеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ғалым Намазалы Омашұлының 70 жасқа толуына орай елордада ғылыми конференция өтті

Конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Думанұлы, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен профессорлар, қаламгерлер мен танымал журналистер, республикалық БАҚ басшылары арнайы құттықтап, баяндама жасады.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашып, жүргізіп отырды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ресми қолдау білдірген конференция аясында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бекқожин және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаев, тағы басқа да тілеулес жандардың ыстық лебізге толы құттықтаулары оқылды. Ақындар Несіпбек Айтұлы мен Бауыржан Жақып жырдан шашу шашса, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубеков пен ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ шәкірттері мен ұжымдары атынан естелік сыйлықтарын тапсырды.

1

 

Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман «Бірегей (тұлғатану орайында)», Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры (Қырғызстан) Әбіғаны Халилов «Қазақ және қырғыз журналистика ғылымының жетекшісі», Халықаралық ақпараттық-технологиялар университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов «Журналистика ғылымының мектебі және Н.Омашұлы еңбегі», филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Ақылы мен қайратын қатар ұстап», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек «Берік ұстаным мен терең парасат» тақырыбында арнайы баяндама жасады.

1

Мерейтой иесіне арналған шара аясында «Профессор Н. Омашұлы» деректі фильмі көрсетіліп, ғалымға арналған кітаптың («Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген) тұсаускесері өткізілді. Сонымен бірге университеттің «Күлтегін» атриумында мерейтой иесі еңбектерінің арнайы көрмесі ұйымдастырылды.

3

Жиынға қатысушылар түс ауа «Қазіргі қазақ журналистикасы және заманауи үрдістер», «Қазақстан медиакеңістігіндегі заманауи бағдарлар» және «Отандық журналистика: жаңа қағидаттар мен өлшемдер» тақырыбы бойынша үш секцияға бөлініп, конференция жұмысын одан әрі жалғастырды.