Руханият • 01 Ақпан, 2020

БҚО-да майдан батырларына құрмет көрсету акциясы басталды

767 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 1 ақпанда «Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз!» акциясы басталды. Акцияның мәнісі – 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 75 жылдығына орай майдан батырларына, соғыс құрбандарына құрмет көрсету.

БҚО-да майдан батырларына құрмет көрсету акциясы басталды

Акцияға әскери бөлімдер, ардагерлер ұйымдары, орта білім беретін мектептер оқушылары, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, студент жастар, қоғамдық және басқа да ұйым өкілдері қатысады. Сөйтіп, студенттер, оқушылар осы жылдың соңына – 31 желтоқсанға дейін күн сайын сағат 12.00-де Орал қаласында орналасқан ескерткіштерге гүл шоғын қойып, батырлар рухына тағзым етеді.

Орал қаласында Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған 5 ескерткіш бар екен. Олардың алғашқысы – 1942-1943 жылдары ұрыс даласында жарақат алып, Орал қаласындағы әскери госпитальда қаза болған Сталинград қорғаушыларының бауырластар зираты. Ол жерде 132 майдангер-сарбаз жерленген.

Екіншісі – қазақтың батыр қыздарына арналған еңселі ескерткіш. Бұрын бұл жерде Мәншүк Мәметованың жеке-дара мыс тұлғасы тұратын. Соғыс ардагерлерінің, жергілікті халықтың сұрауы бойынша 2017 жылы бұл жерге қазақтың үш батыр қызы, Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылды.

Бұдан бөлек, Орал қаласындағы әскери бөлім алдында Совет Одағының маршалы Георгий Жуковтың ескерткіші 1992 жылы орнатылған. 1945 жылы әйгілі Жеңіс парадын қабылдап алған әскери қолбасшының еңбегі мен қызметіне бүгінде көзқарас әртүрлі болғанымен, Орал қаласында жеңіс тақырыбына арналған шаралар Жуковтың ескерткішін айналып өтпейді. Бір қызығы, Георгий Жуковтың Орал қаласына да қатысы бар: 1919 жылы Азамат соғысы кезінде болашақ қолбасшы Мәскеу кавалериялық дивизиясының құрамында дәл осы Орал казактарымен болған бірнеше ұрысқа қатысып, ерлік көрсеткен.

Ұлы Отан соғысының тағы бір қаһарманы – Совет Одағының батыры Темір Масин ескерткіші. 1944 жылы 1 шілдеде Могилев-Минск тас жолын жаудан қорғаудағы ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алған капитан Темір Масин соғыстан кейін Тайпақ аудандық партия комитетінің 2-ші хатшысы қызметін атқарып жүріп, 1947 жылы жазда дала өртінде алған күйік жарақатынан қаза тапқан. Бүгінде Орал қаласындағы өзі аттас көше бойында жерленген батырдың қабірінде бюст орнатылған.

Әрине, майдан даласында қаза тапқан ақжайықтықтарға арналған ең үлкен, кешенді ескерткіш – Жеңіс алаңы, Мәңгілік алау екені сөзсіз. Майдан даласынан қайтпай қалған боздақтардың тізімі жазылған тас тақталар орнатылған бұл жерде жыл сайын жеңіс шеруі, ант қабылдау, басқа да әскери-патриоттық шаралар өтеді.

- Міне, осы аталған бес ескерткіш алдында енді күн сайын тірі гүл – қалампыр қойылады. Орал қаласындағы барлық ЖОО, колледж-лицейлер және 51 орта мектеп оқушылары осы ескерткіштерді шефтік қамқорлығына алып, күн сайын кезекпен гүл шоғын қойып тұрады. Бұл акция 2020 жылдың соңғы күніне дейін жалғасады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов.

Біз бүгін «Үш батыр қыз» ескерткіш-композициясына гүл шоғын қою салтанатына арнайы қатыстық. Бұл кешенді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті қамқорлыққа алыпты. Университет проректоры Ақылбек Сұлтанов «Екінші дүниежүзілік соғыстың негізгі ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ҰОС сарбаздарына мәңгі құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың асыл міндеті» екенін айтса, БҚАТУ-дың 4 курс студенті, студенттік өзін өзі басқару ұйымының мүшесі Марат Мағжан «әр батырдың ерлігі мен елдігі өшпеуіне біз кепілміз» деді. Жасы 95-тен асса да бойын тік ұстаған соғыс ардагері Вениамин Скаленко «қан майданда халықты жеңіске жетелеген – достық, татулық» екенін айтып, елді татулыққа, бірлікке шақырды.

Үш батыр қыздың ескерткішіне гүл қою рәсімінен кейін Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімі – «Ұлттық ұлан» сарбаздары және БҚАТУ-дың әскери кафедра курсанттары алаңнан сап түзеп, шеру жасап өтті.

Дәл осындай шаралар жоғарыда аталған ескерткіштердің бәрінде де ұйымдастырылды.

 

Батыс Қазақстан