– Сөйле, Мұхтар Мағауин!
Қарашаның ызғары –
нұры тайған қарашық.
Кісінеп тұр бесті айғыр үйірінен адасып.
Қара қобыз сарыны мұхиттарға жанасып,
Алты қырың беріде.
бес құрылықтан әрі асып...
Азынаса қу тақтай жүрекке ұғар тіл берді,
Шыңғыс ханның құйқасы шымыр етіп үлгерді...
... Армандының арманын замандардан зарлатып –
Жалған күннің жалғанын Сізден өзге кім көрді?!
Тоғыз қанат ақ орда қоңыр салқын деп қалдым,
Қарашаның ызғары қай жағымнан кеп қалдың?..
Ішігіңіз ағатай,
Хандар киер бұлғыннан –
Көк мұзда да жауратпас ақ қарында ақпанның.
Алмас қылыш жарқ етсе,
қолыңда алтын балдағы,
қаламыңның ұшында арыстардың арманы.
... Көк бөрінің терісі сыпырылып тірідей
Қара қайыс қолдағы –
Енді бізге қалғаны.
Баянсыз боп байтақтың тарқағанда базары,
аңнан,
әлде адамнан Жошы ханның ажалы?..
... Кет – Бұғадай күн кештің,
ғасырлармен үндестің –
қара қобыз зар құсса,
қылы, шегі назалы.
«– Теңіз бастан бұлғанса, кім тұндырар, ағасы,
Терек түптен жығылса, кім тұрғызар, ағасы.»
... Қамқа тонның жағасы,
артып туған бағасы –
Сіз, не дейсіз, ағасы –
екі дүние арасы...
Бұл заманның кім білсін ұлысы кім, ірісі,
түнек болып кетеді түп іздесең түн іші.
... Қобыз алсаң қолыңа еміс-еміс естілер –
Айрылысқан аққудың шерге толы дыбысы ...
Қара қобыз сарнаса
зарын тыңдап үлгерем,
Бұлт астында булығып жарқ ететін күн көрем.
... Тәбияға жаратқан күпшек санды күреңім –
Қасқа айғырдың үйірі болмайды екен кіл берен.
Сарынына қоса ма,
Шыңғыстауды,
Семейді,
Үзік-үзік бір елес қолтығымнан демейді.
асылдардың өлеңі,
ғасырлардың бедері –
Қара қобыз не деді,
Қара қобыз не дейді?!
– Сөйле, Мұхтар Мағауин!
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ