Үкімет • 03 Ақпан, 2020

Күрделі жөндеуге 30 миллиард теңге бөлінді

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының негізгі нормаларын түсіндіруге арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Күрделі жөндеуге 30 миллиард теңге бөлінді

 

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев атал­ған заң тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы саласын реформалауға, оның ішін­де көптеген нормалары же­тіл­діру­ді қа­жет ететін «Тұрғын үй қатынас­тары туралы» заңын жетілдіруге бағытталғанын атап өтті.

«Заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша «мүлік иелерінің бірлестігі» коммер­ция­лық емес ұйымының жаңа нысанын құру жолымен басқару органдарының қызметін реттеу. Өздеріңіз білетіндей, елімізде Тұр­ғын үй коммуналдық шаруа­шылығы мәселелері бойынша заң қабылданып, тиісті нормалар күшіне енгелі жатыр. ТҮКШ дегенде ең алдымен, ПИК жұмыстарына қатысты шағым­дар өте көп болатын. Себебі ПИК жұмысты бастан аяқ өзі атқарады. Яғни, ПИК ат­қа­рылған жұмысқа өзі баға бе­ріп, жиналған ақшаға сай тиісті төлемдерді жүргізіп отыратын. Сол себепті мүлік иесі мен қыз­мет көрсететін компанияның құқы­ғының ара жігін ажыратып алу керек болды. Тұрғындар өзіне қызмет көрсететін компанияның жұмысына пікірін білдіре алады. Осыған байланысты әр үйдің өз шоты болу керек деген шешімге келдік. Яғни, мұндағы жүйе «Бір үй – бір бірлестік – бір шот» бо­йынша құралады. Әрбір мүліктің меншік иелері бірлестігі немесе жай серіктестік өздерінің ағымдағы және жинақ шот­тарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен та­рифтерді тұрғындарға күштеп таңуды жоюға мүмкіндік береді және тұрғындардың қаражатын ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді», деді Қ.Өскенбаев.

Сонымен қатар ол аталған заң кондоминиум объектісін тіркеуді жеңілдететінін айтты.

«Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісі ретінде тіркелуінің төмен­дігі әртүрлі себептер бо­йын­ша байқалады: тіркеу про­це­дураларының қиындығы, үйге қажетті құжаттардың болмауы (техникалық паспорт, жер учаске­леріне актілер және басқалары). Қолданыстағы 78 мың көппәтерлі тұрғын үйдің тек 21 мыңы ғана (немесе 27 пайызы) кондоминиум объектісі ретінде тіркелген. Аза­мат­тар­­ға жайлы жағдайлар жасау мақ­сатында қолданыстағы көп­пәтерлі тұрғын үйлердің кон­­до­миниум объектісінің ортақ мүл­кін анықтай отырып, мем­­­лекет­тік техникалық бай­қауын қам­­тамасыз ету, мем­лекет­­­тік тіркеуге құжат­тарды қалып­тас­тыру және ұсыну бойынша міндеттемелер жергілікті атқару­шы органдарға жүктелді және жергілікті бюджет қаража­ты есебінен жүзеге асатын болады. Тіркеу процедурасы максимальды жеңілдетіліп, өті­ніш екі меншік иесінен беріледі, мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқартылып, объектілерді тір­кеу процесін автоматтандыру қарастырылған және құқық бел­гілеуші құжаттардың нотариалды көшірмесін ұсыну алынып тасталды», деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі.

Спикерлердің айтуынша, заң бойынша тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмысының тәр­тібіне де жаңа нормалар ен­гізілді. Біріншіден, бұл бағыт­та алдағы екі жыл үшін респуб­ли­калық бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар шұғыл күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлер бо­йын­ша жобалық-сметалық құ­жат­тамаларды әзірлеуі керек. Осыдан кейін аталған үй­лер­дің тұрғындарымен келісім жаса­лады. Айта кететін жайт, тұр­ғын үй коммуналдық шаруа­шылығы мәселелері бойынша заң қабылданып қойған. Алда­ғы екі айдың ішінде тиісті жұ­мыс­тар­дың бәрі үйлестіріліп, наурыз айынан бастап осы заң тәртібі бойынша тиісті жұмыс бас­талады.