Ал Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деп жазған еді.
Қ.К.Тоқаевтың да, Н.Ә.Назарбаевтың да мемлекет басқарудағы үндестігі, ұлтымыздың екі ірі саясаткерінің рухани-мәдени салада да бір көзқараста екендігі қуантады.
Қ.К.Тоқаев «...тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өрісін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн», деп тұжырымдайды. Иә, ұлы Абайды тану бірден қалыптаса қойған жоқ. Оны тану қиын, қатпарлы жолдан өтті. Ұлы ақын, дана, ойшыл мұрасын тану жолындағы тайталас күні кешеге дейін жалғасты. Тәуелсіздік әкелген рухани жаңғыру ғана Абай мұрасына жаңа көзқарас, ұлттық код, ұлттық құндылықтар тұрғысынан кеңінен тануға мүмкіндік ашты.
Хакім Абай қара сөздері – өмірді көріп, соның жақсылығы мен жаманын, қуанышы мен қайғысын, табиғат пен жан үйлесімділігінен шындық пен болашаққа жол іздеген адамның болмысы, жан күйзелісі, сенімі мен сезімі.
Уақыт өткен сайын, қоғамдық құрылыс өзгерген сайын Абай іліміне деген көзқарас та өзгеріп отырған. Өйткені әр ұрпақ, әр заман адамдары хакім Абай ілімімен сусындайды, керегін табады.
Әрине Абай қара сөздері 1905, 1907 және 1910 жылдардағы Мүрсейіт қолжазбалары бойынша екшеліп, сарапталып жарияланып келеді.
Қара сөздер жинақталып, іріктеліп бір ізге түсіріліп, алғаш рет 1933 жылы жарияланған ақын кітабына енді. Ал 1957, 1977, 1995 жылғы Абай кітаптарының жинақтарында қара сөздердегі өзгерістер арнайы түсініктемелер арқылы берілді. Осылай хакім Абай қара сөздері ғылыми негізде қайта екшеліп, өз оқырманымен қауышты.
2007 жылы Абай қара сөздері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының күшімен қайта қаралып жарияланды. Жалпы, редакциясын басқарған филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ысмағұлов, баспаға әзірлеген жауапты шығарушы филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлбеков болды. Міне, осы жинақ барлық басылымдарға сын көзімен қарап, бір ізге түсірілген ғылыми басылым болды.
Осы жинақтарға зер салып қарасақ, хакім Абайға деген замандық, қоғамдық көзқарас айқын көрінеді. Мысалы, 1957 жылғы берілген түсініктемеге назар аударалық:
«Қара сөздер тақырып жағынан ақынның өлеңдерімен ұштасып жатады... Абайдың қоғам өміріне, жалпы дүниеге көзқарасы әр жақты кең қамтылып отырады. Ақынның дүниетануындағы, саяси-әлеуметтік көзқарасындағы қайшылықтар қара сөздерінде айқынырақ көрінеді. Материалистік ой-пікірлер мен дінге сенушілік, демократтық идеялар мен ескі патриархалды-рушылдық өмірдің кейбір жақтарын дәріптеушілік қатар келіп отырады. Халық өмірінің ауыр жағдайын, қанаушылықты ашып көрсете отырып, ақын тап күресіне шақыру дәрежесіне көтеріле алмайды», [Абай. Қара сөздер. А. «Арда», 2007 ж. 80 б] – деп баға беріледі.
Әрине мұндай тұжырыммен мүлдем келісуге болмайды. Абай қазақ қоғамының барлық қайшылықты өмірін ашып көрсетті. Соның салдарынан тұралап, кенжелеп қалғанын ашық жазады.
Абайды «тап күресіне шақыру дәрежесіне көтеріле алмайды» деп айыптау сол кеңестік тоталитарлық идеологияның көрінісі. Ақынның революционер болуы шарт емес. Өмір, заман, қоғам кеселін көрсетіп берді.
Ал Абай қара сөздерінің 1977 жылғы нұсқасын жоғарыда берілген түсініктемемен салыстыралық:
«Ұлы ақын қара сөздерінде заман халі, өмір, дін, адамгершілік, келешек, өнер, білім, оқу-ағарту сияқты сан қилы мәселелер хақында өлеңдерінде өрбіткен өрісті ойларын тарата жазып, өз тебіреніс, толғанысын білдіреді. Абай қара сөздері ақынның мол білімін танытып, оның өнер өрістеріне көз жіберуге мүмкіндік береді деп сылап-сипап бағалайды».
Дегенмен, Абайды «тап күресіне шақыра алмады» деген айыптауды алып тастау Абайға деген көзқарастың эволюциялық өзгеріске ұшырағанының көрінісі еді. Өйткені бұл кезең де коммунистік идеологияның жаншу, таптау саясаты әлі де бәсеңсімеген тұсы.
Хакім Абайдың 1995 жылғы жинақта қара сөздеріне берілген ғылыми түсінікте Абайдың қазақ руханиятындағы орны, мәні мен маңызы туралы еш баға берілмейді.
«Ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған басылымға әзірлік үстінде қара сөздердің мәтіні жоғарыда аталған қолжазбалармен және ілгері басылымдармен қайтадан салыстырылды. Сөйтіп бұрынғы нұсқаларда жіберілген кейбір жаңсақтықтар түзетіліп, түпнұсқа дәлдігі қалпына келтірілді», деп қысқа қайырады.
Ғалым Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін айта отырып, Абай қара сөздерінің шығыстық, Батыс Еуропа мен орыс әдебиетінің даналық ой мәйегінен нәр алғандығына назар аударады және «Қалай болғанда да, Абайдың қара сөздерінің дүниежүзі әдебиетіндегі даналық белгісі айқын туындылар қатарында тұратынында ешқандай күмән болмауы керек деп ойлаймыз», деген бағамдау Абай қара сөздерін бағалаудағы жаңа көзқарас болды.
Ж.Ысмағұлов ақын поэзиясы мен ғақлиясын бір бірлікте қарастырады. Мұны М.Әуезовтің концепциясы негізінде өрістетеді. «Абай өзінің өлең сөздерінің көптен-көбін заманындағы оқушы мен тыңдаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көреді. Онысы анығында солай да еді. Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады», дейді Ж.Ысмағұлов.
Профессор Ж.Ысмағұлов тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылдығында Абайдың қара сөздеріне басқаша қарайды. Дін, адамгершілік, Абайды қазақтың «қаны мен дәстүріне сіңген елдік» заңды сақтамайтыны алаңдатқанына назар аударады. Абай қара сөздерін, «бойтұмар» деп бағалайды.
Иә, хакім Абай даналығы заманнан озған, уақыт пен кеңістікте жеке дара жасай беретін ілім. Ол даналық мәйегі ғылымның барлық саласын дамытуға ықпал етіп отыр. Ол гуманитарлық ғылымның – пәлсапа, тіл, әдебиет, тарих, психология, педагогика, юриспруденция ғана емес, жаратылыстану ғылымына да ықпал ете бастады. Осы тұрғыда талай ғылыми-зерттеулер жасалды, монографиялар жазылды. Олар ғылыми айналымға қосылды. Енді тәуелсіздік дәуірінде, нарықтық қатынастар аясында қазақ қоғамы тағы да хакім Абайға, ұлы ойшыл ақынның қара сөздеріне қайта орала бастады. Бұл абайтанудағы жаңа бетбұрыс, тың қадамға айналды. Осы орайда соңғы шыққан экономика ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразалы Сәбденнің зерттеулеріне Абай қара сөздері арқау болғанын атап өтер едім.
«Абай дүниетанымын тану, оны ғылыми негізде ұғыну үшін, оның ұлттық, шығыстық рухани жүйесін дүниежүзілік ой өркениетінің дамуымен байланыстыруда, қазіргі ХХІ ғасырдың цивилизациялық жаңалықтарымен ұштастыруда деп ойлаймын. Сонда ғана біздер Абай дүниетанымы болмысына ғылыми тұрғыда дендеп, қазіргі және келешек өмірге бейімдеп іске асыра аламыз. Осы еңбекте Абайдың ой өркениетін ізгілендіру қоғамын құруға пайдалану әрекеттері жасалған», дейді О.Сәбден.
Оразалы Сәбден Абай қара сөздерін өз ойына нысана етіп алып отырады. Мәселен, Абайдың он бірінші қара сөзінде «Ұрыны тыюға да болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?» деп жазған ғой. Осыны тілге тиек ете отырып Қазақстанның тек шикізат сатумен айналысқанына дәйектер келтіріп, бұл мәселені саясат деңгейінде қарастырады.
Болгар ғалымы Д.Иванов, Абайдың қара сөздерін Аврелий Августанның 400 жылы жазылған «Исповеді», Адам Смиттің XVIII ғасырда жазылған «Теория нравстенных чувств» еңбектерімен үндестікте қарастырады. Ол Мұхтар Әуезов айтқан «Абай – всевидящее око», «Абай – отзывчивое сердце», «Абай – мудрость народа» деген сөздеріне бас иеді. Яғни, М.Әуезов бағалағандай, Абай қара сөздерін адамзат ілімі ретінде қабылдайды. Тіпті Д.Иванов Абай қара сөздерін Інжілмен теңестіреді.
«Библия казахского народа или точнее, народов Центральной Азии, как мы можем назвать эту книгу, «была создана автором в конце его жизни», дейді ғалым.
Иә, мұндай теңеу ұлт үшін мақтаныш. Жүздеген, миллиондаған адам тәу ететін Библияға теңеу Абай ілімінің таусылмас қазына екенінің белгісі.
Франциялық әдебиетшілер Альбер және Мадлен Фишерлер Абайдың жиырма бесінші қара сөзіндегі «өзге ұлттардың рухани жәдігерлерін білген адам төмендемейді, қайта олармен теңеседі» деген лұғатты сөзі ешқашан ескірмейді деп есептейді.
Жоселин Перар, Маривони Перро деген франциялық ғалымдар «Абай қара сөздері өмір сүру философиясы», деп бағалайды. Керемет тұжырым. Яғни, «бұл ілім, оны зерттей беру керек, зерделей білу керек». Осы елдің тағы бір әдебиетші ғалымы Шанталь Лемерсе Келкежет Абай поэзиясы мен қара сөздерін оқи келе оны «ағартушы модернист» деп бағалайды. Ол Батыста да, Шығыста да, өз халқының ғажап философиялық мұраларын игерген энциклопедист тұлға, ойшыл.
Чех қаламгері, әдебиетшісі А.Костан «Абай – бүкіл халықтың ұлы» деп жазады.
Абайдың он төртінші қара сөзіне назар аударып көрелік. «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені» (сонда). Абай осындай адами қасиеттерді адам бойынан іздейді және оны адамның жан дүниесімен бірлестікте қарастырады. Мұны адамның жан-жануарлардан артықшылық қасиетін тілмен бірлестікте қарастырады. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады», деп ой түйеді Абай. Сонда жүрек деп отырғаны Абайдың тек қана кеудедегі соғып тұрған жүрек пе?! Жоқ. Әрине, Абай үшін жүрек ақыл, ой-санамен бірлік. Ал «амал» деп отырғаны – болмыс. Өмірдің, жағдайдың күйін күйттеп, өз ойы жоқ, өз тоқтамы жоқ топпен бірге адасуға бейім адамдарға тән. Жаман мен жақсының парқын білетін адамдар көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге пайым табу ерлік пен батырлыққа пара-пар. Ал олай болмай бұра тартып, әділеттілікке жүгінбеу бір бөлек. Абай ұғымында олар жүректі адам емес, «қасқыр жүректі» деген ұғымға саяды.
Осы ұғымдарды Абай қазақы болмыспен, қазақы мінез-құлықпен шендестіре қарайды.
Білім – адамтану ілімі. Он тоғызыншы қара сөзіне назар аударалық:
«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады».
Демек, Абайша тоқтам былай: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Бұдан қандай пәлсапалық ой түюге болады? Адам жақсыны көрсе, соған ұқсауға тырысуы қажет. Оны бойына сіңіріп, өміріне серік етсе ол адам қор болмайды. Жаманнан қашып, жақсылыққа жол тапса, соны «адам десе болады».
Өз ұлтын өзге ұлтпен салыстырып, шендестіру – ғылыми әдіс. Мұны ұлы Абай жиырма төртінші қара сөзінде ерекше пайдаланған. Міне, Абай ілімінің мықтылығы да осында.
Жиырма үш ой тұмадан тұратын отыз жетінші сөз ғақлияның адам өміріндегі орнын айғақтайды. Әр мысалды тереңдеп қарай бастасақ талай-талай ой иірімдеріне қанығасың. Мұның бәрі адам өмірінің иманшарты секілді көрінеді. «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан көрінеді, қалайша бітіргендігінен емес». Бұл сөздің астарында не жатыр? Адам қандай да бір істі адам игілігі үшін пайдалы мақсатқа арнап бастаса, ол міндетті түрде аяқталады. Әупірімдеп бітпейді. Ал кімге болысу керек? Кісіге білімін ескеріп болысу қажет, татымсыз адамға жасалған көмек оны бұзады. Міне, осы сөздер күні бүгінге дейін өте мәнді және құнды. Өйткені жең ұшынан жалғасушылық осындайдан басталады. Абай хакім осыны меңзейді.
Абай ілімі қай заманда да қажет. Өйткені хакім Абай өмірді, қазақтың бар қасиетін зерделеген адам. Абай ұлтын шексіз сүйетін ұлы тұлға.
Хакім Абайды қазақ қоғамының бар мәселесі алаңдатады. Соның ішінде, әсіресе Абайдың қазақтың дербес мемлекет болуын аңсайтын тұстары аз емес. Ол ерекше көзге ұрып тұрмағанмен қырық бірінші қара сөзінде айқын аңғарылады. Демек, хакім Абай өз заманына да, өз қоғамына да риза емес. Бұл осы қырық бірінші сөзде нақты көрініс тапқан өзге елдермен теңесу үшін қазаққа не керек?
«... Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек». Ал өкімет, жарлық қай жерде болуы мүмкін? Әрине, жеке мемлекет болған елде болады. Сонда қоғамды өзгертуге болады. Үлкендерді тәртіпке шақырып, жас балаларды «медреселерге беріп» оқытып, қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға болады. Қыздар да қоғамның бір пайдасына жарауы керек. Оларды мұсылман ғылымына жіберсе, қоғам өзгермек. Олар өздерінің алдындағы ұрпақты алмастырар еді.
Ұлы Мұхтар Әуезов: «Жалпы алғанда, Абайдың қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзінен бөлек, бір алуаны болып қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естелік, мемуар да емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар – Абайдың өзі тапқан бір көркемсөздің түрі деп бағалап едім».
Сайып келгенде, Абай хакім қара сөздері өзінің формалық, баяндау, пайымдау, айқындау, түйіндеу жағынан алғанда қазақ халқының өмір сүру конституциясы деп білу керек. Ол қазақ халқының өркениет жолындағы рухани қазынасы, ғылыми қайнар бұлағы. Ол адамзатты толғандыратын өмір сүру ережесі. Абай – ұлттың коды мен паспорты!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері