Жылқы деген сөздің өзі жүрегіңді уылжытып жібереді. «Тегіміз – түркі, түлегіміз – жылқы» деп өскен елміз. Ықылым заманнан бері жылқы малы ұлтымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті мен өміршең өнерінің бір бөлігіне айналып кеткені қашан? Ертеректе атам қазақ байлығын жылқысының санымен бағалаған. Күнделікті тұрмыста дүниенің өлшемі де осы жылқыға байланысты болған. Айталық, қалың малдан бастап адамның құнына дейін.
Бүгінде сан ғасыр бойы игілігін көріп келген жылқы баласының тұқымы азып бара жатса да селт етер емеспіз. Мәселен, облыста қазір 180 мыңға жуық жылқы бар. Бірақ тұқымы жұқалап айтқанда, азып барады. Құнанның тұрқы тайдай, тайың жабағыдай. Себеп, үйірге түсер айғыр жоқ.
– Қазір жеке шаруа айғыр ұстағысы келмейді, – дейді Бұланды ауданының тұрғыны Мамырбек Есілтай, – өзіңіз есептеп қараңыз, менің екі-үш бием бар екен дейік. Екі-үш биеге арқыратып айғыр ұстамаймын ғой. Одан бие ұстаған әлдеқайда тиімді. Айғыр құлындамайды, биеден жыл сайын төлін аласың, қысы-жазы жегіп, көлік ретінде пайдалануға болады. Ал, ортақ табынға қосу үшін тұрқы келіскен, тұқымы жақсы айғырды таба алмайсың. Тапқан күннің өзінде бір айғырдың құны миллион теңгеден асып жығылады. Сатып алуға бір үйдің шамасы жетпейді. Демек, ауыл болып ортақ ақша жинап қосылу керек. Оның өзінде де жалғыз айғыр аздық етеді.
Қазір жүзге жуық үй түтін түтетіп отырған біздің ауылдың жылқы үйірінде 200-ден астам бие бар. Бұрын жылқы үйірінде шамамен он екі-ақ бас бие болған. Енді 300 бас биеге қанша айғырдың керек екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Мемлекет тарапынан қара малдың тұқымын жақсартуға қаншалықты қарекет жасалып жатқанымен, жылқы малының тұқымын жақсартайықшы деп тұрған кісіні көрмеппін.
Осы тақырыпты індете зерттедік. Шынымен асыл тұқымды айғырды табу қиямет екен. Ерейментау ауданында «Жайтапов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ғана үйірге салар айғыр сатылады екен. Кез келген малсақ жанға шылбырынан ұстатпайтын мұғалжар тұқымы. Шаруашылық сіңіре будандастыру арқылы Арқа даласында өсіруге әбден қолайлы жаңа тұқым шығарған. Жылына 300 басқа жуық үйірге салатын айғыр сатады. Жақсы бастама. Тек облыстағы 180 мың жылқыға аздық етеді. Бұдан басқа асыл тұқымды айғыр сататын шаруашылықты таба алмадық.
Тығырықтан шығар ендігі амал, біздіңше, мұғалжар, жабы, көшім жылқыларынан іріктеп, табиғи климаттық жағдайға байланысты айрықша ерекшелігі бар мал тұқымының қорын жасау. Бұл үшін біздің тараптан бір ұсыныс бар. Жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың, оған қоса, мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы малсақ қауымның сұранысын қанағаттандыру үшін жылқы зауытын ашу. Бұрынғы Көкшетау облысында заманында атақ-даңқы күллі одаққа тараған №47 жылқы зауыты болып еді. Өтпелі кезеңде «байтал түгіл бас қайғы» болып, жабылып қалды. Қазір мемлекет тарапынан Қамбар атаға қамқорлық жасаудың жалғыз-ақ талпынысы бар. Мәселен, үйірге салатын асыл тұқымды жылқы сатып алған шаруашылыққа мемлекет тарапынан 100 мың теңге бөлінеді. Бұл тым аз. Өйткені жоғарыда асыл тұқымды айғырдың орташа құны миллион теңгеден асып жығылатынын айттық.
Онда да етті тұқымды көбейтуге көңіл аударылса. Жыл он екі ай бойы далада еркін жайылатын жылқы еті өте сапалы. Пайдасы шаш-етектен. Ендігі арада жылқы малының бар қасиетін, тиімділігін, табыстылығын түпкілікті зерттейтін арнайы ғылыми-зерттеу институтын ашса да артықтық етпейді. Міне, сол кезде ет, қымыз өндіру тәрізді өзекті мәселелердің шешімі табылар еді. Қазір қазы-қартаны француздар, қымызды неміс, көкпарды қырғыздар иемденіп жүргенін көргенде, қазақ төл малынан толайым айырылып қалғандай өкініш өзегіңді өртейді.
Асылында, өзіндік құны ең арзан түлік осы жылқы. Мүйізді ірі қара тәрізді солтүстік өңірде алты ай бойы қолға қарап тұрмайды. Қаңтар-ақпанда тай-жабағы бір-екі ай ұсталғанымен, қысы жұмсақ жылдары тебіндеп шығады. Қазір жылқы еті қымбаттады. Бұл қаладағы тұтынушыларға қолайсыз болғанымен, ауылда мал сүмесімен күн көріп отырған ағайынға өте тиімді. Биылғы соғым маусымында Көкшетауда семіз биенің құны 600 мыңға жуықтады. Екі елі қазы байлаған құнан-байталдарыңыз 500 мың теңге төңірегінде. Елі ғана қазысы бар тай 330-340 мың теңге көлемінде. Ауылдық жерде жұмыс көзі жоқ дегенімізбен, кез келген отбасы он бие ұстаса, аузынан ақ май ағатыны шындық.
Таяуда облыстық прокуратура 1 миллион 500 мың гектар жердің игерілмей жатқанын анықтады. Әр малға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, бар-жоғы сегіз-ақ гектар жер керек екен. Рас, жер құнарына байланысты әр өңірде әртүрлі болуы әбден мүмкін. Бірақ негізінен осы. Сонда игерілмей жатқан жаңағы жерде қанша жылқы өсіруге болар еді? Егер мал басы өссе, ет өнімдері де бүгінгіден әлдеқайда арзандайды ғой.
– Жылқы тұқымын асылдандыру, шынын айтқанда, көтерілмей жүрген тақырып, – дейді Қасым Итқұсов, – бағаны сұраныс қалыптастыратыны шындық қой. Егер жылқы малының тұқымы жақсарып, басы өссе, мал баққанға да, тұтынушыға да өте пайдалы. Біздің облыстың малсақ қауымы үшін мал өнімдерін сату оншалықты қиынға соқпайды. Өйткені біз Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамту белдеуіндеміз ғой.
Төрт түліктің төресін бағып, етті молайтудан басқа бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отырған тұлпарлардың тағдыры да асыл тұқымды жылқы зауытына тәуелді. Спорттық жылқылардың генетикасын жақсартса, қазақтың қазанатының да бағы жанар еді. Құлагердің шабысын көрген елде Қамбар атаның тұқымына қамқорлық жасалып жатса, жарасымды емес пе?!
Ақмола облысы